Перейти к содержимому

Абыройлы міндет

Ел тыныштығын қорғау, тәуелсіздікті сақтау – әрбір азаматтың парызы. Әскер қатарында қызмет ету – зор жауапкершілік. Бұл тұрғыда Қонаев қаласының тұрғындары да Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет етуде.

Былтыр күзде қаланың 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтары Қазақстан Республикасы әскери құрылымдарының қатарын толықтырды. Бұл – қала жастарының отансүйгіштік рухының жоғары екенінің айғағы. Осы орайда Қонаев қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жыл сайын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына жас сарбаздарды дайындауда елеулі жұмыстар атқарып, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосып келеді. Мерзімді әскери қызметке шақыру Қонаев қаласы әкімінің қаулысымен жылына екі мәрте жүргізіледі. Былтыр 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге шақыру 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жүзеге асырылады.  Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма тарапынан 17 жасқа толған ер-азаматтар медициналық тексеруден өтіп, әскери тіркеуге алынады.
Қарулы Күштер мен халық арасындағы байланыстың өзегіне айналған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма ардагерлермен кездесулер, әскери-патриоттық сабақтар, әскери-спорттық ойындар, саптық және патриоттық байқауларды білім ордаларымен бірлесіп ұйымдастырып, өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін арттыруға үлес қосуда.
Әрбір азамат ең алғаш отансүйгіштік қасиетті өз отбасында қалыптастырады. Сондықтан ата-аналар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімнің пайда болуы мен әскерге баруға ынталандыру үшін отбасындағы  тәрбиенің  маңызы зор екенін қаперінен шығармағаны тиіс. Осы орайда оқушылардың алғашқы әскери дайындық сабағына қатысуы да олардың патриоттық сезімін оятып, Отан қорғаудың әр азаматтың қасиетті парызы екенін түсінуге септігін тигізетіні анық.
Қонаев қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма ұжымы барлық ер-азаматты Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтап, Қарулы Күштердің айбыны асқақтап, даңқы арта беруіне тілектестік білдіреді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш  болып, көк Туымыз тәуелсіз мемлекетіміздің бейбіт аспанында мәңгі желбірей берсін!

Қанат ЖЕКСЕНБАЕВ,
Қонаев қалалық қорғаныс істері жөніндегі
басқарма бастығы