Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің студенттері үшін маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Партияның Жол картасына енгізілген жаңа жатақхана бүгінде жастардың тұрмыс сапасын жақсартып, алаңсыз білім алуына жағдай жасап отыр.
Бүгінде Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінде 1500-ге жуық студент 5 мамандық және 7 біліктілік бойынша білім алады. Бұған дейін 400-ге жуық студент колледждің ескі жатақханасында тұрған. Ал «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған жаңа 200 орындық ғимарат білім алушыларды жайлы әрі қауіпсіз ортада орналастыруға қосымша мүмкіндік жасады.
Бес қабатты ғимаратта студенттердің тұрмысы мен оқуына қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Мұнда 2 және 3 орынды бөлмелер, ортақ ас бөлмелер мен жуынатын орындар бар. Студенттердің сабаққа дайындалуы үшін 8 оқу залы жабдықталған, олардың төртеуіне теледидар қойылған.






«Біз үшін ең маңыздысы – студенттің қауіпсіз, жылы әрі жайлы жерде тұруы. Жаңа жатақханада соның бәрі ескерілген. Мұнда спорт залы бар, жаттығуға арналған құралдар қойылған. Студент сабақтан кейін бос уақытын тиімді өткізе алады. Айта кету керек, AMANAT партиясының қолдауымен жатақхана ішінде арнайы жаттығу аймағы жасалып, қажетті құрылғылармен қамтылды. Бұдан бөлек, колледждің өзінде де үлкен мәселе шешілді. Бұрын дизельмен жылытылатын қазандық табиғи газға ауыстырылды» – деді колледж директоры Алмас Жылқыбаев.
Табиғи газға қосылу оқу орнындағы жылу жүйесінің тұрақтылығын арттырды. Жатақханада қауіпсіздік пен жанға жайлы жағдайдың бәрі жасалған: бейнебақылау, өрт қауіпсіздігі құрылғылары, жоғары жылдамдықты интернет, кір жуу және үтіктеу бөлмелері, медициналық кабинет қарастырылған. Бірінші қабатта ерекше қажеттілігі бар студенттерге қолайлы орта жасалған.
«AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Бағдат Рахимовтың айтуынша, бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасындағы нақты міндеттердің бірі болған. Сондықтан құрылыс барысы басталған күннен бастап партиялық бақылау аясында тұрақты қадағаланды.
«Бұл жобаны басынан бастап партиялық бақылауда ұстадық. Себебі сайлауалды бағдарламаға енген әрбір нысан уақытында әрі сапалы аяқталуы керек. Бүгінде 200 орынды жаңа жатақхана толық жұмыс істеп тұр. Бұл колледжге Еңбекшіқазақ ауданынан ғана емес, облыстың барлық ауданынан, тіпті өзге өңірлерден де студенттер келеді. Сондықтан мұндай жатақхананың қажеттілігі өте жоғары. Ескі 400 орынды жатақхана да жұмысын жалғастырады. Ендігі мақсат – соған күрделі жөндеу жүргізіп, студенттерге жасалған жағдайды одан әрі жақсарту. Біз осыған кезең-кезеңімен қол жеткіземіз. Партиялық бақылаудың мәні де осында – уәде берілген нысанның сапалы аяқталып, халыққа нақты пайда әкелуін қадағалау» – деді Бағдат Рахимов.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты жұмыс екенін көрсетеді. Жатақхана ауылдан келіп оқитын жастар үшін пәтер іздеу, жол шығыны, тұрмыс жағдайы және қауіпсіздік мәселесін азайтады. Ал ата-аналар үшін баласының қолайлы ортада тұрып, білім алып жатқанына сенім береді.
