Перейти к содержимому
Главная страница » Қонаевта Жастар театры ашылды

Қонаевта Жастар театры ашылды

Қонаевта мәдени өмір тағы бір жарқын оқиғамен толықты. Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Жастар театрының тұсауы кесілді. Жаңа өнер ұжымы тұңғыш рет көрерменге қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған автобиографиялық спектакльді тарту етті.

Қойылым барысында Мәдениет үйіндегі фойеде фольклорлық ­ансам­бль күмбірлете күй тартып, кештің ажарын аша түсті. Мұқағали поэзия­сының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, мұң, сағыныш, дәуір тынысы, қатарлас­тарының арман-аңсары. Сондықтан да автобиографиялық спектакльге ақиық ақын мен оның досы Әбдіке Асанов арасындағы бала күннен тамыр тартқан татулық арқау етілген. Сахнада ақынның жанайқайы, махаббат пен мұңға толы әлемі, өмір мен уақыт жайлы терең толғанысы поэзия тілімен өрнектелді. Сөз, үнсіздік, қимыл мен эмоция үйлескен қойылым көрерменді Мұқағали­дың рухани кеңістігіне жетелей түсті. Әсіресе, ақынның аяулы қызы Майгүлден айырылған тұстағы жан азабы, қыршын кеткен гүліне деген сағынышы жүректерді сыздатты. Аталған автобиографиялық спектакльде көрерменге ой салуға, шын дарынды бағалауға, өнердің киесін түсіндіруге басымдық берілгені байқалады. Бірақ бір нәрсе айдан айқын, ол – Мұқағали поэзиясы. Таратып айтсақ, жаныңа жақын, жасанды­лықтан аулақ сөз маржаны. Есі дұрыс пенде баласына түгел түсінікті философиялық түйіндер мен тұңғиық тұжырымдар, жер мен көкті тұтастырғандай шалқар шабыт дариясы. Ақын қашанда жалғыз, өлеңімен оңаша қалуды жаны сүйеді. Алайда алабұртқан көңілі көкжал толқынша жарқабақты қабар­­дай шарқ ұрып дос іздей­ді, сырлас, мұңдас тап­қысы келеді. Автобиографиялық спектакльде жанар­таудай сезім иесінің жан жұм­бағы жасырылған тұстар да аз емес екені аңғарылады.
«Спектакльден гөрі, мұны поэтика­лық қойылым деп атаған дұрыс. Бұл жерде мен өзімді Мұқағалидың нақты образында жүрмін деп айта алмаймын, өйткені тақырыптың өзі – сырласу, негізгі мақсатым – Мұқағалидың жандүниесін жеткізу. Мұқағали поэзия­сының тереңдігі шексіз. Не іздесең де Мұқағалидан табуға болады. Бұл қойылым – соның бір ғана қыры. Біз бұл қойылымды 45 минутқа сыйдырдық, сондықтан Мұқағалидың бар болмысын толық ашып тастадық деп айта алмаймыз. Дегенмен небәрі 45 жыл ғұмыр кешкен Мұқағали өмірден өткеннен кейін де киноға арқау болып, спектакльдер мен әдеби кештерде насихатталып келеді. Оның мұрасы ешқашан таусылмайды, қайта уақыт өткен сайын тереңдей береді. Қонаев қалалық Жастар театрының тұсаукесер қойылымында маңызды рөлді ойнағаныма тебіреніп тұрмын», – дейді ақын бейне­сін сомдаған актер Қуаныш Құдайберген.
Салтанатты кеш соңын­да жастар театры ұжымына Қонаев қаласы әкімі­нің ықылас гүлі тарту етілді. Ал қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынық­тыру және спорт бөлімінің басшысы Абылайхан Мұстафа Жастар театрының жаңа қойылымдарымен толығып жатқанын, алда облыс орталығы­ның тұрғындарына жаңа спектак­ль тарту ететінін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали Мақатаевты еске алып, оның өшпес көркем мұрасын жастарға насихат­тауды мақсат тұтқан театр ұжымы көрер­мен қауымға әдемі кеш сыйлады.

Ерзат АСЫЛ

Қонаев қаласы