Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылына кіреберістегі жаңа көшеге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, ел дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Амалбек Бейсебаевтың есімі берілді. Майдангер атындағы көшенің ашылу рәсіміне ұрпақтары, аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлегендер Амалбек Әбдіуақасұлының елге сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды. Аудан әкімі Нұрлан Ертас өз сөзінде көше атауын беру – ел үшін ерен еңбек еткен тұлға есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатындағы маңызды бастама екенін айтты. Амалбек Бейсебаевтың өмір жолы – қайсарлық пен адал қызмет етудің жарқын үлгісі, мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық пен елжандылық қасиеттерді сіңіруде маңызды екенін жеткізді.
Амалбек Бейсебаев 1919 жылы Дегерес аймағындағы Бұлақ ауылында туған. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келіп, ашаршылық жылдарының қиыншылығын бастан өткереді. Соған қарамастан жастайынан еңбекке араласып, білімге ұмтылған. 1939 жылы әскерге алынып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Ростов майданындағы шайқастарда екі рет ауыр жараланады. Мәскеу, Орлов, Курск, Белгород бағытындағы кескілескен ұрыстарда ерлік танытып, тарихтағы шешуші шайқастардың бірі – Курск майданында жанқиярлық көрсеткен. І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.


Соғыстан кейінгі жылдары туған жердің дамуына аянбай үлес қосып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызмет істеді. «Дегерес» жылқы зауытында, «Қастек» асыл тұқымды қой зауытында басшылық лауазымдар атқарып, ауылдық кеңес төрағасы болған. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ірі шаруашылықтың Ақсеңгір, Жайсаң, Көкдала бөлімшелері мен Көкқайнар ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берілді. «Ленин», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін иеленіп, осы ауданның Құрметті азаматы атанды. Ерлік пен еңбек жолын қатар өрген тұлғаның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталып, кейінгі буынға өнеге болып қала бермек.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
