Перейти к содержимому

Ерлік пен елдік мерекесі

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Айтулы мереке аясында Қонаевтағы №58012 әскери бөлім базасында арнайы көрме көрсетіліп, Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік бағдарлама облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың Қонаев қаласындағы №58012 әскери бөліміне келуімен басталды. Шара барысында әскери бөлім аумағында қару-жарақ пен заманауи әскери техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдері көрсетілді.  Сондай-ақ инженерлік-саперлік бригаданың командирі, подполковник Қанат Тәңірбергенов қонақтарды әскери қызметшілердің казармалық тұрмысымен таныстырып, қазіргі әскери қорғаныс және шабуылдау құралдарының мүмкіндіктерін көрсетті. Өз кезегінде Қанат Болатұлы әскери қызметшілер мен сарбаздарды айтулы мерекемен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тіледі. Көрме ел қорғанысының қуатын айқындап қана қоймай, жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Мерекелік шараның жалғасы Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға ұласты. Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жиналған қауымды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл мерекенің елін, жерін қорғауды қасиетті парыз санайтын азаматтардың рухын асқақтататын ерекше күн екенін атап өтті.

— Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызметшілердің ғана емес, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген барлық азаматтардың ортақ мерекесі. Бұл – сарбаздар мен офицерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, бейбіт өмірдің баянды болуы үшін еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрмет, – деді ол. Өз сөзінде Ғани Айдарұлы Қазақстан Конституциясында мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы ретінде айқындалғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ қазақ халқының ежелден ерлік пен елдікті ту еткен халық екенін айтып, батыр бабалардың даңқты жолы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан армиясының рухани негізіне айналғанын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары қазіргі бейбіт өмірдің Қарулы Күштер, құқық қорғау органдары мен барша халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтып, ел шебін күзетіп жүрген азаматтардың кәсібилігі мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екені де ерекше назарға алды. Артынша бір топ әскери сала қызметкерлері мен әскери саланың жандануына үлес қосып жүрген жандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ  ел тыныштығы мен жер тұтастығын қорғау жолында қызмет етіп жүрген азаматтарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан марапаттады. Бүгінгі таңда Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етіп, армияны жаңғырту, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Жиында өңірдегі әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарының нәтижелері де жария етілді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және өзге де әскери құрылымдарды жасақтау жоспарына сәйкес жыл сайын облыстан 3,5 мыңнан астам жас азамат әскер қатарына шақырылады. Сондай-ақ облыстағы 447 мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 клуб жұмыс істейді. Бұл ұйымдарға 3236 оқушы тартылған. Аталған қозғалыс жас буынның азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайтуға, әскери қызметке деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды. Ел тыныштығын сақтау мен болашақ ұрпақтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету зор жауапкершілік пен қайсарлықты талап етеді. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандардың құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кеш Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы өнерпаздарының концертіне ұласты.

Отан қорғаушылар күніне орай барлық аудан-қалаларда мерекелік іс-шаралар өтті. Мәселен, Алатау қалалық Мәдениет үйінде  «Бейбіт өмірдің берік қалқаны» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Еңбекшіқазақ ауданындағы Т. Молдағұлов атындағы Мәдениет үйінде және Шелек ауылының орталық алаңында «PATRIOT FEST» атты жастардың арбат кеші, асық атудан және бес асықтан чемпионат, Аймен ауылында көкпар өтті. Жамбыл ауданының Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде «Erlik» жобасы аясында ашық есік күні ұйымдастырылды. Райымбек ауданының Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінде «Ер – елінің қорғаны» тақырыбында мерекелік шара, Кеген ауданында Отан қорғаушылар күніне арналған мәдени-көпшілік шара, Ж. Ермегияев атындағы орта мектепте ер мұғалімдер арасында мини-футболдан облыстық жарыс өтті. Қарасай ауданының Қаскелең қаласында «Ұстаз барысы» атты қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Талғар ауданында велоспорттан республикалық жарыс өтіп, бокстан  Есет Малғаждарұлын еске алуға арналған республикалық ашық турнирдің шымылдығы түрілді. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылдық Мәдениет үйінде патриоттық кездесу кеші өтті.

Алматы облысында Отан қорғаушылар мерекесі кең көлемде ұйымдастырылып, елдің рухын көтеретін, патриоттық сезімін асқақтататын мазмұнды, тағылымды шараларға толы болды.

Құралбек СӘБИТОВ