Перейти к содержимому

Жамбыл мұрасы – ұлт қазынасы

Жамбыл ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл мұрасы – ұлт қазынасы» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Өнер додасы «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінде өткен сөз сайысында аудан-қалалардан келген 16 мектеп оқушысы сөз саптау шеберлігін көрсетті.

Жыр додасының негізгі мақсаты – Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, қазақтың айтыс өнеріне қызығушылықты арттыру және өңірдегі талантты оқушыларға қолдау көрсету. Шараның ашылуында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров жас ақындарға сәттілік тілеп, ұлттық мұраны сақтау мен ұрпақ тәрбиесі партия жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Жамбыл Жабаев – қазақ руханияты­ның биік тұлғасы. Ол – ұлттың сөз өнерін, елдік мұратын және халықтық даналығын бір арнаға тоғыстырған дара ақын. Сондықтан оның мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – тек мәдени шара емес, ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі. «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында осындай бастамаларға ерекше мән береді. Біздің мақсатымыз – жастардың бойында туған жерге құрмет, елге қызмет ету жауапкершілігі мен ұлттық құндылықтарға адалдық қалыптастыру. Бүгінгі айтысқа қатысып отырған оқушылар – сол рухани сабақтастықтың жалғасы, – деді Серік Нұрқадыров.
Айтыста Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Райымбек аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларынан келген жас ақындар Жамбыл мұрасын, туған жерге құрметті, елдік пен бірлікті, ұлттық құндылықтарды және бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптарды жырға қосты. Олардың өнері тіл байлығы, тақырыпты ашуы, сахна мәдениеті, суырыпсалмалық қабілеті және қарсыласына ұтымды жауап беру шеберлігі бойынша бағаланды.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас айтыстың жыр алыбы туған қасиетті өңірде өтуі ерекше мәнге ие екенін айтты: «Жамбыл жері – қазақтың сөз өнері мен жыр дәстүрінің киелі мекені. Бұл топырақта Сүйінбай мен Жамбылдай ұлы тұлғалардың ізі қалды. Сондықтан бүгінгі айтыстың дәл осы өңірде өтуі – ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Осындай рухани мәні зор шараның «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылуы жас таланттарға жол ашып, ұлттық өнерді дәріптеуге серпін береді. Айтыс – жай ғана өнер жарысы емес, ол баланы ойлануға, елдің сөзін айтуға, туған жерді құрметтеуге тәрбиелейтін үлкен мектеп. Бүгінгі додада жеңілген ақын жоқ деп ойлаймын. Себебі әр қатысушы Жамбыл мұрасын дәріптеп, ұлттық өнердің абыройын асқақтатты», – деді аудан әкімі.
Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі Қарасай ауданының жас ақыны Қази Нұрғисаға бұйырды. Бірінші орынды Балқаш ауданынан Кәусар Нұрланқызы иеленді. Екінші орын Қарасай ауданынан Рауан Нұршабеков пен Жамбыл ауданынан Ақнұр Зинуллаға берілді. Үшінші орынға Талғар ауданынан Несібелі Сәрсенбек, Қонаев қаласынан – Әдемі Сыбанқұл, Жамбыл ауданынан Жансая Бақыт және Еңбекшіқазақ ауданынан Даниял Рахимов лайық деп танылды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар берілді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы