Зайыбым Сәуле Нағманова екеуміз Талғар аудандық ауруханасында қант диабеті және қан қысымы сырқаты бойынша есепте тұрамыз. Бірнеше ай Астанада болғандықтан, жеңілдікпен алатын дәрі-дәрмегіміз бітіп, жаңа басшы келгенін естіп, сол кісімен танысып, мән-жайды айтып кездеспекші ниетпен аудандық ауруханаға бардық.
Бізді аурухана басшысы орнынан тұрып, ізет көрсетіп қарсы алды. Өзінің бұл қызметке келгеніне төрт айдай болғанын, зейнетке шыққанға дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет еткенін тілге тиек етті. Өзімізді таныстырып, бұйымтайымызды айтып, көптен бері толғандырып жүрген мәселелерді алға тарттым. Мәселен, Алматы қаласы жақын болғандықтан, білікті дәрігерлердің сонда кетіп жатқанын, кейбір медицина қызметкерлерінің өз ісіне салғырт қарайтынын жасырмадым. Ол мұндай келеңсіздіктерді жоюға тырысып жатқанын, бірақ осы іске көпшілік жәрдемдесіп, әсіресе зиялы қауым мен қоғам белсенділері белсене атсалысса деген тілегін жеткізді.
Майра Әбдіқалыққызы өзінің іскер, тәжірбиелі басшы екенін тағы да бір танытты. Ол бос уәде бермей, бірден өзінің орынбасарлары мен емхана меңгерушілерін шақырып, келеңсіздіктерді жою бойынша тапсырма берді.
Содан бері үш айдай уақыт өтті. Біз – ауруханаға жиі баратын жандармыз. Бүгінде айтарлықтай өзгерістер орын алған. Мысалы, біздің учаскелік дәрігер уақытында бізді басқа мамандардың қабылдауына жазып, қадағалап отырады. Талдама қорытындысын да дереу жібереді. Осы орайда учаскелік дәрігер Арайлым Құрманғазықызы мен медбике Әсел Жандосқызына айтар алғысымыз шексіз.
Аурухананың терапия бөлімшесінде жатып, ем қабылдадым. Сонда дәрігерлер мен медбикелердің түнімен ауыр науқастарды қабылдап, ұйықтамағандарына куә болдым. Өздерін шақырған ауыр хәлдегі емделушілерге де көмек көрсетіп, құрақ ұшып жүр. Мен өзімнің және сол кезде жатқан аурулардың атынан терапия бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Талғатқызына, емдеуші дәрігер Гүлжан Нұржанқызына ризашылығымды білдіремін.
Мамырдың 28-і түнгі сағат 2-лер шамасында қан қысымым төмендеп, ауруханаға жеткізілдім. Бұл жердегі аурулар санының көптігі мені ойландырды. Медбикеден бұл турасында сұрап едім, мұның күнделікті қалыпты жағдай екенін айтты. Екі «Жедел жәрдем» қызметкерлері сырқаттанғандарды зембілмен түсіріп жатыр. Өз жұмысын жақсы білетін дәрігерлер мен медбикелер аспай-саспай, ауруларды қабылдауда. Көп кешіктірмей, кезекші терапия дәрігері қан қысымымды өлшеді. Система қойып, қан мөлшерімді тексеріп, үйге қайтарды. Менен басқа сол бөлмеде жасы 80-ге таяған және 70-ке жақындаған әйелдер жатты. Бәрімізге жылы сөйлеп, түнгі сағат 3 болғанына қарамай, ем-домын жасап, «Жедел жәрдеммен» үйге дейін жеткізіп салған кезекші дәрігерлерге, қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Рустам Смайылұлына, бас медбике Айнұр Серікқалиқызына риясыз рахметімді айтамын.
Мұндағы өзгерістер Талғар аудандық ауруханасының басшысы Майра Әбдіқалыққызының алдына қойған мақсатын, жай ғана сөзбен емес, іс жүзінде орындап жатқанын көрсетеді. Қазақта «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген қанатты сөз бар. Бұл ретте басшының орынбасарлары Ғалымжан Қамқабайұлы, Айдос Төлеуғалиұлы, Тимур Қуатұлы, бөлім меңгерушілері Венера Нұрмахамбетқызы, Эсмира Сабалықызының еңбектері өте зор. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында осынау ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, еңбектерінің табысты болуына тілектестігімізді білдіреміз.
Бақтығали АЙЖІГІТОВ,
жазушы
