Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасының азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен жүздесуде тараптар екіжақты ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Кездесуде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын сөз етіп, агросектор облыс экономикасының басым бағыттарының бірі екенін айтты. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық достығы арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтерілгенін тілге тиек етті. «Достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 миллиард 257 миллион АҚШ долларына жетті. Мұның негізгі бөлігі ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына тән. Аймақтың аграрлық әлеуеті жоғары, ал қытайлық әріптестердің заманауи агротехнологиялар мен ғылыми тәжірибесі біз үшін құнды. Бүгінде екіжақты әріптестік аясында ғылыми зерттеулер, тұқым шаруашылығы, өнім өндіру және өңдеу бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асырудамыз», – деді Марат Елеусізұлы.

Өз кезегінде ҚХР-дың азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының басшысы Лю Хуаньсинь екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін, ал Алматы облысының зор климаттық және логистикалық мүмкіндікке ие екенін жеткізді. «Қазақстан Қытай үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің тұрақты тізбектерін дамытуда маңызды серіктес саналады. Біз облыс әкімдігімен бірге астық саудасы, логистика және қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды қолдауға дайынбыз», – деді ол.
Кездесуде астық саудасындағы цифрлық құралдарды дамытуға айрықша назар аударылды. Әсіресе, астық саудасында бірлескен сауда платформасын құру мәселесі кеңінен талқыланды. Сонымен қоса Қытай тарапынан астық пен майлы дақылдарды сатып алуға ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, логистикалық хабтар құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу мен тамшылатып суаруда өзара тәжірибе алмасу жайлы ұсыныстар айтылды. Кездесу соңында Қытай тарабы облыс кәсіпкерлерін өз елдерінде өтетін ауылшаруашылық өнімдер көрмесіне шақырды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара әріптестікті нығайтуға және нақты бірлескен жобаларды пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Нақты деректерге жүгінсек, былтыр Қытайға экспортталған агроөнеркәсіп өнімдерінің көлемі 35,3%-ға өсіп, 1,43 млрд АҚШ долларын құрады. Ал биыл сәуір айына дейін экспорт көлемі 82,4%-ға артып, 550 млн долларға жеткен. Қазір екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін экспорттауға қатысты хаттамаларға қол қойылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 21 түрі және мал шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бар.
Ерзат АСЫЛ



