Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында әлеуметтік маңызы зор, білім мен руханияттың өркендеуіне бағытталған қос бірдей думанды шара өтті. Алдымен жаңғыртудан өткен ауыл кітапханасы есігін айқара ашты. Сондай-ақ Әбдуәли Қайдар атындағы мектепте білім ошағының екі жылдығына орай үздіктер шеруі ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімдерге зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те айтулы шараларға арнайы барып, тұрғындарды құттықтады.
Жаңғырталған кітапхана заманауи технологиялармен толық жабдықталып, оқырманға барлық қолайлы жағдай жасалған. Әртүрлі бағыттағы 6 бөлімге бөлінген. Оқу, абонемент және конференция залдары қарастырылған. Балаларға арналған және интернет бөлімдері ашылған. Коворкинг орталығы да бар. Кітап қоры 88 мыңнан асады. 4500-ге жуық оқырман тіркелген. Жобаның жалпы құны – 422 млн теңге.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде кітапхананың қоғамға берер маңызына тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісін дамыту мәселесіне әрдайым айрықша назар аударып келеді. Өз сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп атап өткен болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Кітап
оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы ел болашағы үшін аса маңызды бастамаға жол ашты. Бұл – кітап пен білімге деген құрметті арттыруға, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған тарихи қадам деп білеміз. Расында, кітапхана – руханияттың алтын ордасы, білім мен тәрбиенің, тарих пен тағылымның қасиетті шаңырағы. Ұлттың зияткерлік әлеуеті мен мәдени деңгейі кітап оқуға деген көзқараспен өлшенеді. Сондықтан елімізде кітапхана саласын жаңғыртуға және дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ өңір бойынша бүгінде 145 кітапхана халыққа тұрақты түрде мәдени-ағартушылық қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Жыл сайын жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, отандық ақын-жазушыларымыздың кітаптары жарық көріп, облыс кітапханаларының қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылуда. Қазіргі таңда тағы да 2 кітапхана модернизациядан өтуде.
– Енді бұл кітапхана тек кітап оқитын орын емес, жастардың ізденісіне жол ашатын, балалардың білім мен тәрбие алатын, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін заманауи мәдени-рухани орталыққа айналады деп сенеміз. Сондықтан біз алдағы уақытта да кітапханаларды жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа әдебиеттермен толықтыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді аймақ басшысы.
Шара қонақтары – Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев пен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева да жылы лебізін жеткізді. Олар адам ақылын арттырып, рухани болмысын тереңдететін, интеллектуалды ойлау қабілетін дамытатын руханият ордасының заман талабына сай болуы аса маңызды екенін айтып, құнды кітаптарды сыйлады.
Ауыл тұрғындары, әсіресе оқушылар жаңартылған кітапхананың ашылғанына дән риза. «Ғимараттың іші жарық әрі жайлы, бізге керекті кітаптың бәрі бар. Бұл білімімізді байытып, терең пайым қалыптастыруымызға ықпал етеді. Осындай жағдай жасаған жандарға алғысым шексіз», – деді оқушы Айбек Нұрғали.
Ел болашағы ғылым-білімді, адамгершілік қасиеттерді бойына терең сіңірген жастар екені белгілі. Ал оның бастау бұлағы – кітапхана. Сондықтан кітап оқу мәдениетін насихаттау, заманауи кітапханалар салу елімізді өркениетке бастайды.
Тұрғындар мен қонақтар әрі қарай Шелек ауылындағы қазақ орта мектебіне атбасын бұрды. Онда мұғалімдер мен оқушылар білім ордасының екі жыл бойы бағындырған белесін таныстырып, үздік ұстаздар марапатқа ие болды.
Шараға қатысқан Марат Сұлтанғазиев жас ұрпаққа сапалы білім беру басты міндеттердің бірі екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – елдің болашағын айқындайтын басты күш» ,– деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – адамның ой-өрісін кеңейтетін, елдің ертеңін қалыптастыратын үлкен құндылық. Осыдан екі жыл бұрын Шелек ауылында заман талабына сай жаңа мектеп ашылып, ел игілігіне берілген еді. Бұл – тек жаңа ғимараттың салынуы емес, ауыл балаларына үлкен мүмкіндік сыйлаған маңызды қадам болды. Нәтижесінде елдімекенде үшауысымды оқыту мәселесі шешіліп, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға жол ашылды.
Білім ордасына Әбдуали Қайдар есімінің берілуі – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мұндай тұлғаның есімін иеленген мектептен елге қызмет ететін, білімді де тәрбиелі жастар шығарына сенім мол. Қазір елімізде ойы озық, рухы биік жаңа буын қалыптасып келеді. Біз мұны сіздердің жетістіктеріңізден анық көріп отырмыз. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, мектеп ұжымы мен оқушылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен
олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көріне білді. Бұл – ұстаздардың табанды еңбегі мен оқушылардың ізденісінің нақты жемісі», – деген аймақ басшысы өңірдегі білім саласы бойынша қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Айтуынша, соңғы төрт жылда облыста 75 жаңа мектеп салынып, 75 білім беру ұйымына күрделі, 46-сына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар дарынды жастарды қолдау мақсатында «Алатау дарыны» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама талантты түлектердің шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік береді. Бүгінде Қытайдың үш
провинциясында облыстың 57 түлегі оқып жатыр. Алдағы уақытта тағы 65 студентке грант беріледі. Марат Елеусізұлы жоба аясында шетелде білім алып, елге оралатын жастар туған жердің дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет ететініне сенем білдірді. Сондай-ақ дарынды оқушылар мен білікті ұстаздарға Көлсай көліне туристік жолдама сыйлады.
Ғимараттың салынуына «Beeline» компаниясы мен «Жылы жүрек» қайырымдылық қоры ұйытқы болған. «Beeline» компаниясының өкілі: «Бұл мектепке келген сайын ерекше толқу мен ризашылық сезімін бастан кешемін. Осындай игі іске атсалысу бақыты бұйырғанына шын жүректен қуаныштымыз. Төрт жыл бұрын осы жоба туралы алғаш әңгіме қозғаған едік. Ал бүгін оқушылардың тамаша жетістігін көріп отырмыз. Алдағы уақытта да балалар мен ұстаздарға сәттілік, табыс тілеймін», – деген ыстық ықыласын жеткізді.
Шара барысында Әбдуали Қайдар атындағы қазақ орта мектебінің қызметкерлері мен ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Дарынды оқушылар шеруі өтіп, оқу озаттары, өнерпаздар, спортшылар және түрлі олимпиада мен байқаулардың жүлдегерлері ерекше құрметке бөленді.
Аймақ басшысы сондай-ақ Шелектегі А.Шымболатов атындағы орталық саябақтың және ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстарымен де танысты. Жауапты мамандарға суару жүйелерін орнатып, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру керегін айтты. Сондай-ақ аталған шараларды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Еңбекшіқазақ ауданы



