Ұзынағаш ауылының тұрғыны Тарил Теймуровпен Жамбыл аудандық емханасында таныстым. Дәрігер бөлмесінің есігі алдында «Соңы кім екен?» деп, менен кейінгі кезегін алды. Оның артынша келген бір адам «Кто последний?» дегенде, Тарил: «Мен», – деп жауап қатты. Бірақ ана қазақ әйелі одан кейінгі сөзін де өзге тілде жалғастырып, қайта айналып келетінін айтып кетті. «Жарайды, егер сұраса, сіздің кезек алғаныңызды айтамын», – деді жаңа танысым. Мен басымды шайқап, өзі қазақ бола тұра, өзге ұлт өкілі өзіне қазақша тіл қатып тұрса да, келмеске кеткен кеңестік кесір әдетті тастай алмаған қандасыма кейісімді жасыра алмадым. Жанымда отырған Тарилдың да ішіне сыймай тұр екен, екеуміздің ойымыз бір жерден шыққанын ол былайша білдірді:
– Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы бір досымның үйіне жолым түсті. Сонда оның балалары орыс тілінде сөйлесетінін байқадым. «Бұл қалай, неге сенің балаларың қазақ бола тұра, бір-бірімен өзге тілде сөйлеседі?» десем, «Онда тұрған не бар, бәрібір емес пе қай тілде сөйлесе де», – деді. Мен сонда бала ең алдымен өз ана тілін жетік білуі керек, одан кейін ғана өзге тілді үйренсе болатынын айттым. Ол менің бұл пікіріме жете мән бермеді. Бірақ кейін балалары өзге тілді болып кеткенде ғана қатесін түсінді. Бірақ кеш еді. Баланың ана тілінің уызына жарымай өскені өкінішті, әрине. Басқа ұлтты айтпағанның өзінде көп қазақ бұл әдеттен әлі де арыла алмай келеді. Жалпы Қазақстанда тұратын әрбір адам осы елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті деп есептеймін, – деді ол.
Тарил Теймуров Ұзынағаш ауылында, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова атындағы көшеде қарапайым қоңыр тірлік кешуде. Электр маманы. Елді жұмыссыздық жайлаған кезеңде ол да отбасын асыраудың қамымен қолынан келетін кәсібіне арқа сүйеді. Электр жабдықтарын жөндейді. Оған тұрғындар тұрмыстық бұйымдарын әкеледі. Ол әсіресе су сорғыларын жөндеудің хас шебері. Жерасты суы жақын Ұзынағашта халықтың көпшілігі әлі де ауласындағы құдықтың суын пайдаланатындықтан, кішігірім сорғыны жөндетуге жиі жүгінеді. Одан бөлек темір, тас, ағаш кесетін, бұрғылайтын электр құралдардың да ақауын анықтайды.
Мен де істен шыққан су сорғысын көрсетпекке барып, соны желеу етіп, суыртпақтап сөзге тарттым. Сөзі аз, ісі көп адам екені бірден байқалады. Газетке өзі туралы мақала жазуыма әрең келісті. Мақтағанды ұнатпайды. Өзі жарытып ештеңе айтпаған соң көршісі Бақытжан Мұсабаевтан сұрадық. «Тарил ағамыз өте жақсы адам. Адамгершілігі зор. Онымен 35 жыл көрші тұрамыз. Қолынан келмейтіні жоқ. Электр құралдарын жөндейді. Қашанда адамға көмектесуге дайын. Біздерге ақыл-кеңесін айтып отырады», – деді.
Тарил Теймуров 1990 жылдары Таулы Қарабақтан көшіп келіпті. Ұлты – әзербайжан. «Қазақ пен әзербайжан түркі тілдес, туысқан халық қой. Тілімізде ұқсас, ортақ сөз көп. Қасиетті қазақ топырағына аяқ басқанымда өзімді туыстарыма келгендей сезіндім. Осыннан өзіме көптеген дос таптым. Көршілермен жақын араласып кеттім», – дейді ол. Кейіпкеріміз үш баласын өсіріп, жеткізіпті. Аудан орталығындағы қазақ мектебінде оқыған балалары да қазақшаға жетік. Бүгінде олар да өз алдына отбасылы. Марина, Темур, Жәмилә есімді ұл-қыздарынан үш немере сүйіп отыр.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




