Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында география және табиғатты пайдалану факультеті Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының жетекшілігімен «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі», «Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» білім беру бағдарламаларының 1-курс магистранттары Жандияр Көкен, Ботагөз Мұхамбетқалиева, Шыңғыс Сағын, Нұрсұлтан Сәлім, Рамазан Қаныбек, Ақлима Махамбетова, Әдия Молдабаева, Ерлан Сапыжановтардың ұйымдастыруымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған халықаралық гибрид форматындағы дөңгелек үстел өтті.
Тұрақты дамуға бағытталған іс-шараға оқытушылар мен студенттер, өндіріс орындарының еңбек қорғау саласының бас мамандары қатысты. Сонымен қатар онлайн форматта Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Караматдин Жаксымуратов сөз сөйлеп, еңбек қауіпсіздігіне қатысты ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Аталған университеттің магистранты Ұлдәулет Елшібекова тау-кен саласындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын айтты.
Конференцияның тәжірибе бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. «KazPromEducation» ЖШС құрылтайшысы Нұрболат Рысалыұлы өндіріс қауіпсіздігіне арналған түрлі заманауи құрал-жабдықтарды таныстырып қана қоймай, олардың жұмыс істеу қағидаттарын студенттер мен магистранттарға тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Өндірістік сектор өкілдері де мазмұнды баяндама жасады. Кафедра түлектері, «Sensata Almaty» компаниясының бас инженері Қайрат Бисенов пен еңбек қауіпсіздігі инженері Рахат Бақтыбай құрылыс алаңындағы еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік мәдениетінің маңызы туралы айтып, нақты тәжірибеде кездескен мысалдарымен бөлісті. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі, «Алма-Ата Проект» ЖШС директоры Әлішер Әбиев студенттерді бос жұмыс орындарына шақырды.
Іс-шараның тағы бір маңызды қыры оның кәсіби бағдар беру алаңына айналуы болды. Қонақтар магистранттарды өз ұйымдарында жұмыс істеуге шақырып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Бұл жас мамандар үшін үлкен мүмкіндікке айналып, олардың болашақ кәсіби жолын айқындауға ықпал етті. Бітіруші магистранттар Ақерке мен Жансая студенттердің оқу үдерісіне қажетті арнайы құрылғыларды сыйға тартты.
Конференция ары қарай интерактивті бөліммен жалғасып, қатысушылар зияткерлік викториналар мен командалық тапсырма арқылы өз білімдерін сынады. Бұл формат талқыланған мәселелерді тереңірек меңгеруге жағдай жасады. Жиын қорытындысында қатысушылар бір маңызды тұжырымға келді: ұйымның табысы ең алдымен адам факторына байланысты. Қызметкер өзін қауіпсіз сезінгенде, қолдау көрсетілген жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Сондықтан қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасын қалыптастыру кез келген ұйымның стратегиялық басымдығы болуы тиіс.
Айгүл ҚОЖАХАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының қауымдасқан профессоры,
техника ғылымдарының кандидаты




