Кеген ауданындағы табиғаттың жауһары саналатын «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі мен құқықбұзушылықтың алдын алу және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі!» атты ауқымды экологиялық форум өтті.
Бұл игі шара тұрғындар, әсіресе, жастар арасында есірткі, құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру аясында туған жеріміздің табиғатын қорғау, қоршаған ортамызды таза ұстау және экологиялық мәдениетімізді сақтау мақсатында Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Форумға ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткіге байланысты қылмысқа қарсы күрес комитетінің екінші басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов, ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткіге байланысты қылмысқа қарсы күрес комитеті ІІД ІІБ-нің аға анықтаушысы Азамат Игенов, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, жастар ұйымдарының белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Елімізде есірткіге қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басты бағыттардың бірі – профилактика. Бұл бағытта көптеген дәріс, спорттық және түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Қазір балалар жазғы демалысқа шыққандықтан, олармен профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты бәріне ортақ. Сондықтан, жастарды тәртіп сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамыз. Бұл – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастама, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткіге байланысты қылмысқа қарсы күрес комитетінің екінші басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.
– Перзидентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Әділетті, әрі қауіпсіз Қазақстанды құру «Заң мен тәртіп» үстемдігін түбегейлі орнықтыру қажет. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік кепілі, – деген аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев заң талаптарын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға және туған жердің табиғатын қорғауға шақырды. Сондай-ақ, қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Форум – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, заңға құрмет пен жауапкершілік сезімін арттыру, сондай-ақ туған өлкенің табиғатын аялауға үндейтін экологиялық сананы дамытуға бағытталды. Жиын барысында қоғам дертіне айналған есірткіге қарсы күрес, құқықбұзушылықтың алдын алу туралы кеңінен сөз қозғалды.




Мамандар жастарға заң бұзушылықтың кез келген түрі жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді.
Шара соңы аудан көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Мұндай кездесулер жастардың заңға құрметін арттырып, сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Есірткі мен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатындағы «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі!» атты форумы жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы
