Әркім өзінің талғамымен, таңдауымен кітап оқитыны анық. Бұдан бұрын жас жазушылардың арасынан тас жаратын талантымен танылып үлгерген біраз қаламгердің шығармаларын құныға да қызыға оқып шыққан едік. Солардың бірі – Қанат Әбілқайыр. Бұл есім бұдан бұрын қаламы жүйрік журналистігімен жұртшылық назарын өзіне аударып, екпіні бөлек ерекшелігімен ерте көзге түскен еді. Оның республикалық басылымдарда жарық көрген өткірдің жүзіндей мақалаларын мың сан оқырман іздеп жүріп оқитын. Қазір де ол бұл қарымын Қанат Бірлікұлы деген есіммен кеңінен танытып жүргенін оқырман қауым жақсы біледі.
Ол 1986 жылы бұрынғы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейін, 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Бұл күндері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Қанат Бірлікұлы есімімен журналист болып қызмет істейді. Ол қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойында жазушы шығармашылығының бізге беймәлім болып келген деректері мен дәйектерін жазып, оқырман қауымды таң-тамаша қалдырған. Қанат Әбілқайыр ордабұзар 30 жасының ар жақ, бер жағында оқырман қауымға «Текес теріс ағады», «Көршінің қызы», «Қарағайлы күмбез», «Жылан кегі» атты кітаптарын ұсынып қойған еді. Бұл шығармаларына оқырмандардың ыстық ықыласпен берген жылы лебіздерін мерзімдік басылым беттерінен сүйіне оқығанбыз. Сонда оның осы бір тырнақалды дүниелерінен-ақ ұлттық әдебиет айдынына асқан құштарлықпен құлаш ұрғанын аңғарған едік. Біз күткен үмітімізден адаспаппыз.
Өткен жылы қазақ әдебиетінде 3-4 жас жазушы Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасымен жеңімпаз атанып, бәйге төрінен көрінгенінен хабардар болатынбыз. Олардың арасында тілімізге тиек етіп отырған Қанат Әбілқайыр да бар. Оның анау-мынау емес, «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығыпты. Сөйтіп, Қанат Бірлікұлы Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығының лауреаты атанды. Осыншама аз уақыттың ішінде 2000 таралыммен шыққан роман оқырманның сұранысына орай тағы да сол таралыммен екінші қайтара басылды. Демек, «Бұл шығарма тегін емес қой» деген шүбәсіз ой жетегінде қаласыз.
Расында да оқырман ретіндегі біздің ой тоқтамымыз алдамапты. 209 беттен тұратын роман тақырыбының «Ағыраптағы аты жоқ адам» атауын алуының өзі «Адамның аты жоғы болушы ма еді?» деп аң-таң қалдырары анық. Сондай дүдәмал көңілмен кітапты қолға алғаннан-ақ небір ойлар шарпуына түсесіз. Осы бір аты жоқ кейіпкердің ә дегеннен-ақ алып-ұшып, Мыңқыстақ вокзалына келіп, соңғы жылдары қоныстанып қалған ауылы Ағырапқа жетуге асығады. Сонда көңілі сабасына түскен сәтте «Ағырапта сені күткен кім бар?» дейді әлгі ой. «Ағырапта мені зарыға күткен кім бар? Сарыла күткен кім бар? Рас-ау! Кім бар?» Осынау азапты ойды арқалап қалған кейіпкердің тағдырдан таяныш таппай, тәлкекке түскенін кейіндеп білеміз. Оның мұнысы жазықсыздан жапа шегіп, ақтай адал жанына қара күйе жағылғанынан, алқымына тығылған ашудан айтылған ақиқат сөзі екен. Шынында да, оның 14 жыл темір торда отырып, осыншама уақытын босқа өткізудегі күйініші адам жанын жабырқатып-ақ жібереді. Артынан ерген інісі Елдестің сатқындық әрекетінің арқасында басынан кешкен бақытсыз күндерін ара-арасында емірене еске алып қояды. Кейіпкердің баяндау арқылы беріліп отыратын өткен өміріне аянышпен қарап, өз әмірін жүргізген әділетсіздікке де күйініп, қазандай қайнап кетесіз. Осынау өмірде болған оспадар оқиға сай-сүйегіңізді сырқыратады.
Тайға таңба басқандай тарихта болған оқиғаны, күні кеше ғана халықты дүрліктіріп өткен әуре-сарсаңды басынан кешкен жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Баспана болар деген үлкен үмітпен бір жапырақ жер үшін болған Алматының түбіндегі азапты күндер елдің есінен шықпасы анық. Бұл ақиқаттың ауқымындағы өткен өмірді кезінде телеарналар мен күнделікті басылымдардан көзіміз шарасынан шыға толық мағлұмат алғанымыз да ойға орала береді. Сондағы халыққа зорлық-зомбылығын көрсеткен полицейді өртеп жіберген аты жоқ кейіпкеріміз әрі оған куә болған оның інісі Елдес екені белгілі болады. Осының салдарынан ол жазықсыздан-жазықсыз 14 жылды арқалап кете барады. Романда оның түрмеден кейінгі өмірі әңгіме арқауына айналады. Оқыған сайын осының ақыр аяғы не болар екен деп тағатсыздана түсесіз.
Екі тәулікте Ағырапқа баратын жол үстінде аты жоқ кейіпкеріміз әке-шешесінің ажырасып кеткенін, алғашқы махаббаты Әнияның хабар-ошарсыз қалғанын ойлап, әңкі-тәңкісі шығады. Бәрінен де туған інісі Елдестің отқа орап жіберген сатқындық әрекетін, кешірер-кешірмес опасыздығын ой елегінен өткізіп, шарадай басы шақшадай болады. Поезда бірге сапарлас болып келе жатқан қасы-көзі боялған апасы мен Әлия келіншекпен болған әңгімелері де өмірде болып тұратын боямасыз шындық парақтары. Сол сияқты Ағыраптағы араласқан адамдары да айна-қатесіз өмірдің өзінен өріледі.
Аты жоқ кейіпкеріміздің түрмедегі бастан кешкендері де жантүршігерлік жағдайда болғаны арқаңызды аяздай қариды. Оны алдыңызға көлденең тартып әңгімелеудің өзі қиын. Ондағы заң адамдарының түлкібұлаң тірліктері де қаныңызды қайнатып жібереді. Сондай-ақ сүйген қызы Әнияның әкесінің бостандығы үшін абырой мен ар-ұятын саудаға салғаны да жаныңызға оңай тимейді. Осылайша романда оқиғадан оқиға өрбіп, бір-бірімен үндестік тұрғысынан жалғаса береді. Ақыр аяғында аты жоқ кейіпкеріміз туған інісі Елдеспен жындыханада жатқан жерінен кездеседі. Ақыл-есінен айырылып қалған інісі оны толық тани алмай, соңында трагедиялық жағдайда көз жұмады. Сүйген қызы Әния да осының кебін киеді. Бұдан басқа оқиғалар мен образдар да нанымды баяндалады.
Ақиқаттың ауқымындағы шығарманы таразы талқысы мен сарапқа салу – ұзақ әңгіме. Өмір шындығын қаз-қалпында көз алдыңызға көлденең тартатын романның көтеріп тұрған жүгі аса салмақты. Атап айтқанда, қажетті әдеби детальдардың романдағы орнықтылығы мен тілінің жатықтығы бірден баурап әкетеді. Бәрінен де шығарманың шынайылығы оқырманды ой жетегінде қалдырмай қоймайды. Оған келтірер дәлелдер де жоқ емес. Мәселен, белгілі жазушы Дәурен Қуат роман туралы: «Қолыңыздағы роман – роман-реквием. Шығармадан шырғалаңға түскен жандардың жаназасы естіледі. Қанат, міне, осыны терең ұғынып жазатын жаңашыл жазушы. Ол жаңалық жасай білетін модернист қаламгер. Айналаңа абайлап қарашы, аты жоқ адам тап қасыңда тұрған жоқ па екен?» деп әділдік тұрғысынан бағасын береді. Ал танымал сыншы Амангелді Кеңшілікұлы болса: «Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты бүгінгі күннің шындығын жеткізген романын ықыласпен оқып шықтым. Адам өмірде ізін қалдыру үшін теңіне қосылып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюге тиіс. Ал осындай нығметтердің бәрінен айырылған пендені артына із қалдырған, аты бар адам деуге бола ма? Бас кейіпкердің мына жалған дүниеден тұрақ таба алмай, шерменде күйге душар болуына кінәлі кімдер? Автор мұндай күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын іздеуді оқырман еншісіне қалдырады», – дейді. Сол сияқты талантты жазушы Жадыра Шамұратованың: «Романның басты кейіпкерінің атсыз болуы жайдан-жай емес, бұл символ десе болады. Сол атсыз адам өзіміз болуымыз да мүмкін, өйткені бұл қоғам үшін біздің өзіміз де, атымыз да маңызды емес», – деп тұжырым жасайды. Аудармашы Шынар Әбілда болса: «Ішіңді қан жылататын романның өн бойынан иесіз елдің басынан кешкен әлеуметтік теңсіздік, жоқшылық, дүбәралық, діни адасу, биліктің тоңмойындылығының салдары мейлінше көркем сипатталған. Романды бүтін ұлттың адалдыққа деген аманатын жоқтаған туынды деуге болатындай», – деп ой саларлық топшылау жасайды.
Оқырманға роман авторы да: «Ағырап – жұмақ пен тозақтың арасындағы мекен. Қиянат таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды. Тозаққа да түспей, сол Ағырапта қалады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Ағырап» сүресінде айтылған», – деп жауап береді.
Озық ойлы оқырманның дені бұл шығарманы осы уақытқа дейін оқып алған. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген халықтық қағида тегін айтылмаса керек. Жақсы кітаптар қатарынан ойып орын алған бұл романның тегін емес екеніне оқыған адам толық көз жеткізе алады.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының және Райымбек ауданының
Құрметті азаматы




