Перейти к содержимому
Главная страница » Экологиялық кеңес өтті

Экологиялық кеңес өтті

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Қазақстан Республикасының Экологтар күніне орай Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде экологиялық кеңес ұйымдастырылды. Іс-шараны «Қазақстанның жасылдар партиясы «BAYTAQ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Кеңес жұмысына «Қазақстанның жасылдар партиясы «BAYTAQ» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Азаматхан Әміртаев, партия Төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаев, экологтары мен ғалымдар, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Экологиялық кеңестің алғашқы бөлігінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жемісті еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар мен білікті мамандарға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйақылары табысталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Азаматхан Әміртаев табиғатты қорғау мәселесі бүгінде бүкіл әлем алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғау – адамзаттың ортақ жауапкершілігі. Экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін қоғамның барлық өкілдері бірлесе әрекет етуі қажет. Әсіресе жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы, – деді партия төрағасы.
Өз кезегінде Қазақстанның «BAYTAQ» жасылдар партиясы Төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаев экологиялық тәрбие мен қоғамдық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды.
– Экологиялық мәдениет отбасынан, балабақшадан және білім беру ұйымдарынан басталады. Сондықтан жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі кеңес тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларды талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды, – деді ол.
Іс-шара барысында Алматы қаласы мен еліміздің табиғатын қорғауға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі ерекше аталып өтті. Марапатталғандардың қатарында экологтар, білім беру саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобаларды жүзеге асырып жүрген мамандар болды.


Кеңестің екінші бөлімінде мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептерде және колледждерде жүзеге асырылып жатқан экологиялық тәрбие беру жұмыстары таныстырылды. Қатысушылар экологиялық білім берудің тиімді тәжірибелерімен бөлісіп, «Жаһандық құзыреттілік» вариативтік курсы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар, экологиялық кеңес барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар пікір алмасты. Экологиялық білім беру, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, жасыл технологияларды енгізу және жастардың табиғатқа жауапкершілігін арттыру бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.
Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының нәтижелері де атап өтілді. Бүгінде бұл бастама қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтарды қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына кеңінен тартуға ықпал етіп келеді.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған экологиялық кеңес қоғам өкілдерін ортақ мақсатқа – табиғатты сақтау мен экологиялық қауіпсіз болашақты қалыптастыру ісіне жұмылдырған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы баспасөз аймағы ұйымдастырылып, негізгі спикерлерден сұхбат алу мүмкіндігі қарастырылды.

Өз тілшіміз