Перейти к содержимому

Жол жөнделсе, туризм де түлейді

26 қаралым

Райымбек ауданының туризм саласы соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Осыдан біраз бұрын аудан көлемінде санаулы ғана туристік нысандар болса, бүгінгі күні, таулы өлкенің табиғаты тамаша нүктелерінің бірқатары кәсіпкерлікке ұласып, туризм саласы оң өзгерістермен ілгерілеп келеді.

Туризм саласының дамуы жолында бірқатар кедергілер де жоқ емес. Дегенмен, уақыт ағынымен, туризм саласының дамуына тежеу болатын факторлар бірте-бірте шешімін тауып келеді. Туризмнің тұралауына басты себептердің бірі жол болса, ауданда бұл мәселе де шешімін тауып, туристік нысандарға апаратын жолдар жасалып жатыр. Кез келген көлік еркін қатынайтын жолдардың болуы өз кезегінде туризмнің ілгерілеуіне екпінді ықпал етеді. Осы орайда, туристік бағыттағы жолдардың жасалу барысына тоқталсақ, жалпы 95 шақырымды туристік бағыттағы жолдарды жөндеу жұмыстарын Райымбек аудандық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады. Ал қаржы тиісінше облыстық бюджеттен қарастырылады.
Тұмса табиғатымен ерекшеленетін Шалкөде жайлауындағы туристік нысандар өз кезегінде туристердің басым бөлігінің қызығушылығын тудырады. Бұл аймақта тарихи маңызы бар нысандар да баршылық. Осыған орай, «Шалкөде жайлауына кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мекеме – «Жетісу Жол Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жолдың жалпы ұзындығы 32,5 шақырымды құрайды, келісімшарт құны – 1 649 617 369.12 теңге. Қазіргі уақытта 26 шақырым жол негізі дайындалды және 10 су өткізгіш құбырлар ауыстырылып, 4 шақырым асфальт жабыны төселді. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыста­ры 55% орындалды. Жол жөндеу жұмыс­тарының аяқталу уақыты биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін жоспар­лануда.
Туризмді дамытуға таптырмас нүктелердің бірі – Шұбартал жайлауы. Биыл Шұбартал жайлауына кіреберіс жолға да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бұл шаруаның жауапкершілігі «Ақ-Жол DS» ЖШС мердігер мекемесінің мойнында. Жолдың жалпы ұзындығы 28,5 шақырым, соған орай келісімшарт көлемі 1 455 086 833 теңгені құрайды. Жоба 2026-2027 жылдарға ауыспалы нысан сипатында.
Таңғажайып табиғаты көз тұнды­рар аймақтың тағы бір туризмді дамытуға қолайлы нүктесі – «Байынқол кіреберіс» автомобиль жо­лына жүргізіліп жатқан орташа жөн­деу жұмыстары қазіргі таңда 30%-ға орындалды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы жалпы ұзындығы 13 шақырым жолдың 4 шақырымдық негізін дайындады. Жоба құны 662 978 148.63 теңгені құрайды. Сонымен қатар жол бойында арнайы автотұрақ орындары қарастырылған. Жоба 2027 жылы ауыспалы нысан ретінде аяқталады деп жоспарлануда.
Туристік маңызы бар «Көккемер жайлауына кіреберіс» жолына да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мекеме – «Алматы жолдары» ЖШС. Қазіргі уақытта 5 шақырым жол негізі дайындалды. Ал жолдың жалпы ұзындығы – 21 шақырым. 2026-2027 жылдарға ауыспалы нысан. Бүгінде жол жөндеу жұмыстарының 30%-ы орындалды.
Қорыта айтқанда, табиғатымен ерекшеленетін Райымбек ауданындағы туристік нысандарға апаратын жолдар­дың жөнделуі – өңірдегі туризм сала­сының дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Шалкөде, Шұбартал, Байынқол, Көккемер секілді табиғаты көркем аймақтарға қатынайтын жолдардың сапасының жақсаруы туристерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына, жергілікті халықтың табысын арттыруға және ауданның туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Бүгінде қолға алынған жол жөндеу жұмыстары толық аяқталған жағдайда, табиғи көрікті жерлерге келушілер саны артып, ауданның туризм бағытындағы тартымдылығы одан әрі күшейе түспек. Демек, сапалы жол – турист үшін қолайлы сапардың, ал аудан үшін туризмді тұрақты дамытудың маңызды негізі.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы