«Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты аймақтық бөлімшесінің ұйымдастыруымен Талғар қаласында алқалы жиын өтті. Мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, жастар саясатын ілгерілету, көшбасшылық қасиеттерін дамыту және белсенді жастар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
«Бір толқында» атты форумға 200-ден астам жас, негізінен студенттер қатысты. Ашық форматта өткен жиында спикерлерге өз идеялары мен ұсыныстарын мейлінше толық жеткізуге, өздері туралы және болашақта жастарға үлгі болатын өмірлік тәжірибесі туралы кеңірек айтуға мүмкіндік берілді. Олардың арасында «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов, «Аманат» партиясы «Жастар рухы» облыстық жастар қанатының төрағасы Әділет Нұрболатұлы, облыстық мәслихат депутаты, «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы, дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық жарыстардың жүлдегері Зәмзәгүл Файзолланова, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты, облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Абылай Жұмабекұлы, «Tik-Tok» платформасындағы маркетинг бойынша танымал сарапшы Санжар Жүнісов, Талғар аудандық мәслихат депутаттары – Марат Әліманов, Жасұлан Айтқалиев, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Бекжан Сұнбеков, спорт шебері және блогер Юлия Волвич сияқты көшбасшылық қасиеттерімен белгілі белсенді азаматтар болды. Олар қоғамдағы көптеген мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.
Ең алдымен сөз алған М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бозымбекова іс-шараның маңыздылығына тоқталып, мұндай жиындарда жастар үшін Отанының нағыз азаматы болып қалыптасқан тұлғалардың өз аузынан бастан кешкен қызықты оқиғаларын тыңдауға, олардың тәжірибесін қабылдауға, өмірде өздеріне қажет болатын құндылықтарды алуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Ал облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Жұмабайұлы үлкен өмірге деген алғашқы қадамы колледжде басталғанын ерекше ықыласпен әңгімелеп, студент кезінде белсенді болғанын, өмірін спортпен байланыстырғанын, қолынан келгенінше қоғам үшін пайдалы іс жасағанын әсерлі жеткізді. Әсіресе «Аманат» партиясымен тығыз байланыста және ынтымақтастықта болып, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайтын «Чемпиондық рух» атты жобаны ілгерілеткенін тілге тиек етті. Жастарға қоғамдық өмірде әрқашан белсенді болуға, өз бастамасын ерінбей алға жылжытуға, салауатты өмір салтын ұстануға тілектестігін білдірді.
Жастар алдында сөйлеген әйгілі спортшы Зәмзәгүл Файзолланованың әңгімесі өте қызық әрі мазмұнды болды. Ол жастарға өзінің спорттық жолы, жетістіктері мен сәтсіздікке ұшыраған кездері туралы әсерлі баяндады. Бала кезінен интернатта өсіп, тәрбиеленген және әдеттегі дене жаттығуы ол үшін өмірлік қағидаға айналған. Соның арқасында біртіндеп спортқа деген сүйіспеншілік пайда болған. Оның айтуынша, кез-келген жетістікке адам еңбек арқылы қол жеткізеді. Оның «Ешқашан жалқау болмаңыз, әрқашан мақсатқа жетуге ұмтылыңыз!» деген үндеуі жастардың көңілінен шықты.
Облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Абылай Жұмабекұлының сөздері де анық әрі сенімді шықты.
– Қазіргі таңда мемлекет жастарға көптеген мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан әлеуметтік желіде белсенді болып, танымал тұлғалардың парақшасына жазылып, олардың тәжірибесінен үлгі алып, пайдалы әрі құнды ақпаратты бойға сіңіру қажет, – деп өз ойын қорытындылады. Маркетолог Санжар Жүнісов әлеуметтік желілерде жасалған контент арқылы өзін қалай таныстыру, ол үшін не істеу керектігі жөнінде кеңінен айтып берді. Оның пікірінше, бұл – өте құнды ресурс және жастарға мансап сатысымен ілгерілеуге көмектеседі.
Студенттер «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың сөзін мұқият тыңдады. Ол өз қатарына 125 мыңнан астам адамды біріктіретін «Жастар рухы» жастар қанатының атқарып жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Облыс бойынша 20 филиал құрылған. Мақсаты – өз қанатының астында креативті, терең ойлайтын, қызықты идеялармен өмір сүретін жандарды біріктіріп, қоғамның дамуына үлес қосу. Жастар еңбекке деген құрмет, отансүйгіштік, мейірімділік, тазалық пен тәртіпке адалдық, заңға бағынушылық, елге және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты құндылықтармен өмір сүруі тиіс.
Іс-шара соңында қонақтарға және ерекше көзге түскен жастарға «Аманат» партиясының жастар қанаты атынан грамота мен Алғыс хаттар табыс етілді. Кездесу жақсы жазылған кітап сияқты, ешкімді жалықтырмай, өте мазмұнды әрі пайдалы сипатта өтті. Форумға қатысқан студент жастар көп нәрсені көңілдеріне тоқығаны сөзсіз!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы



