Жамбыл ауданында «Мәңгілік тұлғалар» атты халықаралық музейлер фестивалі өтті. Жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығы мен Халықаралық музейлер күніне арналған шараға еліміздегі облыстардан 8 және Қырғызстаннан 1 тұлғалар музейі қатысты. Сондай-ақ Көкшетаудан Мәлік Ғабдуллин және Ақтөбеден Әлия Молдағұлова музейлері қонақ ретінде келді.
Жамбыл ауылындағы Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде өткен фестиваль аясында музейлердегі құнды жәдігерлерден көрме ұйымдастырылып, келушілер назарына ұсынылды. Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев құттықтау сөз сөйлеп, Сүйінбай мен Жамбылдай жыр дүлдүлдері туған киелі өңірге келген қонақтарға алғыс білдірді. Ол бүгінде ақындар мен батырлар мекенінде жүзеге асып жатқан рухани-мәдени шараларға тоқталды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Абзал Суфисламов еліміздің бірегей тұлғаларының есімін иеленген музейлердің Жамбыл жерінде бас қосып, тарихтан сыр шертер мәдени ошақтар жұмысының насихатталуы – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті.
Фестиваль үш кезеңде өтті. Тұлғалар музейінің өкілдері театрландырылған қойылым арқылы тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметінен үзінді ұсынып, ұлтқа сіңірген еңбектерін ашып көрсетті.
Фестиваль қорытындысында Бас жүлдені Сәкен Сейфуллин музейі жеңіп алды. Бірінші орын Қырғыз еліндегі Тоқтағұл Сатылғанов музейіне берілді. Жетісудағы Ілияс Жансүгіров музейі екінші, Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов музейі үшінші орынды алды. Ал «Үздік экспозиция» номинациясымен Ғали Орманов музейі марапатталды. Сол сияқты «Үздік стенография» және «Үздік образ» аталымы бойынша «Абылай хан» резиденциясы, Кенен Әзірбаев және Мұхтар Әуезов музейлері жүлдегер атанды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы



