Бүгін, яғни 9 мамыр күні «AMANAT» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы қызметкерлері мен аудандық мәслихат депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагері Алим Кебировтың үйіне арнайы құттықтап барды.
Алим Кебиров 1942 жылы ұрыс даласына аттанған жауынгерлердің бірі болды. Белорусь, Украина майдандарында неміс басқыншыларына қарсы күресті. Жау қолындағы қалаларды, елді мекендерді азат ету үшін болған талай шайқастың бел ортасында жүрді. Львов қаласын дұшпаннан тазалау кезінде сол аяғынан оқ тиіп, госпитальға түседі. Бұдан соң әскери комиссариаттың шешімімен соғысқа жарамсыз болып, туған жеріне оралады. Бұл 1944 жылдың наурыз айы болатын. Соғыс жылдары «Ұлы Отан Соғысының І-дәрежелі ордені» мен «Украинаның Львов қаласын азат еткені үшін» медалімен және басқа да көптеген медальдармен марапатталады.
Елге келген соң да еңбек етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосады. Бүгінде 103 жасқа қараған қазына қарт ауылдастарының құрметіне бөленіп отыр. Оның соғыс өртін сөндіруге қосқан үлесін ұрпақ ұмытпайды. Соның бір дәлелі – бүгінгі көрсетілген құрмет.
«AMANAT» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы атынан барған депутаттар атамызға сый-сияпатын табыстап, осындай бейбіт күннің тууына үлес қосқаны үшін алғыстарын білдірді. Өз кезегінде атамыз да рақметін айтып, өткен күндердің естелігімен бөлісіп, енді елімізде ешқашан соғыс деген зұлматтың болмауын тілеп отыратынын айтты. Батасын беріп, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тіледі.
Анар Дүйсенбайқызы




