Перейти к содержимому
Главная страница » Шеберлікке бастар жол

Шеберлікке бастар жол

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды әрдайым білімді болумен бірге жұмысшы мамандықтарын меңгеруге үндеп келеді. Бұл тұрғыда Еуропада 80 жылдық тарихы бар беделді «WorldSkills» байқауының біздің еліміздің жастары үшін де қызықты,  шығармашылық әлеуетті ашуға ықпал ететін тұстары көп.

Осыған орай, Алматы экономикалық, Есік гуманитарлық-педагогикалық, Талғар агробизнес және менеджмент, Шамалған ауылындағы көпсалалы кәсіптік оқу, Талғар политехникалық, Шелек политехникалық, Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледждері мен «Alatau Hub» инновациялық орталығы базасында «WorldSkills Qonaev – 2026» аймақтық чемпионаты өтті.    

 М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде өткен мамандықтар сайысында студент-жастар үш күн бойы өз шеберліктері мен қабілеттерін көрсетті әрі тәжірибелерін іс жүзінде шыңдай түсті. Жиынға облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Кенжегүл Дүйсентаева, «Worldskills» коммерциялық емес акционерлік қоғамының осы қозғалысты дамыту бойынша  бас менеджері Сая Иманжүсіпова қатысты.   

 Іс-шара колледж студенттерінің «Білім – болашақтың кілті» атты қойылымымен басталып, үлкен экранда жұмысшы мамандықтары мен колледждердің жетістіктері туралы бейнеүзінді көрсетілді. Сайысқа қатысатын команда капитандары сахнаға көтеріліп, өздерін таныстырды.

Сая Ерденқызы   байқаудың жастардың кәсіби өсуі жолындағы маңыздылығын, «Worldskills»  мүмкіндіктер  алаңы екенін айта келе, студенттерге сәттілік және жарқын жеңістер тіледі. Кенжегүл Дүйсентаева да өзінің құттықтау сөзінде бұл сайыс үлкен қозғалыс екенін де тілге тиек кетті.                                                             

– Қазақстан бұл қозғалысқа 2015 жылы қосылды. Бүгінде оның құрамында 100-ге жуық команда бар. 2015 жылы республикалық чемпионатқа 4 мамандық бойынша 44 студент қатысса, бүгінде бұл көрсеткіш артып, 34 мамандық түрі бойынша 116 қатысушыға жетті. Оған қоса, байқау тек сайысқа түсіп қана қоймай, өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, болашақта сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік береді. «WorldSkills» чемпионатының негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жас қызметкерлерге қазіргі заманғы еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктілікке жетуге мүмкіндік беру. Өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары Толыбек Нұрсұлтан, Аруна Амангелді тек жеңіске жетіп қана қоймай, бүкіл Алматы облысының намысын қорғады.  Биыл қатысушылардың дайындығы өткен жылғыдан әлдеқайда жақсы. Олар өздерінің кәсіби шеберлігін жан-жақты көрсетеді деп ойлаймын, – деді білім басқармасының бас маманы.

Өз ісімнің маманы болсам, елім үшін ерінбей еңбек етсем деп алып-ұшып тұрған арманы асқақ жасөспірімдерді жұмыс беруші мекеме, компания өкілдері де құттықтап, барлығына сәттілік тіледі.

Үш күнге созылған «WorldSkills Qonaev – 2026» өңірлік кәсіби дағдылар чемпионатының жабылу рәсіміне облыстық білім басқармасының  басшысы Қайрат Жұманов арнайы келіп, 1, 2, 3-орындарды иеленген жүлдегерлерге 33 құзыреттілік бойынша  диплом, медаль мен естелік кәдесыйлар тапсырды. Жеңімпаздар республикалық чемпионатқа жолдама алды.

Жалпы алғанда, өңірлік сайыстың қорытындысы бойынша 17 алтын, 19 күміс және 15 қола медаль иегері анықталды. Ірі мекемелер мен компаниялардан 20 әлеуметтік серіктес келіп, оларға облыстық білім басқармасының атынан Алғыс хат табыстады.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы