Перейти к содержимому
Главная страница » Тоқан Ботабеков, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері: Ұлттық рух биіктемей, материалдық игілік жасалмайды

Тоқан Ботабеков, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері: Ұлттық рух биіктемей, материалдық игілік жасалмайды

Еңбегіңмен еленіп, абыройға бөленіп, қария болу да бір бақыт! Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз дәл сондай жан. Белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Тоқан Ботабековтің өмірден түйгені көп, айтары мол. Жетпістің қырқасына шыққан ақсақалдың өткен мен бүгінді салыстыра отырып сыр шерткен әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Тоқан аға, қариялықты қалай сезінудесіз? Оның салмағы мен жауапкершілігі қандай ойларға жетелейді?
– Алдымен байқағаным, пешенеге бұйырған мезгілдің бәрі қызық. Дені сау адамның арманы таусылмайды. Мәселен, орта мектепті бітірген соң жоғары білім алуға құлшынасың. Бір күні оған да қолың жетеді. Бұдан кейін дипломды маман ретінде тер төгесің. Бәсеке мен жарыстың бел ортасында жүресің. Мақтау мен марапат иелене бастайсың. Тұрмысың түзеледі. Қосағыңмен қоса ағарып, бала-шағаң ержетеді. Белгілі әулетке айналасың. Осының бәрі көзді ашып-жұмғанша жүзеге асатын дүние. Қалт етіп қолың тигенде айнаға дұрыстап қарасаң, әйнектің арғы жағында сақал-шашын боз қырау көмкерген адам тұрады. Ол – өзің! Мойындаса да, мойындамаса да өмір-өзеннің қалыбынан асқан пенде жоқ!
Біз құралпас адамдарды толған­дыратын бір сұрақ бар. «Сен кімсің – шалсың ба, әлде қариясың ба?» Осы екі мағынаны Мұқағали ақын дәл ажыратып берген. Қартаю тұрмақ, ағалық кезеңді аяқтамай 45 жыл ғана өмір сүрген қаламгер ұлттық рухты ұлықтайтын жандардың азайғанына алаңдады. Қазақы танымның таяздай бастағанына көңілі құлазыды. «Не біледі осы жұрт, не біледі?! Бабалардың баласы – қариялар, Сиреп бара жатқан көрінеді!» деп толқыды.
Әлі есімде, бала кездегі үлкендердің болмысы бөлек еді. Ұғым-түсінігі нағыз қарияға тән болатын. Бастары қосылса қарабайыр жанбағысты қоя тұрып елге, ұрпаққа пайдасы тиетін салиқалы сөз қозғайтын. Олардың азаматты жамандағанын, адамды алалағанын естімеппін. Терең пайымымен Аспантаудың алып шыңындай асқақтап көрінетін. Қараша үйдегі қарапайым қариялардың десі мен сесі басым болатын. Сөйтсем, олар ең алдымен табиғаттың үніне құлақ түрген екен ғой. Сол арқылы ғарыштан келетін тұнық энергияны бойына сіңіре білген. Қасиетін кірлетпейтін қариялардың азайғанын мен адам руханиятындағы экологиялық ұтылыс дер едім. Жоғалған сол қазынаны қалпына келтіру міндеті енді бізге жүктелгендей.

– Теңеуіңіз керемет, аға! Сіз кәсіпкерлікпен қатар дүние сырларының қатпарына жиі үңілетін сияқтысыз. Мұндай ұстанымның астарынан нені аңғаруға болады?
– Сізге мынаны айтайын, кәсібінің қандай екеніне қарамастан әр азамат адамтануды бірінші орынға қойса, ешқашан ұтылмайды. Себебі адам түзелсе – заман түзеледі. Тәуелсіздік – ұлт болашағының өзегі. Байқайсың ба, қандағы қасиет кетпейді. Бүгінгі жаңа ұрпақ бәрін қайтадан есіне түсіріп, ортадан үзілген жолды құштарлықпен жалғауда. Осындай сәтте Мағжан Жұмабайұлының «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі ойға оралады. Алаш ақыны мұны кеңірдегіне пышақ тақалған қиын заманда жазған. Соған қарамастан өзінің қасіретін ұмытып, алдағы күндерден үмітін үзбей, халқының болашағына көз салды. Бұл – көрегендік пен қайраткерлік!
Менің қуанатыным, бүгінгі таңда ұлт бойындағы рух күш алып, қайта серпіле бастады. Ана тіліміз туралы да осы тұрғыда айтуға болады. Біздің кезіміз бен бүгінді салыстырсаң, айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан ауызды қу шөппен сүрте бермей, оңға басталған үрдістің арнасын бәріміз жабылып одан әрі кеңейтелік. Қандай жасқа келгеніне қарамастан отбасына, шаңыраққа ие болған әке – сол әулеттің қариясына айналуға тиіс.
Зайыбым Ләззаттың әкесі – Қайсар атам ұзақ жыл шаруашылық басқарды. Коммунистік жүйенің кадры болды. Бірақ қолынан домбыра түспеді. Әкем Көкен орманшы еді. Ол кісі мені табиғатпен үнсіз тілдесуге үйретті. Біз осындай асыл жандардың ізгі қасиетін дамытып, ұрпақтар бойына сіңіруге тиіспіз. Ол соншалық қиын шаруа емес. Тек күн сайынғы рухани «жаттығуды» ұмытпасаң болғаны. Өзің үшін де, елің үшін де ұлттық құндылықтан артық кепілдік жоқ.

– Сіз мемлекеттік меншікке негізделген жоспарлы экономиканың шекпенінен шықтыңыз. Соған қарамастан нарықтық қатынасты тез меңгердіңіз. Мұның біз білмейтін қандай ерекшеліктері бар?
– Зерде мен таным – кәсіпкерліктің қайнар көзі. Оны дұрыстап пайдалансаң, мақсатыңа қол жеткізесің. Оған қажет негіз менде ертеден қалыптасты. Нарынқол орта мектебін үздік бітірдім. Пәндердің ішінде физика, математика, геометрия мені қатты қызықтыратын. Бәрін өз қалауыммен меңгеріп отырдым. Алабөтен шаршаудың, зорығу­дың қажеті жоқ. Тек бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырмай дағдылансаң болғаны. Тамшы тырсылдап тұрып-ақ үлкен ыдысты толтырады. Бұл да сол сияқты. Ең соңында қыруар жұмысты қиналмай атқарып тастағаныңа өзің де таңғаласың. Мәселе – уақыттан ұтылмауда.
Біз мектеп бітіргенде түсетін жоғары оқу орындары саусақпен санарлық еді. Жаңылмасам, бір орынға 15-20 бала таласатын. Сондықтан конкурстан өтпей қалу қалыпты жағдай еді. Күзде әскерге аттандым. Ресей жеріндегі екі жыл – шыңдалу мектебі болды. Бес қаруды асына жүріп кітаптан қашықтамадым. Оқу мен тоқу текке кетпеді. Армиядан ауылға кіші лейтенат болып оралдым. Мұндай жетістікке жеткендер ол кезде жоқтың қасы.
Бұдан кейінгі табыс – Мәскеудің құрылыс инженерін дайындайтын жоғары оқу орнына студент болып қабылданғаным. Ондағы орта бөлек. Олар саған Көкеннің жалғыз ұлы емес, қазақтың баласы деп қарайды. Сондықтан намыстану жауапкершілігі он есе артты. Жаман атыңды шығаруға хақың жоқ. Мәскеудегі қазақ жас­тарының дені осындай түсінікпен өмір сүретін.
Біз республикаға білімі толысқан құрылыс маманы және ұлтының қадіріне жетуге тиіс кадр болып оралдық. Алматыдағы ағаларымыз да көп емес екен. Олар – Шалбай Құлмаханов, Амангелді Ермегияев, Стахан Белғожаев, Заманбек Нұрқаділов, Амандық Баталов секілді білікті мамандар. Өндірістің қазанында қайнап, жан-жақты шың­далған сайыпқырандар. Құрылыс – дәлдікті қажет ететін кірпияз сала. Титтей қателессең, еңбегің желге ұшады. Алматыдағы алып құрылыстардың қанат жаюына үлес қосқаныма қуанамын.
Алайда жеке кәсіптің шеберлігіне жетіп, кәсіпкер атану бөлек. Кеңес өкіметі тараған соң бұрынғы коммунистер өздері төңкеріп тастаған капиталистік жүйені қайтадан тірілтуге көшті. Нарықтық экономикаға ендік. Оның жұмбақтары сантарау. «Өз күніңді өзің көр» қағидасы жаппай орныға бастады. Алдымызда екі таңдау тұрды, біріншісі – базар жағалау. Одан кейінгі жол – құрылысшы екеніңді жаңа қоғамға жасқанбай көрсету. Белді бекем буып, мен екінші жолды таңдадым.
Басында екі-үш әріптеспен бірігіп Іле ауданы аумағынан жер телімін сатып алдық. Кір­піш өндіру­мен айналыстық. Аз уақыттан кейін олар өздеріне оңтайлы салаға ауысты. Қалған мәселенің кілтін табу міндеті менде қалды. Анық білгенім, кәсіпкерлік ұғымының ауқымы кең. Құрылысшылық оның бір сипаты ғана. Өзің басқарушы, өзің экономист, заңгер мен есепшілікті де жақсы білуге тиіссің. Міне, сіздер заманауи зауыт деп атап жүрген «ВТК Group» компаниясының іргетасы осындай сындарлы сәтте қаланды.
Кәсіпкерлікте көзбояушылық пен өтірік айту деген болмайды. Ол – өте қауіпті құбылыс. Тұтынушының сенімінен айырылсаң, банкротқа ұшырайсың. Шығаратын кірпіш­теріміздің жоғары сапаға жетуі үшін аянбадық. Нәтижесі екі тарапты да қуандырды. Біз ай сайын, жыл сайын тың ізденістерге ұмтылдық. Зертханадан бастап, бүкіл өндіріс тізбегін компьютермен басқарамыз және бақылаймыз. Жұмысшы маман­дығын жүзеге асырдық. Осының арқасында ұжымдағы жүздеген адам әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтарлықтай түзеді. Әркім зауытты өз меншігіндей сезінетін деңгейге жетті. Кәсіпкерлік «адамның күні – адаммен» екенін үнемі дәлелдеп отырады. Мен үшін жұмысшының мәртебесі мен құндылығы бәрінен биік.

– Сіз ұлт руханиятына да құрмет көрсетуден танбайсыз. Әрине, егер шынайы ықыласыңыз болмаса, бұл іске ешкім міндеттей алмайды. Кәсіпкерлік пен руханият байланысын қалай түсіндіресіз?
– Ұлттың рухы биіктемесе, материалдық игілік жасалмайды. Сондықтан әрбір кәсіпкер өнер мен әдебиетке қамқорлық жасауға мүдделі. Сананы ағартатын дарындардың жөні бөлек. Студент кезімде Мәскеуге жол тартқан сайын Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағын өзіммен бірге ала кетуші едім. Ақын ағаның «Күнделігін» оқығанда: «Ақын деген сенің өзің» дейтін тіркесті жолықтырып, қайран қалдым. Өлеңдерін жақсы көретін себебім, авторы Мұқағали болғанымен, жыры менікі екен ғой деп толғандым. Мұқаң Абаймен достастырды, Моцартпен сырластырды, айта берсе көңілге сәуле түсірген мұндай әсерлер көп.
Руханиятқа арналған шаралар­дың бәріне кәсіпкер ретінде белсене араласып жүрмін. Райымбек, Өтеген, Жолбарыс батырлардың, Әлмерек абыздың еңселі ескерткіштерінің бой көтеруіне қомақты қаржы қостым. Нұрғиса ауылында даңқты композитордың 100 жылдығына орай стелланың бой көтеруіне де өз үлесімді қостым. Мұқағалиға қатысты шаралардан да қалыс қалған жерім жоқ. Ақын атындағы басылымға көмек көрсетуді басты парызымның біріне санадым. Қаламгерлерді де материалдық жағынан қолымнан келгенше қолдап келемін. Айтыскер ақын, белгілі радиожурналист Бақыт Жағыпарұлы інімнің баспанамен қамтылуына да жағдай жасадым. Өзімнің ұлыма салған үйді оған сыйға тарттым. Бақыт ақынның кітабының тұсаукесер кешінде Жүрсін Ерман: «Ақынға көлік сыйлаған кәсіпкерлер аз емес. Бірақ сіз сияқты үй тарту еткен атымтай жомарт азаматты бірінші рет көріп отырмын», – деп ағынан жарылды.
Райымбек ауданының орталығы қайтадан Нарынқолға қоныс аударғанда, тарихымыз түгенделген­дей тебірендім. Нарынқолдың кіребері­сіне ақжол­тай жаңалықтың шашуы ретінде заманауи дарбаза жасап, жерлес­терімді қуанышқа бөледім. Қақпаның ені – 14 метр, биіктігі жеті метр. Жарық диодты шамдар орнатылған. Іле ауданындағы кірпіш зауытымыз орналасқан Төле би ауылына алыстан көз тартатын, сәулеті жарасқан имандылық ұясы – мешіт салдым. Оның ауласында имамға арналған үй және қатымхана орналасқан. Бұл елдімекен де – менің алтын бесігім.
Еліміздің Солтүстік аймағын тасқын су басқанда да қол қусырып қарап отырмадым. Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты «Аманқарағай» стансасына төрт үйдің құрылыс материалын жөнелттім. Оңтүстіктегі Шардара жұртына да осылай қолұшын создым. Ірілі-ұсақты басқа да игі істер аз емес. Мұны айтқанда – меценаттық істерді тізіп, есеп берейін деп отырғам жоқ. Бастамалар артымнан ерген жас әріптестеріме үлгі-өнегеге жарап, бойларына дарыса деген ниеттемін. Олар менен де асып түсуге тиіс.

– Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішкі саясатын нығайту мақсатында Жарлық шығарды. Онда Абайдың «Қара сөздерін» ұлттық кітап нышаны етіп көрсетті. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Мен негізінде құрылыс жөніндегі кітаптарға көп қараймын. Өзімізге қатысты өнідірісте не жаңалық бар, алдымен соны іздеймін. Шетелге шыққанда дүкен мен базар мені онша қызықтырмайды. Есесіне ол жердегі көрмелерге бас сұғамын. Озық технологияға ден қоямын. Кешке қарай қонақүйге оралып, аяқ суытқан соң өзіммен бірге алып жүретін Абай шығармаларына үңілемін. Көшпелі кезеңде өмір сүрген дала данышпаны бүгінгідей өндірісті көрген жоқ. Алайда айтқан ақылы мен берген кеңесінің құны сол күйінде.
Баюдың, мал табудың өз заңдылығы бар. Абай «Майданға түспей бәйге алмауды» оның өзегіне балайды. Барымтамен, ұрлықпен, қулықпен жинаған қаржыда құт болмайды. Қайыры да, қайтарымы да жоқ. Ұрлық – ұрының ғана қалтасын қампайтады, өкінішке ұрындырады. Адал табыс төгілген тердің тамшысымен құнар­ланады. Өзіңмен бірге бала-шағаңды да таусылмайтын кенішке кезіктіреді. Хәкімнің «Қара сөздеріне» ұлттық кітап нышаны мәртебесі берілгеніне ерекше қуандым. Себебі нышан – символ деген ұғым! Қазақта ақылы асқан абыз жандар аз емес. Алайда Абайдың данышпандығы бөлек. Ол әлі күнге дейін асуына аяқ бастырмас биік күйінде қалып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімі мені және мен секілді миллиондардың көкейінде жүрген ойды дөп басқан. ХХ ғасырдағы Алаш қайраткерлерінен бастап, бүгінгі көшбасшыларға дейін Абай мектебіне жүгінеді. Абай сөзі халыққа қалтқысыз қызмет жасайды.

– Абайды талдап тәнті еттіңіз. Енді өзіңіз өскен атамекен – ақ мекен хақында не айтасыз?
– Жарты ғасырдан астам Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыны мекендесем де, Аспантауға деген сағынышым баяғы қалпында. Орманшы отбасында өскендіктен, көгілдір өлкенің жыры мен сырына біршама қанықпын. Айналаңды теңдессіз табиғат қоршап тұрады. Бұл жерде ағзаға қажет дәрумен өте мол. Саумал бұлағы, салқын ауасы, аршасы мен шыршасы – табиғи жасыл «дәріхананы» көзіңе елестетеді.
Әкем мені қасына ертіп тау аралағанда сайлар мен шоқылар туралы кітап оқығандай етіп әңгімелейтін. Онда қойылған кісі аттарына тоқталатын. Есімдері ел жадында бекер сақталған жоқ. Бәрі кезінде елін, жерін асыраған ұлттық кәсіпкерлер еді. Кейін таптық көзқарастың салдарынан олар байыған қанаушы таптың өкілі болып шыға келді. Қазақты қызыл қырғынның топалаңынан сақтау үшін басын бәйгеге тіккен ержүрек аталарымыз атқа мінді. Олар «банды» атанып, кеңестік биліктің жағымсыз кейіпкеріне айналды. Бүгін мемлекеттік комиссия құрылып, есіл ерлерге ақиқат бағасы берілді. Батырлығын жасқанбай айтатын күн туды.
Қолым қалт еткенде атамекенге жол тартам. Мен де әкем секілді балаларыма Байынқолды, Қайшыбұлақты, Шартас пен Шалкөдені, Қақпақ пен Лабасыны көрсетіп сыр шертемін. Ертең олар да бізді қайталайтыны анық. «Адамдардың жоғалды сан жасағы, Мына дүние, мына өлке жап-жас әлі» дегендей, бәрі өз қалпында. Таудың жұпар самалында ата-бабамның, ата-анамның иісі бар. Олар перзенттерін емірене құшақтайтын секілді. Жансарайыңды ашар бұдан артық рахатты дүниені алты айналсаң да таба алмайсың.

– Тоқан аға, отбасы мен Отанның ажырамас байланысынан нені аңғаруға болады? Ұрпақты осы түсінікке қалыптастырса, оны рухани мұраға жатқызуға бола ма? Табан тірейтін түйініңіз қандай?
– Өзіңіз де білетін шығарсыз, Мұқағали ағаның «Не тындырдың Отанды сүйемменен?» деп оқырманға қоятын сұрағы бар. Мықты болсаң, жаңылдырмас жауабын тап. Меніңше, Отанын сүйген жан ең алдымен отбасының дұрыс дамуына күшін аямайды. Қайраткерлік қасиет осыдан басталады. Оған мән бермесең, тәрбиең ұлттық мүддеге бағытталмайды. Сен ұтылсаң, мемлекетке зияның тиеді. Отан үшін жасайтын ерлікті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Дастарқан басында бала-шағаңмен ана тіліңде әңгімелесіп, өлең оқып, күй тыңдап, кеудеңді тік ұстап, ақ дініңді қадірлеп, үлкеннің алдынан қия өтпеуді үйренсең – батырлық деген сол!
Қазаққа – қазақ дос, «өзіңді өзің жаттай сыйламасаң», көрген күніңнің бәрі бос. Ұлттық иммунитетке ие жұрттың алды – жарқын, арты – өнеге. Әр қазақ осы заңдылыққа өз үлесін қосса екен деп тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Болат Мәжит