Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығы құрметіне орай, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, қазақ фотожурналистикасының ардагері, кәсіби фототілші Нұрманбет Қизатұлының 85 жасқа толған мерейтойына арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» атты салтанатты жиын өтті.

Мерейтойлық шара Нұрманбет Қизатұлының фотокөрмесінен бастау алды. Өнер факультетінің кең дәлізіне қойылған мәні мен мазмұны бөлекше фотосуреттер жайлы автордың өзі баяндап, әрбір суреттің түсірілу кезеңі, тарихы мен кейіпкерлері турасында кеңінен әңгімеледі. Бұл жерде сонау кеңестік кезеңдегі қарапайым халықтың тұрмысы мен еңбегінен бастап, тәуелсіз елдің іргетасын қалауға атсалысқан қайраткерлердің өмірінен хабар беретін құнды фотосуреттер кезең-кезеңімен қойылған. Өткен күндердің көрінісін көңіліңе қайта бір оралтатын осы бір сәттегі жан тебіренісімізді айтып жеткізу де қиын-ау.
Кешті өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Сағатбек Медеубекұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол қасіретті де қатерлі 1941 жылдың қаңтарында дүниеге келіп, еңбек жолын Жамбыл аудандық газетінде фототілші болып бастаған Нұрағаңнын өмірі мен өнер жолына тоқталып, әкесі – пошташы Қизат қария әперген қарапайым ғана «Смена» фотоаппаратымен жұмысын бастап, елге танымал фотожурналист деңгейіне көтерілген ауыл баласының қилы да қызық тағдыры жайлы баяндады.
Нұрағаңды ұзақ жылдан бері білетін біздер үшін оның жүріп өткен жолы мен өмір өткелдері тағы бір көз алдымыздан көлбеңдеп өткендей болды. Аз ғана уақыт Іле аудандық газетінде еңбек етіп, соңынан Алматы облысындағы аға басылым – «Жетісу» газетіне фототілші болып орналасқан Нұрманбет осы жерде тапжылмай 27 жыл жемісті еңбек етіп, шеберліктің шын үлгісін көрсету арқылы республика оқырмандарына танылды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қолынан фотоаппаратын тастамаған ол өнердің тағы бір күрделі саласы – актерлік қырынан танылып, бірнеше киноға түскені де жұртшылық жадында. Қара сөздің қаймағын алып, қаспағын қырған Нұрағаң думанды ортада дүбірлете сөз сөйлеумен қатар, шабыты келгенде шалқыта өлең жазатынына кезінде тәнті болғанбыз. Міне, сөйткен Нұрағаң шаршамай-шалдықпай, 85-тің сеңгіріне желе-жортып көтерілгені бәрімізді қуантады.
Бұл күні мерейтойға келгендер қуаныш иесінің жақсылығы мен сан қырлы өнері туралы жарыса айтты. Солардың қатарында республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым, Абай атындағы ҚазҰПУ өнер факультетінің деканы, философия докторы (PhD) Кәрім Байқұтов, белгілі суретші, тележурналист Жанұзақ Мүсәпір, Жетісу облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбайұлы, Жамбыл ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Жайламысов, «Атамекен» газетінің ардагері Тұрсынжан Тоқтасынов, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмаш Арғынбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Талап Қараш, ақын, баспагер Манарбек Ізбасар, ақын Шаяхмет Алжанбаев, фотожурналист Нахып Шынтеміров, журналист, шығыстанушы Қари Қуанышбек сынды танымал тұлғалар мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Мерейтойлық кеште «Өлке тынысы» ЖШС мен Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің атынан Құттықтау хат тапсырылып, сый-сияпат ұсынылды.
Бұл басқосуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің доценті, философия докторы (PhD) Досжан Балабекұлы «Шындықтың көлеңкесі: фотография мен жасанды интеллект дәуіріндегі философиялық мәселелер», «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ақбота Жанбаева «Әлеуметтік желідегі фототентте жасанды интеллектінің рөлі» тақырыбында баяндама жасап, сонау есте жоқ ерте заманда тасқа қашалып салынған суреттерден бастап, бүгінгі жасанды интеллектінің көмегімен дүниеге келіп жатқан бейнелер арасындағы жүріп өткен жол мен фотоөнердің болашағы жайында тереңнен ой толғады.
Мерейтойлық шарада Нұрағаның жары мен құда-жекжаттары да сөз алып, ағыл-тегіл ақтарылғанын да айта кеткен орынды. Соңынан Нұрманбет Қизатұлы мінберге көтеріліп, жиылған жұртқа өлеңнен шашу шашты. Бұл күні уақытты тоқтататын өнердің кешегісі мен келер күні жайлы келелі ойлар ортаға салынып, мерейтой иесінің осы күрделі де саф өнердің дамуына қосқан үлесі жайында кесек пікірлер айтылды.
Қуат Қайранбаев




