Перейти к содержимому

ҚАСИЕТТІ БОРЫШ!

Қадірменді жерлестер, ардақты ардагерлер!
Құрметті әскери қызметшілер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – елін, жерін қорғауды қасиетті парыз санайтын әрбір азаматтың айбынды рухын асқақтататын, Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісіне айналған айрықша мереке.
Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызметшілердің ғана емес, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген барлық азаматтың ортақ мерекесі. Бұл – сарбаздар мен офицерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ бейбіт өмірдің баянды болуы үшін еңбек етіп жүрген жандардың еңбегіне көрсетілген құрмет.
Ата Заңымызда мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы ретінде айқындалған. Бұл ұстаным ел тағдырына деген ортақ жауапкершілікті білдіреді.
Қазақ халқы ежелден ерлік пен елдікті ту еткен. Тарихымыз елін қорғаған батырлардың даңқты жолымен өрілген. Бүгінде сол рухтың жалғасын табуы – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі.
Бүгінгі бейбіт өмір – Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау органдарының және бүкіл елдің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ел шебін күзетіп жүрген азаматтардың кәсібилігі – мемлекет тұрақтылығының кепілі.
Мемлекет басшысы Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге ерекше мән беріп келеді. Қазіргі таңда армиямыз жаңғыртылып, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және басқа да әскери құрылымдарды жасақтау жоспарына сәйкес жыл сайын 3,5 мыңнан астам жас өңірден әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуде. Сондай-ақ облыстағы 447 мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 клуб жұмыс істейді. Оларға 3236 оқушы тартылған.
Аталған әскери-патриоттық қозғалыс – өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін, отансүйгіштік қасиеттерін және әскери қызметке деген құрметін қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбие құралы.
Қадірменді қауым!
Отанды қорғау – әр азаматтың жүрегінен орын алған қасиетті сезім, елге деген адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ел тыныштығын сақтау, ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету – зор қайсарлық пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың қызметі – нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі. Ел тыныштығы мен жер тұтастығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздердің табанды еңбектеріңіз – Отанға деген адалдық пен ел алдындағы жауапкершіліктің жарқын дәлелі.
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Әрдайым ел сенімін ақтап, абырой биігінен көріне беріңіздер!
Еліміздің Көк байрағы мәңгі желбіреп, Тәуелсіз Қазақстанымыздың мерейі арта берсін!
Отан қорғаушылар күні құтты болсын!