Елімізде сәуір айында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша Мемлекет басшысына деген халықтың сенімі жоғары. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының хабарлауынша, бұл көрсеткіш 86,7 пайызды құрады. Президентке деген сенімнің ең жоғары деңгейі жастар арасында тіркеліп, 91,4 пайызға тең болды.
«Бұл үрдіс сенім сипатының сапалық ерекшелігін көрсетеді. Жас буын мемлекет тарапынан ұсынылатын білім гранттары, түрлі бағдарламалар, цифрлық қызметтер және өзге де қолдау тетіктерін жиі пайдаланады. Сонымен қатар бүгінгі жастар елдің қарқынды даму кезеңінде қалыптасып келеді, бұл жағдай Президентке деген сенім деңгейіне де ықпал етпей қоймады», – делінген хабарламада.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, Президентке деген сенім деңгейі бойынша қала тұрғындары мен ауыл халқы арасында айтарлықтай алшақтық жоқ. Атап айтар болсақ, қала тұрғындарының сенім деңгейі 86,9%-ды, ал ауыл халқының сенімділік көрсеткіші 86,7%-ды құрады. Дегенмен сенімнің мән-мазмұны әртүрлі. Ауылдықтардың сенімі мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар және халыққа көмек ретінде берілетін жәрдемақы, төлемдермен тікелей байланысты болса, қала тұрғындарының сенімі жүйелі өзгерістерді қабылдаумен, олардың нәтижелерін бағалаумен ерекшеленеді.
Ерлер де, әйелдер де Президентке жоғары деңгейде сенім білдіретінін айта кеткен жөн. Тек әйелдер арасындағы сенім деңгейі ерлермен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары.
Білім деңгейі тұрғысынан жүргізілген талдау Президентке деген сенім көрсеткішінде елеулі айырмашылықтарды анықтаған жоқ. Респонденттердің білім деңгейінің әртүрлілігіне қарамастан, бұл көрсеткіш тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталуда.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, елде оң өзгерістер орын алып, экономикалық жағдай жақсарып, азаматтардың тұрмыс деңгейі артқан сайын мемлекеттің жарқын болашағына және Президентке деген сенім нығая түседі. Бұл экономикалық жағдайды оң бағалау мен Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдау арасындағы өзара байланысты аңғартады.
Алма ТОПАНТАЙ



