Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Негізгі мақсат – адамдардың нақты қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру.
Биылғы жылдың сәуір айында бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын оңалтудың техникалық құралдарының (ОТҚ) құнын өтеу ретінде берілетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.
Бұрын кепілдендірілген соманы айқындау алдыңғы жылғы қаржыны есепке ала отырып, бағаның орташа мәні туралы үш дереккөз негізінде – әлеуметтік қызметтер порталының, мемлекеттік сатып алу деректері және әлеуетті жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде комиссия арқылы жүргізілетін. Жаңа әдістеме бойынша кепілдендірілген сома әлеуметтік қызметтер порталының және электрондық дүкеннің деректерін ескере отырып есептелетін болады. Осыған байланысты, тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының агрегатталған деректерін алу үшін әлеуметтік қызметтер порталын Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграциялау жүргізілуде.
Алдағы уақытта алынған нақты нарықтық деректер негізінде цифрлық платформалар арқылы кепілдендірілген соманы автоматты түрде қалыптастыру жоспарлануда. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
Күтілетін негізгі нәтижелер:
• ОТҚ құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру;
• адам факторын және субъективтілікті болдырмау;
• әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз ету;
• бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.
Бұл ретте мемлекет мұқтаж азаматтарды сапалы ОТҚ-мен қамтамасыз ету үшін негізсіз шығындарды жоюды көздейді. Үнемделген қаражат жүйені дамытуға бағытталады, оның ішінде оңалтудың тиімділігі мен қалпына келу жылдамдығын арттыратын заманауи, технологиялық қымбат құралдарды алуға жұмсалады.
Қосымша айтарымыз, жаңа тәсілдер әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталық арқылы іске асырылуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғау саласында заманауи шешімдер пысықталатын және енгізілетін мамандандырылған алаң. Сондай-ақ биыл ғылыми орталық арқылы ОТҚ-ны қайтару тетігінің пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл тетік тек қауіпсіз қайта пайдалануға болатын ОТҚ түрлеріне ғана қолданылады және жеке пайдалануға арналған құралдарға (мысалы, жөргектер, протездер және басқалар қолданылмайды.
Аталған тетік, мысалы, жөндеу кезеңінде немесе уақытша қажеттілік туындағанда ұзақ уақыт күтпей-ақ адамды ОТҚ-мен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде. Ол шешімдерді ОТҚ-ның нақты техникалық жағдайына және адамның жеке қажеттіліктеріне негіздеп қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шешімдердің негізділігін арттырып, алушылардың мүдделерін қорғайды.
Осылайша, ОТҚ-ны қайтару тетігін енгізудің күтілетін нәтижелері:
1. ОТҚ қолжетімділігін арттыру, күту мерзімдерін қысқарту;
2. бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
3. ресурстарды ұтымды пайдалану;
4. ОТҚ пайдалану мерзімін ұзарту;
5. ОТҚ-ның техникалық жай-күйі мен тиімділігін мониторингтеу жүйесін қалыптастыру;
6. ОТҚ-мен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.
Өзгерістердің негізгі мәні – әлеуметтік қорғау жүйесінің қолжетімділігін, оңалту сапасын арттыру, оның тиімділігін қамтамасыз ету.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі



