Перейти к содержимому
Главная страница » Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар Түрген филиалында жалғасты

Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар Түрген филиалында жалғасты

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар Түрген филиалының Кузнецов шатқалында жалғасын тапты. Бағдарлама аясында табиғатты қорғау, ғылыми мұраны дәріптеу және экологиялық ағартушылық бағытындағы маңызды нысандар таныстырылды. Атап айтқанда, академик Аймақ Жанғалиевтің ғылыми мұрасына арналған мемориалдық-ақпараттық орталық ашылды.

Академик Аймақ Жанғалиев Қазақстандағы жабайы жеміс ормандарын, оның ішінде Сиверс алмасын зерттеуге зор үлес қосқан ғалым ретінде белгілі. Жаңа орталық ғалымның ғылыми еңбегін насихаттауға, жас ұрпақтың табиғатқа қызығушылығын арттыруға және ұлттық парктің ғылыми-ағартушылық қызметін дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Кузнецов шатқалында Сиверс алмасының ғылыми-танымдық соқпағы пайдалануға берілді. Сиверс алмасы мәдени алма сорттарының әлемге танылған арғы тегі болып саналады және Іле Алатауының бірегей табиғи мұрасының маңызды бөлігі болып табылады.

Жаңа соқпақ келушілерге Сиверс алмасының табиғи таралу аумағымен, оның экологиялық және ғылыми маңызымен танысуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт экологиялық білім беруді дамытуға, табиғи мұраны сақтауға және жауапты туризм мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Соңғы 30 жыл ішінде Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Парк аумағында экологиялық туризм қарқынды дамып келеді. Ұлттық парк аумағында 47 туристік маршрут абаттандырылып, 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Келушілер саны да соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді.

Аталған жұмыстар ұлттық паркте табиғатты қорғау мен экотуризмді тұрақты дамыту арасындағы теңгерімді сақтауға, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және табиғи кешендерге түсетін жүктемені реттеуге бағытталған.

Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар табиғатты қорғау саласындағы тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның тау экожүйелерін сақтау жөніндегі бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Метки: