Перейти к содержимому
Главная страница » Иппотерапия игілігі

Иппотерапия игілігі

Талғар ауданының ерекше балалары үшін қуаныш пен шабытқа толы кездесу болды. Олар табиғат аясында атқа мініп серуендеп, таза ауаның жан жадыратар әсерін сезінді. Ән шырқап, би билеп, өздерінің шығармашылық қабілетін танытуға мүмкіндік алды. «Байсерке-Агро» шаруашылығының «Қобыланды» ипподромында өткен бұл игі шараны «Аяулы халық» қоры ұйымдастырды.

Балалардың қуанышына ортақ­тасқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Асыл Ваисов соңғы кездері жұмыспен қамту орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау, оларды оңалту, бейімдеу және қоғамға әлеуметтендіру бойынша көптеген мемлекеттік бағдарламаны іске асырып жатқанын атап өтті.
– «Аяулы халық» қоғамдық бір­лестігі Талғар ауданындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға иппо­терапиялық көмек көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін ұйым 200-ден астам баланы қамтып, олардың оңалту курсынан өтуіне, денсау­лығын нығайтуға, дене және эмо­циялық қабілеттерін дамытуға, ең бастысы, өз күшіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік жасап келеді. Әрбір бала қоғамның қамқорлығы мен қолдауына лайық. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың арқасында ерекше балаларға көрсе­тілетін қолдау жыл сайын артып келеді. Соның бір дәлелі – «Ақжол-М» оңалту орталығы. Бүгінде бұл мекеме 180-ге жуық балаға қамқорлық көрсетіп, олар­дың денсаулығын жақсартуға және қоғамға бейімделуіне бағытталған арнайы оңалту қызметтерін ұсынады. Орталықтың жұмысына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ерекше балалардың сапалы ем-дом мен оңалту қызметтерін алуына жағдай жасалуда, – деді Асыл Нұрәліұлы.
«Аяулы халық» қорының басшы­сы Арлан Әубәкіров балаларды сауық­тырудағы қордың жұмысы жайында қысқаша айтып өтті.
– Иппотерапия – әлемдік оңалту тәжірибесінде кеңінен қолданылатын тиімді әдістердің бірі. Әсіресе сал ауруына шалдыққан балаларды оңал­туда маңызы зор. Бұл әдіс қозғалыс белсенділігін арттырып, бұлшық еттер­дің жұмысын жақсартуға, тепе-теңдікті сақтауға және қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға көмектеседі. Иппотерапияның негізгі әсері – баланың қозғалыс рефлекстерін ынталандырып, жүйке-бұлшық ет жүйесінің қалыпты жұмысын дамытуға ықпал етуінде, – деді ол.
Шара барысында Елена Хегай, Тоғжан Парпиева, Жанат Қауынбаева сынды ата-аналар «Аяулы халық» қорының директоры мен басқа да әлеуметтік сала қызметкерлеріне, сондай-ақ осы мерекенің ұйым­дас­тырылуына себепші – иппо­терапиямен емдеудің нақты нәтижесін көрген ерекше балаларға грамоталар табыс­тады.
Ең бастысы, ерекше балалар бұл күні өз бойларынан ешқандай кемшілік көрген жоқ. Барлығы қоғамның толық­қанды мүшесі, мемлекет өздерін әрқашан әлеуметтік тұрғыда қолдап, құқықтық тұрғыда қорғайтынын сезінді.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы