Әдебиет – ұлттың рухани қазынасы, тарихи жады мен мәдени болмысының айнасы. Ұрпақ тәрбиесінде, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде және қоғамдық сананы қалыптастыруда әдебиеттің орны ерекше. Жас буынның өткен мен бүгінді салыстырып, өз елінің тарихын, мәдениеті мен өнерін тануына кітап оқу, әдеби шығармалар зор ықпал етеді.
Қазіргі таңда ғылым мен технологияның қарыштап дамуы, әлеуметтік желілердің кең таралуы әдебиет әлеміне де өзіндік өзгерістер әкелді. Заманауи қоғамның сұранысы мен жастардың қызығушылықтары күн сайын жаңарып келеді. Бұл үдеріс әдебиеттің мазмұны мен оны ұсыну тәсілдеріне де әсер етуде.
Кезінде Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялылары үшін әдебиет халықты оятатын, білім мен руханиятқа жетелейтін қуатты құрал болды. Ал бүгінгі күні әдебиет жастардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына жол ашатын, ұлттық құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды сала ретінде өз мәнін сақтап отыр.
Бүгінде жас ақын-жазушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тың көзқарастарын заманауи стильде жеткізуде. Олар шығармаларын дәстүрлі кітап форматымен қатар әлеуметтік желілер арқылы да кеңінен насихаттап келеді. Әсіресе, бейнеформаттағы әдеби контент жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл шығармашылық иелеріне өз ойын қалың аудиторияға жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде жас ақындардың әсерлі өлеңдері мен прозалық туындылары жиі жарияланып, көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Сонымен қатар журналистер мен блогерлер де әдеби-танымдық мазмұндағы материалдарды заман талабына сай жаңа форматта ұсынып жүр.
Қазіргі әдебиетті насихаттаудың ең тиімді тетіктерінің бірі – кинематография. Қазақстандық кино өнері ұлттық мәдениетті, тарихи мұраны және рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызды құралына айналды. Бүгінгі жастардың киноға деген қызығушылығы әдеби шығармалардың жаңа қырынан танылуына жол ашуда.
Әсіресе, әдеби шығармалардың желісі бойынша түсірілген фильмдер мен сериалдар оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырады. Экраннан көрген оқиғаның түпнұсқасын оқуға ынталанған жастар шығармадағы терең ой мен көркемдік ерекшеліктерді тануға ұмтылады. Сондықтан әдеби туындыларды экрандау – кітап оқуды насихаттаудың тиімді тәсілдерінің бірі.
Қалай болғанда да, қазақ әдебиеті бүгінгі күні өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол әлі де адамды рухани байытып, ойландыратын, ұлттық сана мен мәдениетті қалыптастыратын құдіретті күш болып қала береді. Сондықтан әдебиеттің жаңа форматтарын дамыта отырып, жас ұрпақты кітап оқуға баулу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Оразғали Кәусар Жұмағалиқызы
11-сынып оқушысы
№198 мектеп-гимназиясы
Алматы қаласы
