Қолыма қалам алып, қазақ басылымдарына хат жазған сонау балалық шақтан бастап алдымнан шыққан асқар таудай ағаларым арманыма қанат бітіріп, алға жетеледі. Журналистиканың қыр-сырына қанықтырып, талпындырды. Үмітпен үкілеп, мақала жазудың мәнері мен әдебін үйретті. Университет қабырғасында оқып, санаға сіңірген теорияны тәжірибе жүзінде іске асыруда редакцияның қазанында қайнап, ақпарат айдынында еркін самғауға, нақты жазуға төселтті. Ой еңбегінің оңай еместігін сезіндік, сөйте жүріп, ұзын арқан, кең тұсауға салынбай, еңбек етуге ширатқан асыл ағалардың есім-сойлары бүгінде алтын әріппен жазылып, асқақтай айтылады.
Олардың көшбасында Жолшы Бікебаев ағамыздың тұрары хақ. Ол кісі – менің ең алғашқы редакторым. Мектептен соң ҚазМУ-ға бірден жолым түспей қалған жылдары Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетіне тілші етіп қабылдап, журналистік еңбек жолымды ашты, баулыды, баптады. Өндіре мақала жазуда ерінбей еңбектенумен қатар, сауатты болуға шыңдады. Сөйтіп сол жылдардағы жас буын Жолшы ағаның ұстаздық мектебінен тәлім алып, мейіріміне қанып өстік.
Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың 2-курсын аяқтаған соң Алматы облыстық қоғамдық-саяси «Жетісу» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп, артынша жарты жүктемемен жұмысқа қабылданған жылдары басылымның бас редакторы Баймолда Мұса ағаның да студент-жастардың қаламының ұшталып, қанатының қатаюына қосқан қамқорлығы орасан зор. Аса сабырлы мінезге бай қаламгер ағамыз журналистиканың есігін енді ашқан жас тілшілерге өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, мақала жазуда батыл, шыншыл, шапшаң болуға баулып отыратын. Кемшілігімізді көптің көзінше айтпай, оңаша шақырып, байыппен түсіндіретін қасиеті де ерекше еді. Бірде ақпарат бөліміндегі меңгеруші ағамыздың қатты айтқан сыны мен сөзіне шыдамай, «жұмыстан кетемге» бел буып, өтінішімді арқалап Баймолда ағаның алдына барғанымда: «Журналист болу сенің қолыңнан келеді, өзіңді кетеммен емес, еңбекпен көрсет», – деп сабырға шақырып, басу айтқан жақсылығы ешуақытта естен кетпейді. Сол кезде «жолың болсын» деп жібере салса, қазір қай салада жүрер едім деген ой келеді. Міне, көпті көрген ағалардың жүрек жылуы мен қамқорлығының арқасында өз жолымыздан жаңылмай, сағым жылдарды артқа қалдырып, алға жылжып келеміз.
1998 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің шыға бастағанына 80 жыл толу мерейтойы қарсаңында ұзақ жыл редактор болған Баймолда ағаның орнын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев ағамыз алмастырды. Ел экономикасына дендеп енген нарықтың қыспаққа алып тұрған шағы. Басылымдардың өз бетінше қаржы табу мәселесі қызып тұрған кез. Жекешелендіру жылдары жеке компаниялар құрылып, өндіріске жаңа серпін беріп жатты. Газеттен жарнама бөлімі ашылып, қосымша қаржы табу қарастырыла бастады. 80 жылдық мерейтойды өткізуге қызу дайындық басталып кетті. Мұндай алмағайып кезде ұжымдағы жас журналистер жаңа редактордың жайлы болуын тілейміз. Басшылыққа жаңа келген Жақыпжан аға өте талапшыл, өткір мінезді болып көрінетіндіктен еркінси алмай, керісінше жасқаншақтайтынымыз бар. Онымыз бекер болмады. Жақыпжан ағаның өзін жіті тани алмайтын біз әзіл-қалжыңын мүлдем түсінбейтін кезіміз. Бір күні: «Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев басқаратын «Сеймарды» жақсылап жаз, соған қарай не қаласың, не кетесің!» – деген басшының маған берген ең алғашқы тапсырмасы естен тандырғандай болды. Ағаның мына сөзінен соң шабыт түгілі, ес жоғалтқандай күйге түстім. Ол жылдары кәсіпорын түгілі, мемлекеттік мекемелерден қазақша бір жапырақ ақпарат алсаң, қуанасың. Өкінішке қарай, бәрі орыс тілінде. Құс фабрикасын аралап келіп, әлгі тапсырманы жазуға отырдым. Көп ұзамай, бір беттік мақала жарқырап шықты. Қолы ашық кәсіпкер редакцияға бағалы фотоаппарат сыйлап, мерейімді өсірді. Сөйтіп бастығымыздың сынынан сүрінбей өткендей болдым. Ағаның сондағы «қатты айтқаны» ширатқаны екен.
Уақыт өте келе Жақыпжан ағаның басшы ғана емес, ұжымдағы әр адамның жақыны, жанашырындай бола білетін асыл қасиеттеріне қаныға бастадық. Ол кісінің «айналайыны» жүрекке ерекше жылылық ұялатып, қанаттандыра түсетін. Журналистердің кабинетке байланып, бекер уақыт өткізбей, еркін еңбектенуіне мүмкіндік жасаған басшы Жақыпжан аға болды. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналған «Жетісу» газетінің мазмұны мен макетін жетілдіріп, оқырман санын 50 мыңға жуықтатып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Байыпты басшының әр тапсырмасын жадыға түйіп, ізденіспен жазуға талпындық. Нәтижесінде ата басылымға айналған газеттің әр нөмірі қоғамдағы түрлі тақырыпты қамтыған жаңа айдар, қосымшалармен толығып, көзіқарақты оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Ынтымақ пен бірлік ұялаған ұжымымыз екінші үйімізге айналды. Әрқайсымыздың қуанышымыз, жетістігіміз елеусіз қалмайтын. Жеті жылда жеткен ұлым бойыма біткенде қаламы қарымды қаламгер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Жанкүміс Жәмеңке бастаған апайларымыз бен құрбы-құрдас қыз-келіншектер бірігіп «құрсақ шашу» дәстүрін жаңғыртып, тілеулес болғандары естен кетпейді. Мерекелер де айрықша аталып өтетін. Осының бәрі Жақыпжан аға басқарған еңбек ұжымының сүттей ұйып, өнімді еңбек етуіне, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал еткені сөзсіз.
Екі мыңыншы жылдың басында «Жетісу» газетінің редакциясы облыс орталығы Талдықорған қаласына көшкенде газеттің Талғар ауданындағы меншікті тілшісі болып бекідім. Осы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан, тыныс-тіршілігінен үзбей мақала дайындап жіберемін. Қазіргідей банкомат жоқ. Айдың аяғында Алматыдағы тілшілер қосынына қоңыр дипломатын теңгеге толтырып жететін Жақыпжан ағаның жолын аудандардағы меншікті тілшілер жиылып, тағатсыздана тосып отырамыз. Алыс жолдан жеткен ағаның амандық-саулығы әзілмен басталатын. Есіктен кірген бойда Балқаш ауданының меншікті тілшісі болған белгілі журналист Сайлаубек Байдүйсенов ағаға: «Сен қап-қара болып әлі жүрсің бе?» – деген әзіліне, марқұм Сайлаубек аға да қарап қалмай: «Сіздің жаныңызда аққуашамын ғой, Жақа», – деп күлкіге қарық қылатын еді. Осылайша қазақы қалжыңы жарасқан асыл ағалардың жан жылуын сезініп, шекпенінен шыққанымызды әркез мақтан етеміз.
Жазында өрі мен төрі мың түрлі гүлге боялып, кілемдей құлпырған Тасбұлақтың төсіне аунап, алқызыл бүлдіргенін теріп жеп, түлеп өскен белгілі қаламгер, жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Жақыпжан Нұрғожаев ағамыздың Қарқараның кең жайлауындай пейілінен қуат алып, шығармашылықтың биігіне самғаған әріптестер қатары жүздеп саналады. Олай болса, журналистік жолдағы, жалпы өмірдегі ұстазымыз, ақылшы, тілекші болып жүретін ардақты Жақыпжан Мысабекұлын 80 жас мерейтойымен құттықтап, ғасыр жасына жетуіне тілектестік білдіремін!
Ұлбосын ИСАБЕК,
ҚР Ақпарат саласының үздігі



