Перейти к содержимому

Жас командирлер — болашақ ел қорғаны

6654 әскери бөлімінің Оқу батальонында бөлімше командирлерін даярлауға арналған арнайы оқу курсы өз мәресіне жетті. Бір ай бойы білімін шыңдап, тәжірибелік дайындықтан өткен 101 курсантқа салтанатты жағдайда сертификаттар табысталды.

Аталған оқу бағдарламасы болашақ бөлімше командирлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, әскери қызметтің қыр-сырын терең меңгеруге бағытталды. Курс барысында курсанттар тактикалық дайындық, саптық машық, әскери жарғылар талаптарын орындау, қару-жарақпен жұмыс істеу және жеке құрамды басқару бағыттары бойынша жан-жақты білім алды. Сонымен қатар жас сарбаздардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Тәжірибелі офицерлер мен нұсқаушылар өткізген сабақтарда курсанттар әскери қызметтің жауапкершілігі мен тәртібін терең түсініп, командирге тән табандылық, батылдық және шапшаң шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырды. Бір айлық оқу барысында олар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, түрлі жаттығулар мен сынақтардан сүрінбей өтті.

Сертификат табыстау рәсімі салтанатты жағдайда ұйымдастырылып, әскери бөлім басшылығы курсанттарды оқу курсын сәтті аяқтауларымен құттықтады. Өз сөзінде қолбасшылар жас командирлерге әскери антқа адал болып, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.

— Бүгінгі жас командирлер — ертеңгі әскери бөлімдердің тірегі. Сіздердің білімдеріңіз бен дайындықтарыңыз ел қауіпсіздігі жолындағы маңызды қадам болмақ, — деп атап өтті әскери бөлім өкілдері.

Осындай оқу бағдарламалары әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың бойында патриоттық рухты, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға зор ықпал етеді. Жас командирлер алдағы уақытта өз бөлімшелерінде қызмет атқарып, әскери ұжымның жауынгерлік дайындығын нығайтуға үлес қоспақ.

Имамжанов Умиджан Махмуджанұлы

6654 әскери бөлім командирінің орынбасары полковник