Тәуелсіз Қазақ елінің Қытаймен, сосын Қырғызстанмен арадағы жер межесін айқындайтын оңтүстік шығыстағы шеткі нүктесінде орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінен шығып, тауға қарай бет алған біз діттеген жерімізге жеткенше малмандай су болдық. Енді қалай деп едіңіз, таулы өңірдің мінезі шамшыл екені баяғыдан белгілі. Қазір де түтілген мақтадан аумай қалған бұлттардың арасынан жылт ете қалған күннің көзіне қуанып та, шуағына жылынып та үлгермейсің. Қайтадан түнеріп шыға келеді де, жаңбыр селдетіп құйып ала жөнеледі…
Ақкөл шатқалы. Әдемі-ақ. Кеудесін арша емес, мыңжылдық шыршалар мен тамыры тереңге кеткен қарағайлар басқан таудың етегімен келе жатырмыз. Қасымызда Тай бар. Бұл – кәдімгі балалар ерттеп мінетін тай емес, шекарашының төрт аяқты сенімді досы – аты шартарапқа жайылған қызметтік ит. «Шартарапқа жайылған» деуіміз бекер емес, Шекара қызметінің аясында өткен кинологтар жарысында бірнеше жыл қатырынан жүлделі орынды жеңіп алған Тай арасында түрлі мерекелік шараларға қатысып, қалың жұртшылықтың алдында өнер көрсетіп тұрады. Бұдан бөлек, шекара шебінде жиі өтетін операциялар мен рейдтерге қатысып, өзінің ізшілдігіне қоса, иісшілдігімен дараланған итке қатысты тағы бір жағымды жаңалығымыз бар.
Нарынқол атырабында «Таймас» деген көркем фильм түсіріліп жатыр. Ең қызығы, шекарашылардың шытырман оқиғаларға толы өмірінен алынған сюжеттегі бас кейіпкердің аты жайдан-жай таңдалмаған. Оның есімі біздің мақтанышымыз Тайдың құрметіне берілген. Есесіне, шынайы өмірдегі шекарашы ит түсірілім жұмыстары басталған сәттен осында. Кино тобына кез келген уақытта көмекке келуге дайын.
…Дегенмен, арадағы сәл үзілісті орайымен пайдаланып, біз шекараға Тайды алып шығуға тілек білдірдік. Иттің иесі, Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметшісі кіші сержант Шалқар Наурызбай бірден келісе кеткен. Бір жағынан, иті де тау ішінде еркін қозғалып, бой жазып, шапқылап, сергіп қалады…
Сонымен, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесі бастығының міндетін уақытша атқарушы аға лейтенант Олжас Ерғали бастаған шекара нарядымен бірге ел шебіне аттанып кеттік. Жоғарыда жазғанымыздай, әр бес минут сайын құбылған ауа райы да біздің қызметімізге кедергі келтіре алмаған. Ақкөл шатқалына келе салып, бірден іске кірістік. Обалы нешік, шекара нарядының құрамына кірген қатардағы жауынгерлер Әбілмансұр Әбдікерім мен Рахим Исмайлжандар да міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарайтындардың қатарынан екен. Қимылдары әбжіл, көздерінде от. Осынау сәтті назардан тыс қалдырмаған біз өзіміздің айнымас «қаруымыз» – фотоаппаратты іске қостық. Міне, осы жерде біз күтпеген оқиға орын алған… Дәлірегі, шекарашылар туралы фильм түсіріп жатқан шығармашылық топтың мобилографы Мұхтар Елемес шекара нарядының қызметін аяқ астынан «қас-қағым, қарбаласқа» айналдырып жіберіп еді.
Лайықты бағасын беру керек, өзінің тым жастығына қарамастан, кино әлеміне ерте араласқан Мұхтар шекарашылардың ел шебіндегі қызметін ғана емес, шекара бұзушыны құрықтау операциясын да өте шынайы етіп түсіре білген. Құдды, кинодағыдай. Бәрінен бұрын, кіші сержант Шалқар Наурызбай шекара бұзушының рөлін нанымды етіп сомдағаны сонша, оның қасқыр иті Тай да иесін «қаскөй» деп қабылдаған. Бір сәтке. Шекарашылардың алдына түсіп алып, зымырап ала жөнелген «желаяқты» көзді ашып-жұмғанша жерге құлатқан. Осылайша, соңы сәтті аяқталған операция Мұхтардың шеберлігінің арқасында киноға – әлемдегі ең қысқа метражды фильмге айналып шыға келген…
Ал біз… Әрине, өзіміз сыртылдатып түсірген суреттер де жаман шықпаған сыңайлы. Оны енді құрметті оқырмандар газет бетінен көретін болады. Есесіне, шекара бойы тыныштық құшағында. Шекарашылар үшін ең маңыздысы да осы!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті
