Перейти к содержимому
Главная страница » Өлке болашағы өрісті

Өлке болашағы өрісті

       Алматы облысы ­ – мен туып-өскен өлке. Сондықтан да бұл өңірдің биіктей беруі, жаңара-жақсара түсуі үшін бар күш-жігерін жұмсап жүрген перзенттің бірімін. Қандай кезеңдерді бастан кешірмесек те Алматы облысы республикамыздың экономикасы мен мәдениетін дамытуда алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны анық.

    Осыдан төрт жыл бұрын үлкен аймақ екіге бөлініп, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы аталғалы бұл жерге де рең кірді. Өйткені Алатаудың баурайындағы  аудандар  мен Балқаштың баурайындағы елдімекендер бірігіп, үлкен бір мегаполиске айналған. Осы орайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс орталығын ұлтымыздың біртуар тұлғасы ­ Қонаевтың есімімен атау жайлы шешімі баршамыздың көңілімізден шыққан болатын. Бұл осы өңірдің ғана емес, барша қазақ жұрты үшін үлкен абырой, рухани өрлеу болғандай еді. Міне, сондықтан да өлке тұрғындары, ел-жұртымыз Қонаев қаласын дамытуға бел шеше кіріскен.

    Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының үлкен көрегендігі ­­– Алматы мен Қонаев қаласының ортасында елімізде бұрын-соңды болмаған, әлемдік деңгейдегі заманауи Алатау қаласын салу жөніндегі ұсынысы көпшіліктің көкейіне қонды. Бірнеше жылдан бері Алматы мен Қонаевтың ортасында төрт серіктес қала салынатыны жайында естіп келеміз. 200-300 мың тұрғыны бар шағын қалалар салу жобасы жүзеге аса қоймайтындай сезілген. Көңілімізде: «Осы қалай болар екен?» ­ деген күдіктің жүргенін несіне жасырамыз. Осы орайда, Алатау қаласы әлемге әйгілі Гонконг, Шанхай, Сингапур  секілді аса дамыған, тұрпаты бөлек, болашақтың қаласы болатынына бүгінде илана бастағандаймыз. Оның жобасын, болашағын көріп қатты сүйсіндік. Ішінде тұрғындар үшін жайлы үйлері, саябақтары мен әлеуметтік ғимараттары, жоғары оқу орындары мен сауда орындары, елді жұмыспен қамтамасыз ететін өнеркәсібі мен ғылыми орталықтары бар, экономикасы дамыған, ғылым мен техниканың бүгінгі жетістіктерімен қаруландырылған қала  жүзеге асырылмақшы.

    Осындай алып қаланың болашағы қандай болар екен деген бір ой мазалаушы еді. Міне, Мемлекет басшысы осы сапарында көпшілікті алаңдатып жүрген сауалдарға нақты жауап беріп, көңілдегі күдікті сейілтті. Бүгінде нақты жоспар жасалынып, ол бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылдан бастап оған қажетті қаражат бөлініп, құрылыс қарқын алатын болады. Бұл қала біздің мемлекетіміздің бренді атанары анық.

    Президент облыс орталығы – Қонаев қаласының бүгіні мен болашағы турасында да өз ойларын ортаға салды. Тарихқа жүгінер болсақ,  ел астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде  ұлт зиялылары оның болашағы жайлы толғанғанын білеміз. Сол кездері Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов бастаған Алаш ардақтылары ақылдаса келіп, Қапшағайдан батысқа қарай 30 шақырымдай жерге «Қазақстан» деген жазуы бар тас орнатып, сол жерге теміржол тартып, еліміздің астанасын осында салу жайлы шешім қабылдаған екен. Яғни, олардың жобасы бойынша астана осы жерге қоныстануы керек болған.  Ал жасыл желегі жайқалып, мың сан бұлақтары буырқанған Алматыны демалыс аймағы ретінде сақтау жобаланған екен. Өкінішке орай, олардың барлығы нақақтан жабылған жаланың құрбаны болғаннан кейін бұл жоба аяқсыз қалған. Бүгінде Қонаев қаласының облыс орталығы атанып, құрылысы өркендеп, дамуы сол жобаның жалғасы десек болады. Табиғаттың тағы бір ғажабы ­– бұл жерде жылдың 4-5 күні ғана жайсыздық әкеліп, қалған 350 күні ашық болып тұрады екен. Демек, ауа райы тұрғындар үшін аса жайлы деуге болады. Ал Қапшағай көлі болашақта 2,5 млн тұрғыны бар Алматы үшін, ертең 1,5 млн адам мекендейтін Алатау мен Алматы облысының халқы үшін демалыс аймағына айналатыны сөзсіз. Сондықтанда Қонаевты әкімшілік орталықпен қатар туристік аймақ ретінде ойластыру әбден орынды.

    Жоғарыда айтқандай, Қонаев қаласы облыс орталығы ретінде сапалы шығыстық үлгідегі әдемі үйлермен, ғимараттармен көркемделе түспек. Бұл шаһардың болашақта Қазақстандағы сән-салтанаты жарасқан, мәдени, рухани, экономикалық орталыққа айналатынына сенемін.

    Біз сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының арнайы келіп, осындай тапсырмалар беруі облыс жұртшылығын жаңа биіктерге бағыттады. Әсіресе, Қонаев пен Алатау қалалары болашақта Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатыны анық.

Нағашыбек Қапалбекұлы

жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері