Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Зұфар Сейітжановтың негізгі зерттеу нысаны – қазақ халқының ауыз әдебиеті, тарихи эпос мәселелері және Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті. Ол қазақтың тарихи эпосының жанрлық ерекшеліктерін жан-жақты қарастырып, түркі тілдес халықтардың эпикалық жырларымен салыстыра зерттеп, ғылыми негізде жүйеледі. Ал әдебиетіміздің еншісі бөлінбеген бөлігі, әдебиет айдынына құяр бұлағы, арқырай аққан арналы саласы тағдыр талайымен арғы бетте қалған қандастарымызға тиесілі екендігі анық. Ғалымның талай жыл бойы томаға-тұйық өмір кешкен Қытайдағы қазақ әдебиетінің қайнарынан сусындатып, әдеби-рухани кеңістігіміздің көкжиегін кеңітіп, әдеби-мәдени мұрасын ел игілігіне, отандық ғылым қазынасына айналдырып келе жатқаны да қуантады. Зерттеу еңбектерінде рухани байлығымыздың бөлінбес бір бөлігі болып саналатын Шыңжаң өлкесіндегі қазақ әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктері, даму заңдылықтары, негізгі сарындары, көркемдік жүйесі ғылыми тұрғыдан жүйелі баяндалған. Осы тақырыптарға бірнеше монография, оқулық, оқу құралдарын арнады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, зерттеуші-ғалым, ұлағатты ұстаз Зұфар Сейітжановтың әдебиетсүйер қауымға алдымен ақын ретінде танылғанын біреу білсе, біреу білмес.
Ұстаз-ғалымның қаламынан әр жылдары «Рауан», «Таңшолпан», «Қос қанат», «Ерулік», «Жанарымда – жарық күн», «Жансарай», «Бәйтерек» өлең кітаптары дүниеге келген. Көзбен көргенін, көңілге түйгенін өлең арқылы жеткізу де – өнер. Адами болмыс пен ақындық әлеует ұштасып, әлеуметтің сан алуан қыры мен сырларын ақын жүрегімен сезініп, жырға қосса, ел мен жер тағдырын, атамекенге сағынышы мен туған жерге сүйіспеншілігін өлеңге арқау етсе, адам, табиғат, қоршаған орта құндылықтарын поэзия тілімен өрнектесе, несі айып?! Ойдағы оралымдар мен санадағы сапырылыстар, сезімдегі шарпысулар мен тіршіліктегі сан түрлі көзқарас мазалаған кезде, көңілдегі көрікті ойды өлеңмен өрнектесе, санаға сілкініс, жүрекке бұлқыныс керек мезетте, ойға өлең оралса, ішкі тебіреніс пен толғаныс сыртқа шығуға «ұмтылса», алдымен өлең көмекке келсе, несі мін?! Ақынға керегі осы, қалам мен қағаз түгесілмесе, ақын кесек ойға бай, өзгеше қабылдауға құмбыл, өзінше түсіндіруге шебер, әлемді өлеңмен әспеттеуге асық. Біз Зұфар Нұрсапаұлының қалам іздерінен осыны аңғарғандаймыз, өлең сөздерінен осыны парықтаймыз, «жанарына – жарық күн» сыйғызатын қабілетін бағалаймыз. Иә, ақын өлеңі – өмірі, ал өмірі – өлең.
Өлең деген – алаңдаған көңілім,
Өлең деген – қақ бөлінген өмірім.
Өлең деген – жүрегімнің лүпілі,
Сыр айтады сағыныштан бір күні.
Ақынның таяуда жарық көрген жыр жинақтарының бірі – «Соны соқпақ». Ақынның өзгеше жол іздеуге, ескі сүрлеуді жаңа соқпақпен алмастыруға, жаңа заман тынысын жырлауға келгенде жаңа жол, соны соқпақ іздеуге қақысы бар. Ақын соқпағы даңғылдарға ұласа бермек.
Мен жолыма сыйлайын деп гүл еккем,
Соны соқпақ құтқарады түнектен.
Арылса екен көңілдегі шер-шемен,
Қуансын деп өлең жаздым жүректен.
Туған елдің амандығын тілеп, әр күнінің шуақты, әр таңының арайлы болуына алаңдайтынымыз анық. Ал осы тілек ақын жанынан сыр болып ақтарылса, қаламынан жыр болып төгілсе, жаның жадырап, көңілің шарықтайтыны анық, ал мерейің тасып, мейірің қанатынын сезіну – өз алдына бір ғанибет емес пе?!
Ақын Зұфар Нұрсапаұлының «Соны соқпақ» атты жыр кітабының алғашқы беттерінен-ақ елге сәлем, атқан таңғы сәлем, жарық күнге сәлем, алып тауға сәлем беріп, әр күнімізге сәттілік тілеуден бастауы – көңілдің ажарын кіргізіп, оқырман санасына соны серпін беретіндей. Атқан таң мен шыққан күн – жаңа өмірдің бастауы, қайнаған тіршіліктің қалғымайтынының куәсі.
Сыршыл ақын қашанда сезімтал келеді. Айналасына бей-жай қарамсайды: адамдардан сыр іздейді, табиғаттан жыр іздейді. Туған ел мен жер тағдырына алаңдайды, алаң көңілі адам өміріне ізгілік нұрын сепкісі келіп тұрады. Табиғатпен жаны егіз ақын жүрегі тіршіліктің әр сәтінен таяныш іздеп, дала мен қала дүбіріне көңіл дүрбісімен үңіледі, табиғат мезгілдерінің ерекшеліктерін, өзіне тән мінезін адам көңіл ауанымен үйлестіре жырлайды. Табиғатпен сырласу ақын жанып жадыратып, көңілін сергітеді. Балалық шаққа саяхат жасатып, өткен күндерге деген сағынышын сейілтеді, бүгінгі кезеңнің түйінін, тіршіліктің тауқыметін тарқатуға септеседі, болашағының баяндылығына сендіріп, үміт сәулесін себелетеді. Мәселен, «Алатау» өлеңінде:
Қызыл түлкі бұлаң қақса сол маңнан,
Құзар шыңнан қыран ұшып қомданған.
Айбар таудың сан сырына қанығып,
Абыз ақын ой түйеді толғанған, – дейді.
Ақын тауды жалаң күйінде суреттемейді. Жауды жеңіп, малдас құрып отырған батырға теңейді, атқылаған ақ бұлақтар мен сері самал адам жанын елітіп, күн нұрының қыр гүлін аймалайтынына куә етіп, қылтадан шыға келген қызыл түлкі жастық дәуренін көзге елестетіп, алып Алатау мен абыз ақын-қария өзара сырласқандай күй кештіретіні – Зұфар ақынның табиғатпен үндестігін, ақын жүрегінің сезімтал һәм сергектігін ұғындырғандай. Біздіңше, тау – тыныштықтың, тұрақтылықтың, беріктіктің символы. Тазалық пен асқақтық та тауға тән. Ақынның таумен сырласып, көркі мен айбарына сүйсінуі арқылы да адамның сабырлы, сырбаз, салмақты қалпының таумен, табиғатпен үндестігін көрсетіп тұр. «Шалкөде жайлауы» өлеңінде:
Шалкөде,
Ойқарағай,
Жерің биік,
Емеспін кете алатын көңіл қиып, – десе, енді бірде:
Көсілген көкжиекке қарай берем,
Үзілмей сағыныштың ала арқаны, – деп сағымдай бұлдыраған дала көкжиегінен алыста қалған балдәурен жастық шағын іздейді. Қалқыған қазбауыр бұлтты анасының ақ шәлісіне ұқсатады.
Табиғатты, оның мезгілдерін жырлау, мезгіл мінезінің адам табиғатымен үндестігі мен үйлесімділігін өлең өзегі ету – ақындар үшін жазылмаған заң болғанымен, қалыптасқан үдерістей қабылданады. Жыл мезгілдерінің өзгеден гөрі ақын жанына әсері бөлек екені анық жайт. Ақын төңірегіндегі көзге көрінгенін жырламайды, жан дүниесі сезінгенін жырға қосады, ақын сезімі алдамайды – адамның көңіл ауанымен, ішкі жан әлемімен сабақтастыра суреттеуге бейім. Әр мезгілден сыр суыртпақтайды, әр күннен бойға қуат, ойға нәр іздейді. Өмірдің әрбір сәтінен шуақ, қатал қалпынан да қуат табады. Зұфар Нұрсапаұлының қаламынан аталмыш мезеттер, сәттер, дүниелер жарасым тапқан, өлеңінен осы ізгі қасиеттер бой көрсеткен. Мысалы, «Кел, көктем», «Мамыр», «Мамыр-ару», «Күз суреттері», «Қиқар қыс», «Мамыр айы» сияқты өлеңдері осы сөзіміздің айғағындай.
Ақынның қаламынан туған тегеурінді жырлардың ішінде көктем, оның қасиеті мен құдіреті жайлы жазғандарының бәрібір десі басым. Ақын жаны көктемді іздейді, ақын жыры – алғаусыз көңілмен біте-қайнасқан. Ақын өлеңі сұлу әлемімен елітіп, бойға желік бітіріп, қырға қарай еріксіз еліктіріп әкететін мезетті аңсайды. Адамзатты елжірететін мезгіл – ақынды айналып өтпейді, ақынмен бірге жасап, онымен бірге өмір сүреді. Табиғаттың тынысын сезе алатындар көп, ал ағаштардың бүрінен көктемнің күлгенін байқай алатындар сирек болар. Ақын көзі – қырағы, мұндай сәтті көңіл көзімен көріп тұр.
Ұйықтама, түнімен,
Көктем күлді ағаштардың бүрінен.
Рахман нұры құйылады хош иіс
Ойдым-ойдым қызыл шоқтай гүлінен.
Ал мамыр айы ақынның ғана емес, адамзаттың да сағына күтетін, қайталанбас сұлулықтың сиқыры, «Оятады ақ сезімін адамның» – деп Зұфар ақын жырлағандай ғажап сұлулығымен тамсандыратын мезгілі. Ақын мамыр айын бірде асылына балайды, маңдайдағы бағына санайды, алабұртқан аруға теңейді, енді бірде жалындаған жастықтың жалына бөлейді. Тұмса табиғаттың әсіресе, мамыр айының ақын жүрегін іңкәр көңілмен тербейтінінің тағы бір сырын ұққандаймыз.
Ақын өлеңдерінің бір шоғырын арнау өлеңдер құрайды. Ұстаздары мен тұстастарының кісілік келбетін, адами болмысын ақындық қуатпен әрлейді, шәкірттік ізетпен ілтипат білдіреді, қаламдас пен замандасқа құрметін аямайды. Партизан-жазушы Әди Шәріпов болмысын «Батыл едің, батыр едің қайтпайтын, Өз кезінде бірі болдың ірінің» деп бағаласа, академик Серік Қирабаевты «Дақ түспеген ізгілік ары басым, Ойы – теңіз, ғұлама жаны – жасын» деп сипаттайды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың шешендігіне «Есілетін, шешілетін сөйлесе, Терең тарттың шешендіктің түренін» деп ерекше ден қояды. Шарапаты тиген адам деп алқау арнамайды, иісі Алаш баласына сіңген еңбегі үшін өлеңмен марапаттайды, көңілмен көк дөненге мінгізеді. Ізет пен құрметке, мейір мен шапағатқа толы арнаулардың ағысы кең өзен секілді, елге де жағады, ердің де көңілін табады. Тұрсынбек Кәкішевтің өзіне тән ерекшелігін «Талай елдің ақтарып мұрағатын, Асқақ атын Алаштың шығаратын» деп тап басып сипаттаса, «Ел бақыты тілінде деп жар салып, Бозторғайдай шырылдадың кім үшін?» деуінен Рахманқұл Бердібаевтың тіл үшін күрескен ерлігі есімізге түседі.
Бүгінгі дәуір – дүние дидары құбылып тұрған кезең. Әлемдегі дүбірге ақын жүрегі алаңдаулы, ұлт қамы, ұрпақ болашағы алаңдататыны анық. Құйындай құбылған заманда «дүние деп қанағатын ұмытқан, санасына байлық сіңіп құныққан» адамдарды ойлап, «Тынымы жоқ мазалайды тіршілігім, қайда кетті ынтымақ пен бірлігім?» деп қамығады. Енді бірде «Көре алмаған күншілдердің қылығы, Кісілігі қайда кеткен адамның?!» деп торықса, ал тағы бірде «Сан құбылған сағымдай мінезіңе, Салқын тартып жауыңдай кектенемін» деп ашығын айтады. Татулық пен ынтымақты көксейтін ақынның кермінезділерге үкімі қатаң, айтары анық.
Менің жаным сиқырлы әлем секілді,
Жоқ іздеген жолаушының өзімін, – деп жырлайтыны тағы бар.
Жоқ іздеген жолаушының мұратына жетеріне сенгіміз келеді. Адалдықты ту еткен, тазалыққа тәу еткен пенде атаулының арам-аңсары осы емес пе? Иә, ақын жыры – адамзаттың мұңы, ақын өлеңі – тіршіліктің өзегі. Балалық – балдәурен, жастық шақ – жалынды кезең, ақ айдында желкен керген азаматтың ағалық дәуірі мән-маңызы салмақты, жауапкершілігі ауыр, ғибраты мол дәуір іспетті. Қазыналы қарияға – көл-көсір дарияға айналар, сағынышы жұбанышына ұласып, көргені мен көңілдегісі қуатына дем берер, ақындық әлеуеті әлеуметіне әл берер мезет – дәл осы сәт. Зұфар ағаның ақындығы ақылмандыққа, ұстаздығы ұлт ұстынына, ғалымдығы ғұмырына өзек, өміріне арқау, тіршілігіне арна болып тартылғандай. Қаламыңыз қолдан түспесін!
Шоқан ШОРТАНБАЙ
әдебиеттанушы
