Ашық аспан мен бейбіт күн үшін күрескен ерлердің есімі мәңгі ел есінде. 9 мамыр күні Еңбекшіқазақ ауданының халқы қан майданда қаза тапқан ержүрек жауынгерлердің рухы алдында тағзым етті. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аудандағы ескерткіштерге таңертеңнен жиналған жұрт жеңістің жалауын желбіретіп, жанқиярлық ерлікпен қан майданда қаза тапқан жауынгерлерді үнсіз еске алды.
Мұндай салтанатты жиын Есік қаласының орталығындағы ескерткіш алаңында да өтті. Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада тұрғындарды құттықтаған аудан әкімі Талғат Байеділов: «Бұл – халқымыздың қаһармандығы мен төзімділігін айқындаған, тарихта өшпес із қалдырған қасиетті күн. Жеңіс жолында жанын қиған боздақтарымыздың ерлігі – ұрпақ жадында мәңгілік сақталар асыл мұра. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің құрамында 35 миллионнан астам адам жауынгерлік міндет атқарды. Олардың қатарында 1 миллион 200 мыңнан аса қазақстандық майдан шебіне аттанып, ел қорғау жолында ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Осынау сұрапыл соғысқа Еңбекшіқазақ ауданынан 13 мың 151 азамат қатысып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен орындады. Алайда олардың жартысынан астамы туған жерге қайта оралмай, майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ел мен жердің азаттығы үшін жанын қиған боздақтардың есімі халық жадында мәңгі сақталып, олардың қаһармандық рухы кейінгі ұрпаққа тағылым болып қала береді», – деді.
Ауданымыздан шыққан Кеңес Одағының Батырлары – Қашаған Жаманқараев, Рақымжан Тоқатаев, Төле Кенжебаев, Төлен Қабылов, Аликбай Қосаев, Жүнісбай Қайыпов, Петр Вихрев, сондай-ақ «Даңқ» орденінің толық иегерлері Ыбырайым Қалдыбаев мен Николай Сушков – ауданымыздың мәртебесін асқақтатқан, ел тарихында өшпес із қалдырған қаһарман тұлғалар.
Елге қайсарлық пен ерліктің өнегесін танытқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жылдан-жылға сиреп жатыр. Бүгінде ауданымызда көзі тірі соғыс ардагері – Солтанбай Жарықбасов. Биыл қазыналы қарт 102 жасқа толып, ел батырларының сарқылмас рухы мен өшпес ерлігінің символына айналып отыр.
Сондай-ақ ауданымызда жеңіс күнін жақындатып, «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен тылда аянбай еңбек еткен 317 тыл ардагері бар. Олар қиын-қыстау кезеңде табандылық пен қажыр-қайрат танытып, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті өндірістік өнімдермен қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етті. Тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі мен отансүйгіштігі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала береді.
«Жеңіс күні – ұрпақты елін сүюге, татулық пен тұрақтылықты бағалауға үндейтін мереке. Біздің міндетіміз – әрбір соғыс ардагеріне және тыл еңбеккерлеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсету, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуын ұрпақтар жадында қастерлеп сақтау», – деген Талғат Ескендірұлы өз сөзінде қоғамда мейірім мен қамқорлықты насихаттауға бағытталған «Ардағым – ардагерім», «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары аясында түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге медициналық, әлеуметтік және қайырымдылық көмектер көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
Аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар және мекеме қызметкерлері – жалпы саны 400-ге жуық адам жиналған мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, елдің рухын асқақтатар әндер шырқалды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




