Қырғызсай ауылдық округінде ауыл жастарының ұйымдастыруымен «Біз есірткіге қарсымыз!» атты футболдан турнир өтті. Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, спортпен тұрақты айналысуға шақыру және есірткінің зияны туралы түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған турнирге Қырғызсай ауылымен қатар көрші ауылдың белсенді жастары қатысты.
Спорттың тек денсаулыққа ғана пайдалы емес, ол адамның саламатты өмір сүру қалпын қалыптастыратын, тәні мен жанын сауықтыратын баға жетпес дүние екенін танытуға тырысты жастар. Қырғызсай ауылдық округі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Қахар Мырзалиев: «Спорт тек жанды сауықтырмайды, ол жастарымыздың жаман әдеттерден алшақ болуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар осындай спорттық жарыстар нәтижесінде жастар бір-бірімен қарым-қатынас орнатады, сыйластықтары да артады. Бір ауылда, бір ауданда тұрған соң жастырдың бірлігі мығым болса, ауданның да ертеңі еңселі болады деп сенеміз. Біз бұл жарысқа тек жастарды ғана емес, мектеп оқушыларын да тарттық. Өйткені аға мен інінің арасындағы байланысты арттырсақ деген ниетте болдық. Мектеп жасындағы албырт жас жеткіншектер теріс қадамға қарай кетпей, жетістікке жеткен аға-әпкелерінен үлгі алып, өнеге тұтса деген де ойымыз болды», – деп ағынан жарыла ойымен бөлісті.
Иә, ойын тартысты бәсекеге толы жарыс болды. Бұл күні Қырғызсай ауылына жиналған әртүрлі жастағы жастар бір-бірмен ой бөлісіп, пікір алмасып, болашақта да осындай ойындар мен түрлі шаралар өткізуді жоспарлады.
Небәрі үш команда қатысса да, қолдаушылары болып келген жастардың легі көп еді. Бәрі де жанкүйер ретінде өз командаларының жеңіске жетуіне шын тілекші болды. Нәтижесінде «Қырғызсай жастары» командасы бірінші орынды, «Сүмбе жастары» командасы екінші орынды, ал мектеп оқушыларынан құралған «Достық» командасы үшінші орынды иеленді.
Барлық қатысушылар жоғары белсенділік танытып, спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен марапатталды.
Осындай спорттық іс-шаралар жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге және денсаулықтарын нығайтуға ықпал етеді. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысқан барлық командаларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да спорттық шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Анар Дүйсенбайқызы
