Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Оған облыс басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұрлыбек Нәлібаев алдымен PepsiCo Central Asia зауытында, «Алтын таға» ӨК» ЖШС өндіріс орнында, «Қайрат» индустриалды аймағында, «Almaty Insulation» ЖШС-да болды. Бұдан өзге, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына ұзындығы 1,6 шақырым болатын қосалқы жолдың құрылысы, «Gate-City» автоматтандырылған газ тарату стансасының техникалық жағдайы, «Көкпа 110 кВ» стансасының резервтік желісін қалпына келтіруге қатысты мәлімет берілді.
– PepsiCo Central Asia экономиканы әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыты бойынша маңызды орын алады. Оны уақтылы іске қосу үшін тиісті қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сапар барысында инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, машина жасау өнімдерін лицензиялау және сертификаттау, өнімді отандық өндіріс тауарлары тізбесіне енгізу, қайта қаржыландыру мәселелері де айтылды. Бүгінде Алматы облысында жалпы аумағы 8 904,77 гектар болатын 21 индустриялық аймақ құрылған, олардың жиынтық инвестициялық портфелі – шамамен 1 трлн теңге. Қолданыстағы индустриялық аймақтарда 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Негізгі инвестициялық портфель «Қазыбек бек», «Қайрат», «Шелек» және «Береке» индустриялық аймақтарында шоғырланған. «Қайрат» индустриялық аймағына барған Нұрлыбек Нәлібаевқа өнеркәсіптік аумақтардың дамуы туралы мәлімет берілді. «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Ербол Шоқаевтың хабарлауынша, электр және газбен қамтамасыз ету мәселелері әлі де толық шешімін таппай отыр. Одан бөлек электрмен уақытша қамту, теміржол инфрақұрылымын, жер телімдерін пайдалану, газ тапшылығы сияқты мәселелер бар.
– Мемлекет басшысы Алматы облысындағы 5 өңірлік индустриялық аймақтың инфрақұрылымын қаржыландыру, оның ішінде ұлттық даму институттары арқылы қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Бұл жұмыс Үкіметтің тікелей бақылауында. Өңір әкімдігі Энергетика министрлігімен бірге елді мекендер мен индустриялық аймақтарды газдандырудың жаңартылған схемасын әзірлеп, қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету жолдарын қарауға тиіс, – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Қайрат» индустриялық аймағына да барып, құрылыс материалдарын шығаратын «Аlmaty Insulation» ЖШС өндірістік алаңын аралап көрді. Мұнда салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 59,8 млрд теңге, сонымен қатар 240 тұрақты жұмыс орны құрылған. Бірінші вице-Премьер құрылыс компаниялары отандық тауар өндірушілерден өнімдерді басымдықпен сатып алуы қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Алматы облысының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Нұрлыбек Нәлібаев «Алматы – Талғар», «Алматы – Бішкек» автожолының учаскесін кеңейту, «Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен және Үлкен Алматы айналма жолының мүмкіндіктерімен танысты.
«Алматы – Талғар» автомобиль жолының 13-21 шақырым учаскесін кеңейту бойынша жұмыс жобасы аясында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 17,2 млрд теңге. Оның аясында жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, бүкіл учаске бойына жарықтандыру жүйесін орнату, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, сондай-ақ жаяу өткелдерде заманауи бағдаршамдар орнату көзделген. Ал «Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жобасы бүкіл еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырым учаскесін кеңейту жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген және биыл 9 сәуірде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына барды. Бұл жол Алматы облысының Қарасай, Талғар және Іле аудандарының аумағы арқылы өтеді. Көлік құралдарының орташа тәуліктік қозғалыс қарқындылығы шамамен – 85 000 автокөлік. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 66 шақырым, оның ішінде 6 жолақты бөлігі – 51,5 шақырым, 4 жолақты бөлігі – 14,5 шақырым.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Алматы облысында жылу инфрақұрылымы, газбен қамту, Қонаев және Алатау қалаларын дамыту жобаларымен де танысты. Қонаев қаласындағы «Жылу орталығы» коммуналдық кәсіпорнында оған ЖЭО-ның өндірістік қуаты, жылу желілерінің жай-күйі және Қонаев қаласын тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығы, Алматы агломерациясындағы елдімекендерді газбен қамту, жүзеге асырылған жобалар мен газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарлары туралы айтты. Сапарда Қонаев қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаладағы орталық қазандық облыс орталығын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін арнайы техника сатып алу және жылу желілерін күрделі жөндеу мәселелері қаралып, Қонаев және Алатау қалаларын дамытудың перспективалық жобалары таныстырылды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдігіне инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру, халықты тұрақты коммуналдық қызметтермен қамту және қысқы маусымға сапалы дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС



