Көктем келісімен ел көлемінде кең қанат жайған республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Райымбек ауданында да айрықша серпінмен, үлкен ұйымшылдықпен жүзеге асырылуда.
Табиғаты тұмса, таулары асқақ, бұлақтары мөлдір шекаралы өңір тұрғындары туған жердің тазалығы мен көркеюін ортақ міндет санап, игілікті іске белсенділікпен атсалысып келеді. Тағы бір ерекшелік – биылғы тазалық, көгалдандыру-көркейту жұмыстарынң бәрі де ауданның құрылғанына 90 жыл толу мерейтойымен тығыз байланыстырыла жүргізіліп отырғаны. Осы уақытқа дейін «90 жылдыққа – 9000 ағаш» акциясы аясында белгілі аумақтарға әртүрлі ағаштар отырғызылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Аудандағы барлық ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен арық-атыздар тазартылды. Саябақтар мен демалыс орындары ретке келтірілді. 230 тонна күл-қоқыс пен қатты қалдықтар сыртқа шығарылды.
Ал ағымдағы аптаның бейсенбісі, яғни бүгінгі ұйымдастырылған шараның маңызы тіпті бөлек болғаны анық. Өйткені, бұл жолғы бастама тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, келер ұрпаққа көк желекке малынған өңір қалдыру тұрғысындағы тағылымды іске ұласты. Алматы облысы әкімінің ауылдарды, туристік аймақтар мен жол бойларын көркейту-көгалдандыру жөніндегі бастамасына тал-терек, қарағай, қайың, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу арқылы қолдау білдірген аудан тұрғындары жақсы ниеттен туындаған тағы бір игі іске жұмыла кірісті. Атап айтқанда, күре жолдың жиектеріне қарағаш тұқымдарын себуді, сол арқылы болашақ жасыл белдеуді негізін қалауды қолға алды.
Тағылымды шара Қайнар ауылдық округі аумағында таңғы сағат 7-00-ден басталды. Мақсатты іске Қайнар, Текес, Тегістік, Қақпақ ауылының тұрғындары, аудандық, ауылдық әкімдіктері мен мекеме, ұйымның жұмысшы-қызметкерлері, «Нарынқол орман шаруашылығы» КММ орманшылары, барлығы 150-ден аса адам қатысты. Олар Қайнар – Текес бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдың оң жақ жиегіндегі алдын ала дайындалған ұзындығы 1 шақырым аумаққа 300 келі қарағаш тұқымын екті.
Шара барысында аудан әкімі Дастан Құдабаев экологиялық акцияның маңызына тоқталып, туған жердің табиғатын аялау әр азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтті.
-«Таза Қазақстан» акциясы – тек сенбілік немесе тазалық шарасы ғана емес, Жер-Анаға деген жанашырлықтың айқын белгісі. Бүгін егілген әрбір тұқым ертең жайқалған жасыл желекке айналып, ауданымыздың ажарын бұрынғыдан да аша түсетіні анық. Табиғатты қорғау мен көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады, – деген аудан әкімі биыл аталаып өтетін ауданның 90 жылдығына тазалық жұмыстарының тигізіп отырған пайдасы зор екенін де тілге тиек жасады.
Бұл күнгі шара Қарасаз ауылында да зор ұйымшылдықпен өткізілді. Ауыл тұрғындары ауылдағы саябақтарға,мәдени орындарға, ескерткіштердің айналасына, адам көп жүретін аумақтарға 1000 түп америкалық «Калифорния көктерегі» мен қарағаш көшеттерін отырғызды. Басқа ауылдарда да әдеттегісінше тазалық жұмыстары талапқа сай жүргізілді.
Шын мәнінде, елдімекендерді көгалдандыру – өңір экологиясын жақсартып қана қоймай, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға, туризмді дамытуға оң ықпал ететін маңызды қадам екені белгілі. Көпшіліктің бұл күнгі атқарған еңбегі туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсеткені анық.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




