Қазіргі қоғамда жастардың ойлауы мен өмірлік таңдауына әсер ететін көптеген сын-қатер бар. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі, денсаулығы мен жарқын болашағына қатысты тақырып өте өзекті. Осыған орай, Талғар аудандық Мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыстық полиция басқармасы мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жастар дауысы – әділ қоғам үшін!» атты форум өтті.

Кездесуге аудан орталығында орналасқан агробизнес және менеджмент, медициналық, политехникалық, заң колледжінің студенттері қатысты. Форумның басты мақсаты – жастардың нашақорлыққа, киберқылмысқа және буллингке саналы көзқарасын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, сондай-ақ спорт арқылы салауатты және белсенді өмір салтын насихаттау.
Шара қатысушыларына «Есірткіге жол жоқ!» деп аталатын арнайы бейнеүзінді көрсетіліп, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев сөз алды.
– Баршаға белгілі, 2025 жылғы 1 сәуірде «Қоғамда құқықтық тәртіп идеологиясын ілгерілетудің 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды. Осы қаулыны іске асыру үшін Талғар ауданының әкімдігі іс-қимыл жоспарын бекітті және оның орындалуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудандық полиция басқармасымен бірлесіп Талғар қаласында құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, нашақорлықтың, интернет-алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірқатар іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұсынысы бойынша «Құқықтық тәртіп» жобасы шеңберінде Талғар ауданының 10 мектебі мен 3 кәсіптік білім беру ұйымында республикада бірінші рет пилоттық режимде құқық сабақтары енгізілді.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, әділ және қауіпсіз Қазақстанды құру үшін құқық пен тәртіптің үстемдігін түбегейлі орнықтыру қажет. Бұл барлық азаматтың мүддесін, құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мызғымас тірегі. Сондай-ақ қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру және құқық қорғау органдарының жүйесін жетілдіру өте өзекті. Бұл – ауқымды және маңызды міндет. Сіздерге осындай маңызды шараларға белсене қатысып, қоғамды дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтқым келеді, – деді Айбек Дүйсембекұлы.
Форумда облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мақсат Кенешов те өз ойын ортаға салды. Аудандық мәслихат депутаты, облыстық полиция басқармасы жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Марат Әлиманов құқықтық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екеніне екпін түсіріп, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жастардың ерекше рөлін атап өтті.
Бұдан кейін аудан прокурорының орынбасары Расул Көпбаев былтыр сауда айналымынан 21 тонна есірткі заты алынғанын, 63 есірткі зертханасы жойылғанын, 7 мыңға жуық интернет-ресурс анықталғанын, қазіргі кезде есірткі бизнесі біраз өзгергенін атап өтті. Бұрын есірткі көшеде таратылса, қазір мұның бәрі интернет-мессенджер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалады. Құрбандар көбінесе жастар болып шығады. Прокурор бұған бірқатар нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, есірткі бизнесі – бұл бизнес емес, тура түрмеге апаратын жол, бүлінген тағдыр мен өксікке толы өмір. Ол жастарға қылмыстық жолмен табылған жеңіл ақша емес, болашақта оқу және жұмыспен байланысты лайықты өмір жолын таңдау аса маңызды екенін ескертті. Ал Алматы облыстық полиция басқармасы киберқылмыспен күрес бөлімінің аға уәкілі, майор Керім Әлібек жастарға алаяқ, дроппер деген ұғымдарды түсіндіріп, оларды әлеуметтік желілерде сақ болуға шақырды.
Есірткі қылмысымен күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі бөлімінің өкілі, подполковник Алтын Темірғалиева форум қатысушыларына есірткінің түрлері, оларды өткізу, сақтау және дайындау бойынша егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ форумда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы облысы бойынша аға прокуроры Диана Рахатова, Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының психологиялық зертханасының меңгерушісі Мөлдір Әміртай, экстремизмге қарсы күрес департаментінің аға жедел өкілі Данияр Берқалиев те сөз алды.
Сұрақ-жауап форматында өткен форум жастар үшін пайдалы болғаны сөзсіз. Сондай-ақ бұл бастама мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өзара іс-қимылының нақты үлгісі екенін де айта кеткен жөн. Өңірден 500-ге жуық жасты жинаған іс-шара барысында құқықтық мәдениетті жетілдіру, заң бұзушылықты болдырмау, есірткі қылмысы, киберқылмыс және діни экстремизм сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту жолдары туралы еркін пікір алмасты.
Форум аясында «Заң және тәртіп» тақырыбында көркемсурет көрмесі өтті. Онда жас суретшілер өз жұмыстары арқылы әділ қоғамның көріністерін ұсынды. Үздік жұмыстардың авторлары арнайы Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара соңында қатысушылар құқықтық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың ортақ борышы екеніне басты назар аударып, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жастардың ерекше рөлін атап өтті. Форум жастарға ойлануға және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға серпін берді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
