Алатау қаласы «Құйған» ықшамауданындағы №8 орта мектепте «Чернобыль қасіретіне – 40 жыл. Ерлікке тағзым» тақырыбында тағылымы терең, мазмұны бай, рухани әсері зор сұхбаттасу кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл шара өткенге тағзым, ерлікке құрмет, жас ұрпаққа өнеге беруді мақсат еткен маңызды рухани бас қосу болды.
Шара барысында қонақтарды қарсы алуға мектеп алдында ұлттық нақышта безендірілген «Қазақ үй» бұрышы жасалды. Бұл бұрышта қазақ халқының салт-дәстүрі мен қонақжайлығы кеңінен дәріптеліп, келген меймандарға ерекше ықылас көрсетілді. Қонақтар ақ дастарқаннан ауыз тиіп, қазақы құрметтің куәсі болды. Мектеп басшысы Жұлдыз Тайырқызы ұжымымен бірге келген қонақтарды жылы қарсы алып, ілтипат білдірді. Бұл сәт шараның мазмұнын ашып, ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің сабақтастығын айқындай түсті.
Кеш шымылдығы мектеп оркестрінің орындауындағы «Ата толғауы» күйімен ашылып, көрермендерді терең ойға жетеледі. Кеш тізгінін ұстаған Марат Жеңістің мазмұнды сөзі шара мәнін айқындап, қатысушыларға ерекше рух сыйлады. Кештің басты қонағы Құйған ауылының тумасы, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан батыр, қоғам қайраткері Нұрхайын Мұхиддинов болды. Оның өмір жолы мен ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Қиын кезеңде қауіпке қарамастан ел үшін қызмет еткен тұлғаның еңбегі ерекше құрметке ие. Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында қоғам қайраткерлері мен ардагерлер өз ойларымен бөлісіп, жастарға тағылымды кеңесін жеткізді. Сонымен қатар, Алатау қаласының әкімдігі мен білім бөлімінен келген қонақтар да сөз алып, кештің маңызын арттырды.
Басқосуда №8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айна Манарбекқызы мазмұнды баяндама жасап, батырларға арнаған «От жүректі батырлар» атты өлеңін оқыды. Бұл туынды көрерменнің жүрегіне жетіп, ерекше әсер қалдырды.
От жүректі батыр болып туғандар,
Жалындаған от ішінде тұрғандар.
Қайсарлық пен қиындыққа мойымай,
Халық үшін белді бекем буғандар, – деген ол Чернобыль ардагерлеріне жырдан шашу шашты. Аталған мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Диана Жандосқызы да «Ерлікке тағзым» атты жүрекжарды арнау өлеңін оқыды. Бұл өлең кештің мазмұнын тереңдете түсіп, батырларға деген құрмет сезімін одан әрі арттырды.
Кеш барысында оқушылар мен қонақтар арасында мазмұнды сұхбат өрбіді. Жастар өз сұрақтарын қойып, қонақтардан өмірлік тәжірибеге толы жауаптар алды. Патриоттық тәрбие, тарихты ұмытпау, ардагерлерге құрмет көрсету жайлы маңызды ойлар айтылды. Келесі бөлімде оқушылардың өнері көпшілік көңілінен шықты. «Аққу» және «Жетіген» билері орындалып, хор ұжымы әсерлі әндер шырқады. Венера Ақбаева мен Нұргүл Исаеваның орындауындағы «Қазағым жасасын» әні кештің ең маңызды бөлігіне айналды. Сонымен қатар Нұрхайын Мұхиддинұлының құрметіне ұлттық спорт түрі – асық ату турнирі ұйымдастырылды. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды. Шара соңында құрметті қонақтар мектеп ауласына шырша көшеттерін отырғызып, игі істің жалғасын көрсетті.
Бұл тағылымды кеш – ерлік пен елдікті ұлықтаған, өткен мен бүгінді жалғаған, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар берген маңызды рухани шара ретінде көпшілік жадында мәңгі сақталары анық.
Гүлназ КЕҢЕСБАЕВА
Алатау қаласы




