⛅
26°C
Қонаев
Бейсенбі, Сәуір 30, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Естен кетпес есіл ағам

    30.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Естен кетпес есіл ағам
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Аттай желген уақыт ағыны бұл күні көп нәрсені еске салып тұр. Есіл ағам, ерен ағам Ердос Дәркенбаевтың өмірден өткеніне де жыл толыпты. Қаншама рет бір нәрсе жазу керек екенін сезіп, үстелге отырсам да, қолым бармады. Қалам жүрмеді. Қимастық сезімі ауыр тигені сонша, өмірден өткеніне іштей сенбейтін сияқтымын. Ал бүгін еріксіз жазуға тура келді.

    Ердос Қалибекұлы 1978 жылы 21 тамызда Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылында дүниеге келген. Мектепті үздік тәмамдап, 1996 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқуға түседі. 1999 жылы қолына дипломын алып, алғашқы еңбек жолын Шелектегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен бастайды. Сандаған түлектің тарихқа қызығушылығын арттырып, білімге деген құштарлығын оятады. Оқушыларды тәуелсіз санамен ержетуге жетелейді. Осындағы нәтижелі жұмысы басқа білім ордасындағы басшылардың көзіне түседі. 2010 жылы Май ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауысады. «Кез келген ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың» деген тәмсілді берік ұстанған Ердос Қалибекұлы бұл ұжымда да жақсы қырынан көрінеді. Оның нәтижелі жұмысы сол уақыттағы аудандық білім бөлімінің назарына ілінеді. Осыдан кейін 2013-2017 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы Нұрлы ауылындағы орта мектептің директоры қызметіне кіріседі. 2017-2018 жылдар аралығында Қайрат ауылындағы И.Саттаров атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. 2018 жылы маусым айынан бастап, өмірінің соңына дейін Шелек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі қызметін атқарды.
    Менің де жұмысқа қайта оралуыма әсер еткен Ердос аға болатын. Қаладағы болмашы айлықпен отбасын асырау мүмкін еместігін түсініп, газет пен сайттан жұмыстан шығып, даңқты ҚазҰУ-дың дипломын сандыққа салып, ауылда екі қолға бір күрек ұстап, күнделікті қарапайым жұмыспен тірлік кешіп жүргем. Іштей торығу, күйзелу де жоқ емес. Бір күні Шелек тарихи-өлкетану музейінде бір штат бос тұр, соған түйіндемеңді өткізіп, бағыңды сынап көрсеңші деген ұсыныс түсті досымнан. Ары ойланып, бері ойланып, дипломым мен түйіндемемді көтеріп, музейге келдім. Кабинетінде шашын келісті тарап, шырттай киінген, жүріс-тұрысы ширақ, лебізі майда, жылы жүзді, қылшылдаған қырықтың айналасындағы жігіт қарсы алып, өзін таныстырды. Алып келген қолындағы қалың құжаттарға үңіле қарап, сұрақтарын қойып отыр. Барынша сабаз, барынша орнықты сұрақтар. Мен де мүлт кетпеуге тырысып, байыппен жауап бердім. Бір кезде кіндігінің бір ұшы байланған Қытайдағы Іле облысы, оның ішінде Текес ауданы туралы сөз қозғады. Әңгімеміз жарасып, бұрыннан таныс-біліс адамдарша ұзақ сөйлестік. Менің санамдағы бастық қатал, кісімсінген болады деген түсінік тас-талқан шағылды. Қарапайымдылығы еріксіз тәнті етті. Екеуара ұзақ әңгімеден кейін: «Мен сені бесінші ақпаннан бастап жұмысқа алам, өтінішіңді жазып, қалдырып кет», – дегенде өз құлағыма өзім сенбей, аңтарылып қалғаным әлі есімде. Содан бастап 2025 жылдың 3 мамырына дейін 5 жылдан аса уақыт бірге жұмыс істедік. Өзін тыңдата білетін және өзі де тыңдай білетін басшы екенін көрсетті. «Басшылық деген уақытша мансап қана, ал адамгершілік – асыл қасиет. Жұмысың өнімді болып, мекеменің шып-шырғасын шығармай ұстап отыру үшін мансапты аз, адами қасиетті көп пайдалану керек», – деп өзінің сан жылдық тәжірибесін үлгі ретінде айтып отыратын.
    2020 жылы наурыз айында Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев мемориалды музейіне жылжымалы көрме апаратын болып Ердос аға екеуміз жолға шықтық. Ол жол-жөнекей әрбір елдімекеннің тарихын айтып, аңыз-әңгімелерді бір-біріне кіріктіріп жібергенде, сол заманды көзбен көргендей күй кешесің. Ердос аға туған даласының тауын сөйлетіп, тасын сырласына айналдыра білетін. Нұра ауылынан өткеннен кейін кезігетін, екі таудың ортасынан қара жерді қақ айыра тесіп шыққан «Райымбек бастауы» туралы әңгімесі тіпті қызық. «Біз қара жерге найза шаншысақ та, су шықпас. Бірақ қаламымыз арқылы рухани бастау ағызып, жастарды тәрбиелеуіміз керек», – дегені әлі есімде.
    Ердос Қалибекұлының кезінде музей өзінің мүмкіндіктерін толық пайдалана білді. Арнаулы аталып өтетін мемлекеттік мерекелер, жеке тұлғалардың өмір жолын таныстыратын іс-шаралар, өлкетануға байланысты көрмелер өткізіліп, лекциялар жиі оқылып, ауыл тұрғындарының музейге деген махаббатын аша түсті. Газет-журналдарға танымдық, ақпараттық мақалалар жазып, оқырманды музеймен таныстырып отырды. Алматы облыстық газетінде жарияланған «Ортеке күйінің тарихы мен таралуы турасында» атты танымдық мақаласы газет оқырмандарының назарына ілікті. Ердос Қалибекұлы музейдің экспонат қорын толықтыруда да белсенді һәм талғампаз болды. Бүгінгі күні музейге келушілердің назарын бірден аударатын 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев табыстаған аюдың тұлыбы, 1970-1980 жылдары ауылымыздың мәдениеті үшін жұмыс істеген көшпелі автоклуб заттары, басқа да этнографиялық жәдігерлер бар. Сонымен бірге 1930 жылдардан басталатын ауылымыздың кітапхана тарихына арналған бұрыш та Ердос Қалибекұлының бастамасы арқылы ашылған болатын. Осындай іс-шаралардың арқасында Шелек тарихи-өлкетану музейі 2020, 2021, 2022 жылдары «Ауылым алтын бесігім» атты облыстық байқауда үздік музей атағын алды. 2023 жылы Дүниежүзілік экскурсовод күніне орай өткен облыстық «Жауһар жәдігер» байқауының бас жүлдесі де Шелек тарихи-өлкетану музейінің еншісінде болды. Қазақта «Елі үшін еңбек еткен ердің еңбегі елеусіз қалмас» деген сөз бар. Мектептегі жұмысынан бастап музейде істеген жылдары Ердос Қалибекұлы ауыл, аудан, облыс әкімдерінен Алғыс хат, грамота, сертификаттар алды. Бұл марапаттар – өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мақсаты айқын, міндеті анық, ұжымымен тығыз жұмыс істей білетін басшының қашанда шығар шыңы, алар асуы биік екенінің көрсеткіші еді.
    Жұмыста әріптес, өмірде дос, көңілде қимас Ердос Қалибекұлымен жақсы араласатын азаматтармен жолық­қан сайын тек жағымды сөздерін ғана ести­мін. Адамның көңілін қалдыр­­­майтын жұмсақ мінезі, жатты жақынындай, қиыр­дағыны қимасын­дай көретін бауырмалдығы, адам баласының көңіліне кір жұқтырмауға тырысатын мейірімділігі туралы айтады. Ұзақ жылдық әріптесі, адал досы Самал Қайыпбаева өз естелігінде: «Ердоспен бірге өткізген әрбір сәт жүрегімізде мәңгі сақталатын қымбат естелікке айналды. Ол әрдайым сабырлы мінезімен, кең жүрегімен, адамгер­шілігімен айналасына шуақ сыйлай білді. Әріптес ретінде де, дос ретінде де сенімді тірек, ақылшы бола алды. Ердостың жарқын бейнесі, жылы күлкісі, ізгі істері ешқашан ұмытыл­майды. Қалдырған ізі, жақсы істері мен жарқын естеліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», – деп еске алады. Мұның өзі де Ердос аға Қалибекұлының жұмыста ғана емес, өзі жүрген ортада жанға жағымды екендігін білдіріп тұрады. Атақты ақын Есенқұл Жақыпбеков бір өлеңінде:
    Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан,
    Өмірі – өлең, жыр-дастан.
    Менде де арман жоқ шығар,
    Сендермен жерді бір басқан, – дейді. Сондықтан да бір ортада Ердос аға Қалибекұлымен бес жыл бірге жұмыс істеген менде де арман жоқ шығар?! Ал Ердос ағамның ішінде қандай арман кетті екен, ә!? Бұл жұмбақ мәңгі шешілмес. Бірақ туыстарының, достарының, әріптестерінің есіне әр уақыт ертегі сияқты оралып отырары хақ!

    Қуанәлі Алмасбекұлы,
    Шелек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі
    Еңбекшіқазақ ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Үздік түлектерге – мемлекеттік қызметке жаңа мүмкіндік
    30.04.2026
    QOSTANAI TECH Қостанай облысының цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін растады
    30.04.2026
    Қазақша әріп таныған
    30.04.2026
    Этнос басылымдары
    30.04.2026
    Тіл саясатының тиімді бағыттары қандай?
    30.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>