Алматы облысында төтенше жағдайлар саласы ардагерлерінің басын қосқан тағылымды кездесу өтті. Бұл жиын – тек өткенді еске алу ғана емес, салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандардың өмір жолы мен өнегесін кейінгі буынға жеткізуді мақсат еткен маңызды рухани шара болды.
Кездесуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы бастығы, полковник Мұрат Майлыбаев, Көкшетау техникалық институтын басқарған полковник Дәулетбек Данаев және өзге де сала ардагерлері қатысты. Жиын барысында олар қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісіп, төтенше жағдайдың алдын алу мен салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
Жиын барысында ардагерлердің төтенше жағдайлар саласын дамытуға қосқан өлшеусіз еңбегі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, кезінде Мұрат Майлыбаевтың бастамасымен облыс және аудан деңгейіндегі кәсіби өрт сөндіру бөлімдері әскерилендіріліп, қызмет құрылымы нығайтылды. Төтенше жағдайлар саласының құқықтық негізін жетілдіруге елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі – Юрий Бубинец. Ол республикалық деңгейде бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарына белсене қатысты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментін басқарған полковник Дәурен Данаевтың да еңбегі ерен. Ол Мұрат Майлыбаевтың бастамасын лайықты жалғастыра білді. Дәурен Төлегенұлының жетекшілігімен облыстық өрт сөндіру қызметі жүйелі түрде дамып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару спортына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Нәтижесінде облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінгі таңда Дәурен Төлегенұлы осы бағыттағы еңбегін жалғастырып, республикалық деңгейдегі спортшылардың жаттықтырушысы ретінде қызмет атқаруда. Оның шәкірттері халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ ол халықаралық судьялар алқасының мүшесі ретінде де танылып, өрт сөндіру-құтқару спортының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Бұл – ардагер буын өкілдерінің ел қауіпсіздігімен қатар, саланың жан-жақты дамуына қосқан зор үлесінің айқын дәлелі.
Ерғали Тәліпов,
Кеген аудандық мәслихат депутаты, Алматы облыстық
төтенше жағдайлар саласының ардагері



