Бүгінгі таңда Қарасай ауданында 200-ден астам саяжай бар. Олардың құқықтық мәртебесін айқындап, елдімекен құрамына енгізу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта аудан көлеміндегі барлық ауылдық округке қарасты елдімекендердің бас жоспарын өзгертіп, оның шекарасына жақын маңдағы саяжайларды енгізу жөнінде облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасына тиісті өтінім берілген. Барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешілуде.
Әзірге көңіл қуантарлық бастаманың нәтижесі – Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылы аумағының өзгеруі. Атап айтқанда, қазіргі таңда облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының тапсырысы бойынша Жармұхамбет елдімекенінің бас жоспары әзірленіп, оған жақын орналасқан саяжайларды кіргізу арқылы түзетулер енгізілді.
Жармұхамбет ауылының шекарасы нақтыланып, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым саласын дамыту көзделді. Сонымен қатар қолданыстағы құрылыс нысандары мен болашақ даму перспективаларын ескере отырып, аумақты кешенді қалақұрылысы тұрғысынан дамыту жоспарланып отыр.
Бұл ретте тағы да аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің ресми дерегіне сүйенеміз. Белгілі болғандай, саяжай алқаптарын елдімекен құрамына енгізу жұмыстары жер пайдалануды ретке келтіру, аумақты қалақұрылысы құжаттарына сәйкестендіру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес елдімекенді одан әрі дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде Жармұхамбет ауылының бас жоспарына екі бау-бақша серіктестігінің кооперативі енгізілді. Атап айтқанда, олардың бірі 120 отбасы тұратын, 16,7 га жер көлемін қамтитын атауы жоқ саяжай болса, екіншісі – 5,717 га аумақта 50 тұрақты тұрғыны бар «Күншырақ» деп аталатын жеке массив.
Осылайша, Жармұхамбет ауылының бас жоспары бойынша жалпы аумағы 717,57 га құрап отыр, оның ішінде 187,88 га қолданыстағы болып саналады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы
