Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастауымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аймақта кең көлемде жүзеге асуда. Бұл жолы туристік аймақтарды күл-қоқыстан арылтуға ерекше көңіл бөлінді. Аймақта екінші күн қатарынан өтіп жатқан санитарлық тазартуға 12 мыңға жуық адам үлес қосты. Бұл қатарда еріктілер, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдері және демалыс күндерін туған жер табиғатын жақсарып, айналаны тазалауға арнаған тұрғындар бар.
Бұл күні аймақта 204,3 тонна тұрмыстық қалдықтар жиналып, шығарылды. Тазалық акциясы туристік бағыттарды — көлдерді, шатқалдарды, жағалау аймақтарын, сондай-ақ автомобиль жолдарының бойындағы учаскелерді қамтыды. Әсіресе, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласының көп бөлігі тазаланды.
Жұмыстарды жедел жүргізу үшін 135 бірлік мамандандырылған техника тартылды. Басқа аудандарда да акция өз деңгейінде жүргізілді.
Кино тарихынан танымал – «Қыз Жібек» фильмі түсірілген Күрті су қоймасы бұл күні жаңа кейіпке енді. Бір кездері тек кадрда қалған көркем табиғат енді шынайы туристік ортаға айналды. Бүгінде мұнда күн сайын 1500–2000-ға дейін демалушы келеді. Осынау тарихи мекеннің сұлулығын сақтауға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өзі үлес қосып, Күрті жағалауына жергілікті тұрғындармен бірге сенбілікке шықты. Аймақ басшысы өз сөзінде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Табиғат – бұл тек ресурс емес, бұл – біздің ортақ байлығымыз, болашағымыз. Таза ортаны қалыптастыру – әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты. Бүгінгі бастама – тек бір күндік шара емес, ол тұрақты дағдыға айналуы тиіс», – деді.
Аталған туристік аймақта өткен сенбілікке 500-ге жуық тұрғын қатысып, 9 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жалпы, Іле ауданы бойынша сенбілік кең көлемде ұйымдастырылып, негізгі туристік нысандар толық қамтылды. Атап айтқанда, Первомайские пруды, Sokol спорттық-техникалық кешені, Рыбацкая усадьба, Tortuga демалыс базасы және Dubai Resort аквапаркі тазаланды. Аудан көлеміндегі сенбілікке жалпы 800-ден астам адам қатысып, 45 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 қазандағы №910 қаулысымен бекітілген «2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы» аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері Іле ауданында 8 санитарлық тазалық сенбілігі және «Таза өлке – таза жер» акциясы өткізілді. Нәтижесінде 15 142 адам қамтылып, 189 арнайы техника жұмылдырылды, 795,4 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ бүгінгі күні 25 763 ағаш отырғызылды. Іле ауданы – тек өндіріс пен инфрақұрылым ғана емес, экологиялық мәдениет қалыптасып жатқан өңір. Ал Күрті жағалауы – соның айқын дәлелі. Демек, табиғат пен туризм үйлескен жаңа нүкте.
Туристік аймақ саналатын Кеген ауданында да Көлсай, Қайыңды көлдері маңы күл-қоқыстан арылды. Аудан бойынша сенбілікке 1093 адам қатысып, 35 техника жұмылдырылды, 37 тонна қоқыс шығарылды. 760 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Қонаев қаласында «Алматы–Өскемен» тас жолының айналасы, шаһардың 5 гектар аумағы тазартылды. Акцияға 350-ден астам адам атсалысты. Жұмысты атқаруға 4 бірлік арнайы техника тартылды. Шығарылған күл-қоқыс көлемі 1,5–2 тоннаны құрады. «Көшпенділер қалашығында» өткен сенбілікке 70 адам қатысып, 1,3 тонна қоқыс шығарылды.
Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы «Жер кіндігі» туристік аумағында да тазалық шарасы өтті. Онда 5 көше қамтылып, 3 бағытта жұмыс ұйымдастырылды. Акцияға 270 адам қатысып, 5 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 30 түп ағаш отырғызылып, 3 техника бірлігі тартылды.
Еңбекшіқазақ ауданында да сенбілік өткізілді. Ауқымды экологиялық шараға 3382 адам қатысып, 53 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік нәтижесінде аудан аумағынан 43 тонна қоқыс шығарылып, 1052 түп ағаш отырғызылды. Сонымен қатар елдімекендердің көшелері, қоғамдық орындар және Есік көлі жағалауы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ұйғыр ауданында «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы тазартылды. Табиғат пен тазалықты ту еткен бұл шараға 500-ге жуық адам қатысты. Ауқымды тазалық жұмыстары барысында парк аумағынан 3 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Қатысушылар табиғи аумақтарды қоқыстан тазалап қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе, жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше байқалды. Шарын шатқалы – тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің бірегей табиғи нысандарының бірі. Осындай табиғи мұраны сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Талғар ауданында Талғар өзенінің маңы тазартылды. Шараға 200 адам тартылды, 3 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Шығарылған күл-қоқыстың көлемі 2 тоннаны құрады.
Балқаш ауданында өткен тазалық сенбілігіне 1050 адам қатысып, 17 арнайы техника қызметі пайдаланылды. Аудан аумағында 4,5 тонна қоқыс шығарылып, 370 түп ағаш отырғызылды. 36 ауыл көшелері мен қоғамдық орындары тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жиделі ауылдық округінде орналасқан «Завидово» туристтік базасының орны тазартылды.
Райымбек ауданында Шәлкөде жайлауы мен Тұзкөлдің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілуді. Шәлкөде жайлауында өткен сенбілікте 300 га жер тазаланып, оған 500 адам қатысты. Сонымен қатар Тұзкөлде өткен сенбілікке 150 адам қатысып, 100 га жер қоқыстан тазартылды. Сенбілік барысында 5 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыс Хантәңірі мен Шоғансай туристік аймақтарында жалғасын таппақ. Санитарлық тазалау шаралары аудан аумағындағы танымал туристік аумақтарды, көлдер мен демалыс орындарын қамтиды.
Алатау қаласында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, кең ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында 7 аумақ қамтылып, оның ішінде ішкі туристік бағытқа кіретін «Алматинка» өзенінің бойы тазартылды. Жұмыстар 8 бағытта ұйымдастырылды. Акцияға шамамен 400-ге жуық адам қатысып, 20 текше метр қоқыс шығарылды, 3 техника бірлігі жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына тұрғындармен қатар 6654 әскери бөлімі қызметкерлері атсалысты. Қатысушылар аумақтарды қоқыстан тазартып, қаланың тазалығы мен көркеюіне бағытталған бірлескен жұмыстар атқарды.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жоспарлы шаралар жалғасын таба бермек.



