Аймақтағы агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі – Райымбек ауданы құрылғанына 90 жыл толуын кең көлемде атап өтуде. Мерейтой аясында аудан аумағында көптеген мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев пен Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев кеңінен әңгімеледі.
Ең әуелі Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев торқалы тойдың тек күнтізбедегі дата емес, елдіктің ертеңіне нық қадам басқан тоғыз онжылдықтың қорытындысы екенін атап өтті.Оның сөзінше, аталған мерейтойды жоғары деңгейде өткізу мақсатында бекітілген іс-шаралар кешені жыл басынан бері жүзеге асуда.«Мерейтойлық жылдың шымылдығын біз ауқымды рухани және спорттық шаралармен аштық.Қаңтарда «Спорт – саулық кепілі» атты аудан тұрғындарының денсаулық фестивалі жоғары деңгейде өтсе, ақпанда мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап ауданымызда «90 жылдыққа – 9000 ағаш» атты кең көлемді экологиялық акция басталды. Ал маусым айында «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі» тақырыбында кең көлемді форум өткізіледі. Шілдеде «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған жас ақындар айтысы, сонымен қоса «Хан Тәңірі қазынасы» фестивалі өтеді. Біздің мақсатымыз – 90 жылдық белесті тек той-думанмен ғана емес, нақты істермен, экономикалық жетістіктермен және рухани жаңарумен қорытындылау», – дейді Дастан Сұлтанмұратұлы.
Баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев өткен жылы ауданға қарасты Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі басталса, биыл ғимараттың іші материалдық-техникалық базамен жаңартылып жатқанын айтты. Айтулы датаға байланысты өтетін алуан шаралар өңір мәдениетін өркендетіп, туризмді түлетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бізді Аспантаудағы ағайын мерейін өсіретін алуан дүбір күтіп тұр.
Ерзат АСЫЛ




