10 мамыр – ҰҚК Шекара қызметінің сапына алынып, әскери өмірдің әліппесімен танысуды бастаған жас сарбаздар үшін естерінде ерекше сақталып қалатын күн. Ал күні кеше ғана Қазақстан халқы Ұлы Жеңістің 81 жылдығын кең атап өтіп, батырларымыздың ерлігіне тағзым жасаған болатын. Енді бүгін Алматы облысы департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің 400-ден астам сарбазы Отанына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.
Аталған рәсімге департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Айдос Алиев бастаған қонақтар, салтанатты түрде ант қабылдаған сарбаздардың ата-ана, туыстары қатысты. Саптық алаңға Жауынгерлік Ту шығарылғаннан кейін, жиналған қалың қауым тағатсыздана күткен шара басталып кетті.
Айта кету керек, шекарашылар сапына көктем мезгілі басталған кезде алынған сарбаздар мұнда әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысып, саптық дағдыларын қалыптастырған соң ел шебінде орналасқан шекара бөлімшелеріне қажетті мамандықтарды да игеріп шығады. Бұл – аспаз, байланысшы және санитарлық нұсқаушы мамандықтары. Сондай-ақ жас сарбаздарды алдағы уақытта тамаша мүмкіндіктер күтіп тұр. Атап айтқанда, жауынгерлік-даярлық қызметінде дараланған шекарашылар әскерден кейін өздері қалаған отандық жоғары оқу орындарына тегін түсе алады. Бұған қоса, өзінің саналы ғұмырын ел шебімен байланыстырғысы келетіндер үшін еліміздегі және шетелдік жоғары әскери білім ұстаханаларының есігі айқара ашық екенін, осыған дейін аталған бөлімде болған департаменттің бөлім бастығы подполковник Асхат Айсағалиев бастаған офицерлер жеке құраммен кездесу кезінде егжей-тегжейлі түсіндірген болатын.
…Сарбаз ғұмырында бір рет қана болатын маңызды мезетке куә болған ата-ана, бауыр, құрбы-достардың ерекше толқынысы бал-бұл жанған жүздерінен байқалып тұрды. Әсіресе немерелерін сағынып келген ата-әжелердің қуаныштарында шек жоқ.
Шекарашыларды ант қабылдауларымен құттықтаған департамент басшысы полковник Айдос Алиев жас сарбаздардың алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Әрі қарай, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы отставкадағы генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков, сондай-ақ, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы бойынша филиалының өкілі запастағы полковник Арнұр Мұналбаевтар сөз сөйледі. Сондай-ақ сапта тұрған сарбаздардың атынан мінберге көтерілген қатардағы жауынгерлер Ернұр Жұмабай мен Андрей Колотевтер өздеріне артылған сенімге селкеу түсірмейтіндерін, тәуелсіз еліміздің шекарасын көздерінің қарашығындай қорғайтындарын ерекше леппен жеткізді.
Бүгінгі рәсімді ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының кинологтары мен Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары жалғастырған. Ел шебіне қызмет иттерін даярлаумен айналысатын аталған басқарманың әскери қызметшілері мен олардың мықты үйретілген шекарашы иттері көпшіліктің алдында шекарашы бұзушы мен көлікке тығылған есірткі заттарын іздеуді шабер көрсеткен соң кезек жауапты тапсырмаларды орындаумен дараланатын арнайы жасаққа да жеткен. Саптық алаңға келе салып, айналасын «дүбірге» толтырған топ қол жекпе-жегінің әдістері мен мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін шебер көрсетті.
Әскери шеру. Бұл – «Көктем–2026» шақырылымы сарбаздарының алғашқы шеруі. Сосын да олардың аяқ алыстарына қарап, осынау айтулы сәтке асқан жауапкершілік әрі жоғары дайындықпен келгендері көрініп тұр.
Шара соңында қатардағы жауынгерлер Абылай Есжан мен Санжар Кәрімдер патриоттық рухтағы «Батырлар ұраны» әнін орындаса, қос өнерпазды танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова да мерекелік көңіл-күй үстеді. Айту керек, бүгін өнер иесінің немересі ант қабылдап, шекарашы атанды.
Рәсім аяқталған соң бүгінгі шараға ұйытқы болған бөлім бастығы полковник Сағадат Әуезов ата-аналарға ұлдарының мерзімді әскери қызметтерін өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа үміткер бола алатынын жеткізді. Бұдан кейін алғаш рет сарбаздарға жақындарымен бірге қалаға серуендеп келуге рұқсат берілді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің
Алматы облысы бойынша департаменті



