☀️
17°C
Қонаев
Сенбі, Мамыр 16, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ИНТЕРНЕТТЕГІ ИЛЛЮЗИЯ

    16.05.2026
    in Барлық жаңалықтар, Қоғам
    ИНТЕРНЕТТЕГІ ИЛЛЮЗИЯ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Ауылдың таңы ерте атады. Әсіресе көктем мен күз мезгілінде тір­шілік күн шықпай басталады. Қорадағы малдың дауысы, ауладағы тын­байтын тіршілік ауыл өмірінің өзгермейтін ырғағы секілді. Ауылдағы әр отбасының өз күйбеңі, өз арманы, өз есебі бар. Бірі несие жабуды ойлайды, бірі баласының оқуын, енді бірі үйдің жетіспеген дүниесін толықтыруды мақсат етеді. Шеткері үйдегі Сағындықтың да бар ойы отбасының тұрмысын сәл де болса жеңілдету еді.

    Ол облыс орталы­ғынан шалғай орналасқан осы ауылда туғаннан бері тұрады. Жазда құрылысқа жалданып, күзде мал сатып, қыста уақытша жұмыстар істеп күн көреді. Тұрақты табысы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қолында үнемі еркін жұмсайтын қаражаты бола бермейді.
    Үйінде жары Айжан мен үш баласы бар. Үлкені мектепке барады, ортаншысы балабақшада болса, кенжесі әлі анасының жанында. Ердің ісі түзде болғандықтан, Сағындық таң қылаң бере нәпақа қамымен үйден шығып кетеді. Ал шаңырақтың бар ауыр тірлігі Айжанның иығына артылған. Әсіресе кір жуу – күнде қайталанатын машақат. Қыстың қақаған аязында мұздай суға қолын малып, жаздың аптабында иіліп отырып кір жуу әйелді әбден қажытқан. Осындай сәттерде Айжан ауыр күрсініп: «Бір кір жуғыш машина болса ғой, шіркін!» – деп армандайтын. Сағындық та жан-жарының қалауына бейжай қарай алмады. Қолма-қол алатын ақша болмағандықтан, алғашында кір машинаны несиеге рәсімдемек болған. Алайда бұрынғы берешектер мен бұзылған несиелік тарих салдарынан екеуінің де атына тауар рәсімдеу тіптен мүмкін болмады. Содан бастап, Сағындық ақша жинай бастады. Артық шығынды қысқартты, өзіне қажет дүниенің кейбірінен бас тартты. Әр тиынды үнемдеп жүріп, ақыры 100 мың теңге жинады. Бұл олар үшін аз ақша емес еді. Қалаға барып, дүкен аралап, Айжанның қалаған кір жу­ғыш машинасын әні-міне әперемін деп жүргенде іздегенге сұрағандай болып, оның алдынан интер­неттегі жарнама шықты.
    Әлеуметтік желі арқылы жарқ ете қалған жарнамада қалаға бармай-ақ үйден тапсырыс беруге болатыны, тіпті тегін жеткізілетіні айтылған. Бұл Сағындықтың жұмысын жеңілдеткендей болды. Оның үстіне 50 пайыз жеңілдікпен ұсынылған соң, әлдеқайда арзан еді. Танымал брендтің заманауи кір жуғыш машинасы небәрі 55 мың теңге тұрады. Астында «тікелей қоймадан», «арнайы акция», «соңғы мүмкіндік» деген жазулар бар. Тауар туралы жазылған пікірлер де толып жатыр, барлығы оң бағасын берген. «Ауылға дейін жеткізді», «Сапасы тым керемет», «Дүкендегіден екі есе арзан», «Рақмет, тез әкелді» деген сенім­ді сөз­дерден Сағындықтың да қызығушылығы оянып, бірден сатушымен байланысқа шықты. Сол сәтте оның бойында күмән де, күдік те болған жоқ. Себебі Сағындық қазіргі қоғамда адамдардың интернетке сенуі қалыпты нәрсеге айналғанын білетін. Киім де, техника да, тіпті азық-түлік те онлайн тапсырыспен алынып жатқанын ойлап, бұл ұсыныстан да еш күмән көрмеді. Керісінше, мұны тағдырдың берген мүмкіндігіндей қабылдады. Сағындықтың хабарламасына жауап бірден келді. «Аға, акция бүгін түнге дейін ғана. Ертең бағасы көтеріледі. Қазір төлем жасасаңыз, таңертең жібереміз», – деді сатушы. Дауысы да сенімді, сөзі де тым сыпайы.Тіпті таңдау еркіндігі үшін қоймадағы барлық техникалардың видеосын жіберді. Жүк жөнелту қағаздарының суретін де көрсетті. Мұның бәрі Сағындықтың бойына сенім ұялатты. Сонда да ол ақшаны бірден аударуға асықпай, сатушыдан: «Төлемді жеткізгенде жасасам бола ма?» – деп сұрады.
    «Өкінішке қарай, акция бағасымен тек толық төлем арқылы жібереміз. Қазір сұраныс өте көп», – деген жауап келді. Бұл жерде алаяқтардың психологиялық тәсілі анық байқалады. Олар адамға ойлануға уақыт бермейді. «Соңғы күн», «соңғы дана», «қазір алмасаңыз, үлгер­мей­сіз» деген сөз­дер арқылы асық­тырады. Өйткені өз құрбанының асығыс шешімі алаяқтардың қалтасын қампайтары ақиқат. Сағындық мұны сол сәтте түсінген жоқ. Ол сатушыға қажет соманы толықтай аударды. Ертесі күні-ақ жеткізіп беретін болды деген үміт Айжанның да көңілін көкке көтерді. Денелерінен бір жүк түскендей жеңілдеп қалған екеуі ертеңгі күнді тағатсыздана күтті. Таң ата барлығы қалыпты болды. Сатушы өзі хабарласып, тауардың жолға шыққанын айтып, жүк көлігінің нөмірін де жолдады. Сағындық қуанып қалды. Олар үшін бұл әншейін техника ғана емес, әйелдің бейнетін азайтатын көмек қолы еді. Бірақ сол күткен күні, келеді деген уақытта ешқандай жүк машинасы да, ешқандай тауар да жетпеді. Сағындықтың бойына күдік ұялай бастады. Бірақ жолда бір жағдайлар болған шығар деп жамандықты ойламай күткеніне тағы бір күн өтті. Үшінші күні де келмегендіктен, Сағындық сатушыға хабарлама жазып, кейін қоңырау да шалды. Хабарлама оқылмады, қоңырау жауапсыз қалды. Сатушының байланыс нөмірі біржола өшті. «Әлеуметтік желі арқылы жазайын, бұл не сұмдық?!» деп желіні ақтарғанында, әйгілі жеңілдігі бар парақшаның да ұшты-күйлі жоғалып кеткенін көрді. Сол сәтте ғана барлығы түсінікті болды. Кір жуғыш машина ешқашан келмейді. Ақша қайтпайды.
    Олардың арманы біреудің пайдасына айналды. Тірнектеп жиған адал ақшасы да арам­пиғыл­дылардың қолында кеткеніне қатты күйінді. Сағындық өзін кінәлі сезінді. Айжан да ештеңе демеді. Дегенмен ер азаматты өз отбасының сенімін ақтай алмаған сәт үнемі ойға салды. Сағындық та уақыт өте келе мұндай жағдайдың жалғыз оның ғана басынан өтпегенін білді. Көрші ауылдағы танысы дәл осындай интернет-дүкенге алданыпты. Біреу құрылыс материалына тапсырыс беріп, ақшасынан айырылған. Тағы бірі арзан телефон аламын деп сан соғып қалған. Сонда ғана барып, бұл адамның қателігі емес, амалын тапқан алаяқтың құрығы екенін анық ұғынды.
    Бүгінде интернет-алаяқтық ең қауіпті қыл­мыстардың біріне айналды. Өйткені алаяқтың бет-бейнесі жоқ. Көзбе-көз, сөзбе-сөз кездеспеген соң да жылы сөйлеп, сенімге кіреді, жалған пікір жазады, қолдан парақша жасайды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жалған интернет-дүкендер өте көп. Олар көбіне нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тауар ұсынады, пікірлер мен жазылушыларды қолдан көбейтеді, «акция», «соңғы мүмкіндік» деген қысым жасайды, алдын ала төлемді толық талап етеді, бірнеше күннен кейін ізін суытады. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қылмыстарды дәлелдеу оңай емес. Көп жағдайда ақша ерікті түрде аударылғандықтан, адамдар уақыт жоғалтып барып құқық қорғау органдарына жүгінеді. Ал алаяқтар жалған аккаунт, бөтен карта, уақытша нөмір арқылы жұмыс істейтіндіктен, оларды табу ұзаққа созылады, тіпті табылмайды да. Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтардың басты қаруы – адамның ашкөздігі емес, қажеттілігі. Шынында да, Сағындық байығысы келген жоқ. Ол тек әйелінің бейнетін азайтып, отбасына қолайлы жағдай жасағысы келді. Ал алаяқтар сол жағдайды сәтті пайдаланды.

    Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен цифрлық сауаттылық керек. Тапсырыс бермес бұрын, кез келген интернет-дүкен туралы толық ақпаратты біліп алу қажет. Осы орайда мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады. Тауар бағасы шектен тыс арзан болса, күмәндану қажет. Дүкеннің заңды тіркелгенін тексеріп, пікірлердің шынайылығына назар аудару керек. Мамандар ешқашан алдын ала толық төлем жасамау қажеттігін де ұсынады. Ресми маркетплейстер мен сенімді платформаларды пайдаланып, күмәнді сілтемелерге өтпеу керектігін де айтады. Расымен де мұндай жағдайда ең бастысы – асығыс шешім қабылдамау. Асығу арқылы адам қателікке бойалдырады. Ғаламтордың адам өмірін жеңілдеткені ақиқат. Бірақ онымен бірге көзге көрінбейтін қауіптер мен қатерлердің барын ұмытпауымыз қажет. Виртуалды мүмкіндік шынайы өкінішке жеткізбес үшін кез келген жағдайда аса сақ болған абзал.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Соңғы жаңалықтар

    Ел құрметтеген ел ағасы
    16.05.2026
    Тұлғаларға тағзым
    16.05.2026
    ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
    16.05.2026
    Өркениет бастауы
    16.05.2026
    Ән қанатында
    16.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>