Перейти к содержимому
Главная страница » Түлектерге аттестат табысталды

Түлектерге аттестат табысталды

Райымбек ауданындағы орта білім ұяларынан биыл 346 түлек қанат қақты. Осыған орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында дәстүрлі мектеп бітіру кеші  ұйымдастырылып, «Сәт сапар, жас түлек!» атты аттестат табыстау шарасы өтті.

Салтанатты жиынға Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Самат Мүсірбаев, мектеп директорлары, ұстаздар және ата-аналар қатысты.

Түлектерге тілегін арнаған Дастан Сұлтанмұратұлы:

  • 2025-2026 оқу жылында ауданымызда 346 оқушы 11-сыныпты аяқтап, өмірдің жаңа сатысына қадам басқалы отыр. Оның ішінде 53 оқушы «Алтын белгі», 38 оқушы «Үздік аттестат» иегері. Алда сіздерді 11 жылғы білімдеріңізді сынайтын сәт – Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру кезеңі күтіп тұр. Осы сынақта білімдеріңізді дәлелдеп, жоғары оқу орындарына түсіп кетулеріңізге тілектеспін. Мен сіздердің болашақта жоғары білімді іскер азамат, білікті маман болып, ауданымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосатындарыңа сенемін! – дей келе, мектеп бітірушілерге салтанатты түрде аттестаттарын табыстады.

Шара  барысында оқушыларды 11 жыл білімге жетелеген сынып жетекшілері мен үмітін үкілеп отырған ата-аналар сөз сөйлеп, мектеп бітірушілерге өз тілектерін айтты.

Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ринат Шағанбаевтың айтуынша, биыл түлектердің басым бөлігі еліміздегі айтулы жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Оқушылар оқу жылын жоғары жетістіктермен аяқтап, халықаралық республикалық және аудандық олимпиадаларда топ жарған.

  • Барша түлегімізге ақ жол тілеймін! Алдағы өмірлерінде биік белестерді бағындырып, ел игілігіне қызмет ететін азаматтар болсын, – деді мектеп директоры.

Ал «Алтын белгі» иегері Ақниет Мұхаметкәрім бұл жетістікке үздіксіз еңбектің, табандылықтың және ұстаздарының қолдауының арқасында қол жеткізгенін айтты.

  • Ұстаздарыма және ата-анама үлкен алғысымды білдіремін. Сыныптастарыма сәттілік тілеймін! Әрқайсымыз армандаған оқу орнына түсіп, мақсатымызға жетейік, – деді жас түлек.

Салтанатты жиында мектеп бітірушілер алтын ұясы мен ұстаздарына арналған әндерін шырқап, алғыс сөздерін тебірене жеткізді. Біз де өз тарапымыздан «Ақ жол саған, жас түлек!» демекпіз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы