Перейти к содержимому
Главная страница » Триллиондық жобалар: Алматы облысының экономикасы қалай өсіп жатыр?

Триллиондық жобалар: Алматы облысының экономикасы қалай өсіп жатыр?

Соңғы төрт жылда Алматы облысы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Өнеркәсіп, логистика, энергетика және агроөнеркәсіп салаларына ауқымды инвестициялар тартылып, аймақ біртіндеп Қазақстанның жаңа индустриялық хабына айналып келеді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022–2026 жылдар аралығында инвесторлармен жалпы құны 4,3 триллион теңгеге жуық 150 меморандумға қол қойылған.

Инвестициялық белсенділіктің артуын келісімдердің көлемінен де байқауға болады. Егер 2022 жылы қол қойылған инвестициялық келісімдердің жалпы сомасы 392 миллиард теңгені құраса, 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жеткен.

Өңірде инвестиция тартумен қатар оларды нақты жобаларға айналдыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Бүгінде Алматы облысында жалпы құны 402,2 миллиард теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде жаңа өндірістер ашылып, жүздеген жұмыс орны құрылды.

Сонымен бірге жалпы құны шамамен 2,1 триллион теңгені құрайтын тағы 72 инвестициялық жоба жүзеге асыру және пысықтау кезеңінде тұр.

Бұл жобалар бірнеше стратегиялық бағытты қамтиды:

  • өнеркәсіп және өңдеу секторында жоғары қосылған құны бар өндірістер ашу;
  • агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту;
  • логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру;
  • энергетика мен туризм салаларын дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру.

Облыс әкімдігі инвестиция тартудың басты мақсаты жаңа өндірістер ашу ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтеді.

Жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті кадрларды даярлауға және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты өңірде колледждер мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейтуге ерекше назар аударылуда.

Алматы облысында инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау және қоғамды ақпараттандыру бағытында жаңа құралдар енгізілуде.

Енді тұрғындар жобалардың жүзеге асу кезеңдерін, олардың инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесін және бюджетке түсіретін салық көлемін қадағалай алады.

Мамандардың айтуынша, мұндай ашықтық бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді арттырып, жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Alatau News