Перейти к содержимому

Батырларға бас иеміз!

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне орай, Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы жастар саябағының «Ерлікке тағзым» аллеясында патриоттық шара өтті. Қоғам қайраткері, жазушы Бақтығали Айжігітовтің бастамасымен, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібековтің қолдауымен өткен «Батырларға тағзым» атты мерекелік жиынға қала тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Шара басында Мемлекеттік Гимн орындалып, аллея ортасында орналасқан ескерткішке аудан және қала әкімі, аудандық мәслихат, қоғамдық ұйымдар мен аудандық орталық аурухана ұжымы атынан гүл шоқтары қойылды. Ахмет Байтұрсынов атындағы №7 орта мектеп-лицейі оқушыларынан құралған хордың орындауында тамаша патриоттық ән шырқалды.
Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мақсатындағы тағы­лымды шарада сөз сөйлегеген филология ғылымдары­ның докторы, академик Анарбай Бұлдыбайұлы:
– Жеңіс мерекесі – қасиетті күн! Бұл күнге аталарымыз, әкелеріміз үлкен еңбек сіңірді. Біз соны іздеп, Бақтығали Сақымқожаұлымен талай жерге бардық. Мен екі жайтты ғана айтайын, Мәскеуді кім қорғады десе, оны орыстар, Сібірден келген әскер қорғады дейді. Біз сол Мәскеуді қорғаған екі дивизия туралы деректер жинадық. Сөйтсек, 316-дивизия осы Талғарда құрылған. Оның штабы Алматы қаласындағы Гоголь көшесі мен Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы, қазіргі «Көкіл» мектебінде орналасқан. Сол Панфилов дивизиясы Волоколамск тас жолында керемет ерлік көрсеткенін білесіздер. Ал 318-дивизия Бішкекте жасақталған. Ол Варшава тас жолында немістерді тоқтатқан.
Менің екі нағашым осы екі дивизияның жауынгері ретінде Мәскеуді қорғауға қатысқан. Олармен бірге ерлік көрсеткен – Мәскеудің өз тұрғындары, халық жасағы. Осы екі дивизия мен Мәскеу халқы неміс­тердің жолын бөгеп, тоқтатқаннан кейін ғана Сібірде жасақталған әскерді әкеліп, атақ пен абыройдың бәрі 316, 318 дивизияға емес, басқаларға кетті.
Тағы бір нәрсе – Орлов облысы Буденов ауданы Дмитриевка деген ауылда қаза болған қазақтардың – 50 офицер, 500 жауынгер, аты-жөнін 70 жылдан кейін архивтен тауып алдым. Әрине, олардың арасында туысқан татар, қырғыз, ұйғыр ұлтының өкілдері, орыстар да бар. Мен бірақ 18 мың адамға қойылған ескерткіш тақтаның ішінен жаңағы 550 адамның бірде-біреуінің есімін таппадым. Ал олардың ерлігі – ешқашан ескірмейтін, ұрпаққа мәңгі үлгі болатын іс! Неміске атылған оқтың 99 пайызын Шымкент пен Текелінің қорғасын зауыты дайындаған. Әжелеріміз, шешелеріміз өздері тойып тамақ ішпей, тоңып жүрсе де азық-түлік пен жылы киімдерін майданға жіберген. Олардың қаһармандық күресі өскелең ұрпаққа өшпес өнеге, – деді академик Анарбай Бұлдыбайұлы.
Шарада Талғар аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков сөз алып, бүгінгі жиынның мәні зор, мағынасы терең екеніне тоқталды. Осы шараның өтуіне қолдау көрсеткен аудан және қала әкімдігіне, білім бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ Талғар ауданының білім беру саласындағы белсенді қызметі мен жас ұрпақтың бойына патриоттық сана-сезімді ұялатудағы нәтижелі жұмыстары, мектеп қабырғасында оқушылардың патриоттық рухын көтеру, ел тарихын үйрету ісіндегі орасан еңбегі үшін бір топ ұстазды Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты жиында аудандағы көптеген патриоттық іс-шаралардың бастамашысы, қоғам қайраткері Бақтығали Айжігітов те сөз алып, колледждің жастар саябағында «Ерлікке тағзым» аллеясын ашудың маңызы мен оның ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Бақтығали Сақымқожаұлы зайыбы Сәуле Нағмановамен бірге Жеңістің 81 жылдығына орай, өткен жылы Мәскеу облысының Волоколамск қаласындағы 28-панфиловшы батыр­лардың ескерткішіне гүл шоғын қойып, үлкен ас бергенін, Тверь облысындағы Ржевск ауданы, Трубино селосында да бауырластар зиратына гүл шоғын қойып, сол жерден топырақ әкеліп, «Ерлікке тағзым» аллеясындағы ескерткішке салғанын айта кеткен жөн. Келешекте әр жылы осы жерде жиналып, батыр аталарымызды еске алу, гүл шоқтарын қою тұрақты дәстүрге айналмақ.
Шара барысында қала мектептерінің өнерпаз оқушылары әскери-патриоттық тақырыптағы әндерді орындады. Жиналған жұрт соғыс қаһармандарын еске алуға арналған тағылымды шараның жоғары деңгейде өткеніне риза көңілмен тарасты.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы