Перейти к содержимому
Главная страница » Балмұздақты қалай таңдаймыз?

Балмұздақты қалай таңдаймыз?

Жаз маусымы басталысымен бал­­мұз­даққа деген сұраныс арта түсе­тіні белгілі. Әсіресе, тұтыну­шылар арасында құйылмалы бал­мұздақ кеңінен танылған. Ол фризер құрылғысында дайын­далып, қатты мұздатылмаған күйінде сатылады. Осы өнімге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда түрлі ішек инфекциясына, соның ішінде сальмонеллез ауруына ұшыратуы мүмкін.

Ағзада патогендік бактериялар көбейсе, адам­ның дене қызуының көтерілуіне, іштің өтуіне, жүрек айнуына және жалпы улану белгілеріне әкеледі. Егер балмұздақ пішінін жоғалтса, онда ол бірнеше рет ерігенін білдіреді. Түстері әртүрлі балмұздақ сап-сары немесе өте қызыл болса, олар зиянды бояғыштарға толы болуы мүмкін.
Тұтынушыларға балмұздақты тек санитария­лық талаптары сақталған сауда орындарынан алу ұсынылады. Өнімнің сыртқы көрінісіне, сақтау жағдайына, қаптамасының бүтіндігіне және жарам­дылық мерзіміне мән берген жөн.
Құйылмалы балмұздақ сатып аларда өнімнің сапасы мен сатылу жағдайына дұрыстап қарау керек. Егер балмұздақ арнайы қасықпен салынса, оның тазалығына назар аударыңыз. Қасықтың ұзақ уақыт бойы суда тұруы санитариялық талаптарға сай емес, себебі мұндай ортада микробтардың көбею қаупі артады.
Өнімнің дәмін татып көргенде жағымсыз иіс сезілсе, құрамында ірі мұз кристалдары байқалса, мұндай балмұздақты сатып алудан бас тартқан жөн. Сондай-ақ өнімнің сыртқы түріне де мән беру қажет. Табиғи балмұздақ еріген кезде біркелкі бөлініп, қайта қатырылғанда өз құрылымын жоғалтуы мүмкін. Ал кескенде созылып, жабысқақ болып көрінсе, оның құрамында өсімдік майлары болуы ықтимал.
Тұтынушы өнімнің сыртқы көрінісіне ғана емес, оның сақталу жағдайына, сатушының тазалығына және жалпы сауда орнының санитариялық талап­тарға сәйкестігіне назар аударуы тиіс. Сапалы өнім – денсаулық кепілі.

Бексұлтан Оспанов,
Талғар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы