Өскемен қаласында Қазақстанның 17 облысынан жиналған 789 құрақшы шебердің басын қосқан республикалық «Аламан құрақ» байқауы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды шарада ұзындығы 2 шақырым аумаққа 789 құрақ көрпе төселіп, нәтижесінде «Record of West» рекорды жаңартылды. Байқауға қатысқан шеберлердің еңбегі жоғары бағаланып, алтын медальдармен марапатталды.
Аталған байқауға Алматы қаласы мен Алматы облысынан 103 шебер қатысса, олардың қатарында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінен шеберлер бар.
Байсеркелік шеберлер байқау қорытындысы бойынша алтын медаль иегерлері атанып, ұлттық қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, шара барысында жылқы жастықтарымен тағы бір рекорд орнатылып, байқауға алғаш рет қатысқан шеберлер күміс және алтын медальдармен марапатталды.
Байқау ұйымдастырушылары және Қазақстан Құрақшылар одағы жанындағы «Аламан құрақ» жобасының төрайымы Нұргүл Абайхан Байсерке ауылдық округінің әкімі Мұрат Бақытжанұлы Тоғызбаевқа, сондай-ақ демеушілік қолдау көрсеткен «Euro Beton STD» компаниясының бас директоры Руслан Ибрагимовке ерекше алғыс білдірді.
Ұлттық мұраны ұлықтап, қазақы өнерді жаңа деңгейге көтерген байсеркелік шеберлердің жетістігі — Іле ауданы үшін үлкен мақтаныш.




